Мемлекет қайраткері Жұмабек Ташенев атындағы жүлделер табысталды
Тәуелсіз Қазақстанның дамуында мәдениет пен өнер, білім мен ғылым саласында Һәм қоғамда белсенділік танытып жүрген қайраткерлер және жылдың үздік айтыс және жазба ақындары мен жас қаламгерлері анықталды. Оларға халықымыздың қаһарман ұлы, Мемлекет қайраткері Жұмабек Ташенев атындағы жүлделер табысталды.

Жыл сайын шараны ұйымдастыратын белгілі айтыскер ақын, облыстық мәслихаттың депутаты – Айтпай Жұмағұлов. Арқадағы оннан астам жас ақынның тұңғыш кітабы Жұмабек Ташенев атындағы «Жылдың үздік ақыны» сыйлығының аясында жарық көрген еді.
Бүгінде Арқа жұрты асыға күтетін іс-шараның алғы сөзін облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов айтты.
– Жұмабек Ташенев өнегелі ғұмыры, ерлігі болашақ ұрпаққа керек. Сол себепті де халық қаһарманын барынша дәріптеу – аға толқынның алдындағы борыш. Мемлекет басшысы биік мінберлерде айтып жүрген «Адал азамат» ұстанымына осы Жұмабек атамыздың ұстанымы толықтай сәйкес келеді. Қаһарман атындағы сыйлық талай азаматты жақсылыққа шақыратынына, қанаттандыратынына кәміл сенемін, – деді Нұрлан Бикенов.
Жыл сайын Жұмабек Ташенев жүлдесін тағайындап, жас ақындардың жыр жинағын шығарып, ел құрметіне бөленіп жүрген Арқаның атымтай жомарты атанған Сапар Ибкеевке ұйымдастырушылар тарапынан алғыс айтылды.
Жұмабек Ташенев атындағы жүлдемен жас ұрпақтың бойына патриоттық тәрбие мен азаматтық мінез қалыптастырудағы көп жылғы еңбегі мен өңіріміздің руханиятының дамуына ерекше үлес қосқаны үшін Ғабит Тұяқов пен Төлеу Жанғалов және Еркебұлан Бескеев марапатталды.
Ғалым Нұрланов «Жылдың үздік қайраткері» атанды. «Жылдың үздік айтыскер ақыны» номинациясында Әлихан Сейфулланың мерейі үстем болды. Аталым жеңімпазына облыстық мәдени-сауық және халық шығармашылығының ғылыми-әдістемелік орталығы домбыра сыйлады.
Қазақ поэзиясының дамуына және еліміздің рухани кемелдену жолында ерекше үлес қосқаны үшін «Жылдың үздік ақыны» сыйлығы Мейрам Жұмабековке бұйырды. Жақан Әлімжан «Жылдың үздік қаламгері“ болды. «Ғылым мен білімге және ұрпақ тәрбиесіне сіңірген еңбегі үшін» номинациясымен Саржан Такиров марапатталады. “Оқу-ағарту және ұрпақ тәрбиесіне сіңірген еңбегі үшін» номинациясының жүлдесі Бекбай Смағұловқа берілді. Айдын Салбанов «Жылдың үздік мәдениет және өнер қайраткері» атанды.«Жылдың үздік тілшісі» – Нұрлыхан Қалқаманұлы, «Жылдың атымтай жомарты» – халыққа қайрымдылық жасауда, өңіріміздің рухани дамуына демеушілік жасап, қолдау көрсетіп жүрген кәсіпкер, меценат Бауыржан Мұсаханов және меценат Айдос Ахшонтаев, «Жылдың үздік белсендісі» – Меруеш Башай.
Шарада Батырхан Кәрібай есімді азамат жүлдегерлерге «Жұмабек және жер майданы» кітабын табыстады.
Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz



