Мектептерде стоматология кабинеттері ашылады
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев астаналық мектеп директорларымен кездесіп, 2025 жылы қазақстандық мектептерде кезең-кезеңімен стоматология кабинеттері ашылатынын мәлімдеді.
– Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен Балалардың денсаулығын нығайту жөніндегі бірлескен жоба аясында келесі жылдан бастап, ірі мектептерде кезең-кезеңімен стоматология кабинеттері жұмыс істей бастайды, – деді Ғани Бейсембаев.
Сондай-ақ тамақтану мәдениетін қалыптастыруға, санитария мен гигиенаны сақтауға, дұрыс тамақтануды насихаттауға ерекше назар аудару қажеттігіне тоқталды.
– Балаларымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – білім беру саласына қатысы бар әрбір жанның алдында тұрған міндет. Біз сауықтыру арқылы педагогикалық бағытқа баса назар аудара отырып, саламатты өмір салтын ұстануымыз керек.
Сапалы тамақтануды ұйымдастыру, балалардың білім алудағы нәтижелілігін арттыруға ықпал ететін оның ажырамас бөлігіне айналуы тиіс. Әрбір мүдделі тараптың, әсіресе, кәсіпкерлердің өз жауапкершілігін сезінуі маңызды. Тамақтану мәдениетін қалыптастыруға, санитарлық, гигиеналық талаптардың сақталуына, дұрыс тамақтануды насихаттауға көңіл бөлінуі керек. Денсаулық сақтау министрлігімен бірлескен жұмыс бұл мақсаттарды жүзеге асыруда негізгі рөлге ие, – деп атап өтті Оқу-ағарту министрі.
Қазіргі таңда қазақстандық мектептерде санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуына орай мектеп асханаларына мониторинг жүргізілуде. Осы орайда облыстық басқармалар мен аудандық білім бөлімдерінің жанынан 222 ведомствоаралық сараптамалық топ құрылды.
Айта кеткен жөн, өткен жылдан бері Мемлекет басшысының тапсырмасымен 1,7 миллион оқушыға тегін тамақ ұйымдастырылуда.
Сапалы тамақтануды ұйымдастыру мақсатында министрлік жеті нормативтік-құқықтық актіні қайта қарады. Өңірде өндірілетін отандық өнімдерді пайдалана отырып, мәзірді әзірлеуге қатысты норма енгізілген.
Сондай-ақ арнайы комиссиялар құрылып, олардың құрамына ата-аналар, қоғам қайраткерлері, мектеп әкімшілігі мен медицина қызметкерлері кірді.
Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz