Бас тақырыпБасты тақырыпЖаңалықтар

«Мектепке жол»: Имамдар балаларға қуаныш сыйлады

Қарағанды облысының мешіттері балаларды мектепке дайындауға атсалысуда. Дін өкілдері демеушілермен бірлесіп  оқу жылының басталуына орай азқамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан оқушыларға көмектесті. 

Қарағанды қалалық «Ар-Рахман» мешітінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Зекет және қайырымдылық қоры» бағыты аясында дәстүрлі «Мектепке жол – 2025» қайырымдылық науқаны жүзеге асты. Шараға мешіт имамы Азамат Төлеуханұлы жетекшілік етіп, жаңа оқу жылы қарсаңында әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасылардың балаларына сөмке, дәптер, қалам және өзге де оқу құралдарын табыстады.

–Қайырымдылық акциясының негізгі мақсаты – мектеп жасындағы балаларды оқу құралдарымен қамтамасыз ету арқылы олардың білімге деген ынтасын арттыру, сонымен қатар қоғамда әлеуметтік жауапкершілік пен ізгілікті насихаттау. Жергілікті жамағат пен демеушілердің қолдауымен жүзеге асқан бұл игі бастама қайырымдылық дәстүрін жандандырып, қоғамдағы мейірім мен бірлікті нығайтуға бағытталған қадам, – деді Азамат Төлеуханұлы.

Суреттер https://ihsan.kz

Қарағанды облысына қарасты Абай аудандық орталық мешітінде де «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы өтті. Ауданның бас имамы Асхат Қанайұлының мұрындық болуымен ұйымдастырылған игі бастама аясында әлеуметтік азқамтылған отбасылардың 40 баласына мектепке қажетті құрал-жабдықтар табысталды.

20 қыз және 20 ұл бала сөмке, дәптер, қалам, оқу құралдарымен қамтамасыз етілді. Іс-шара барысында балалардың қуанышы еселеніп, ата-аналар игі іске ұйытқы болған жомарт жандарға алғыстарын білдірді.

Сондай-ақ, Қарағанды қалалық «Бұқар жырау» мешітінің имамы Орманбет Болатұлының ұйымдастыруымен дәстүрлі «Мектепке жол» қайырымдылық акциясында10 бала мектепке қажетті толық жабдықтармен қамтылды. Балаларға сөмке, дәптер, қалам және өзге де оқу құралдары табысталды. Әлеуметтік тұрмысы төмен отбасылардың балаларына қолдау көрсетіп, жаңа оқу жылына дайындықтарына орай қуаныш сыйлаған мешіт ұжымы мен демеушілерге ата-аналар алғыс білдірді.

Қарағанды қалалық «Қазыбек би» мешітінің имамы Асылхан Нұртайұлы да жаңа оқу жылына дайындалып жатқан әлеуметтік азқамтылған және көпбалалы отбасылардың балаларына мектепке қажетті құрал-жабдықтар мен сөмкелер үлестірді. Бұл қайырымдылық акциясы балалардың қуанышын еселеп, ата-аналардың жүрегіне шаттық сыйлады. 

Абай ауданының Топар кентіндегі «Жұмабек Тәшен» мешітінде де әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан 12 балаға мектепке қажетті құрал-жабдықтар мен сөмкелер табысталды. Мешіт имамы Мурсали Қаленұлының ұйытқы болуымен өткен қайырымдылық шарасында имам балаларға  сәттілік тіледі. 

Аяулым СОВЕТ

Басқа материалдар

Back to top button