Мектеп театрының мерейі
Театр – балалардың эстетикалық талғамын, қиялын дамытады. №2 мектеп-интернатта «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын іске асыру мақсатында «Шабыт» жобасы бойынша балалар театрлары жұмысы ұйымдастырылған. Білім алушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, олардың жан-жақты дамуына мүмкіндік туғызу мақсатында білім ордасында «Браво» драма, «Силуэт» көлеңке, «Айналайын» жастықтар, «Ер Төстік» жасөспірімдер театрлары үйірмелері жұмыс істейді.

Театрлар үйірмелері – «Отбасы және мектеп: Диалогтан серіктестікке» атты әлеуметтік жобаның құрамдас бөлігі. «Браво» драма театры – білім ордасындағы классикалық әдеби туындылардың мазмұнын ашып, әдеби мұраны насихаттайтын үйірме. «Браво» драма театры мүшелері «Қазақстан халқы тілдері күні» онкүндігі аясында қазақтың ақыны, әдебиет зерттеуші ғалым, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері – Ахмет Байтұрсыновтың өмірі мен шығармашылығына арналған қойылым дайындады.
Білім алушылар сахнада сонау 1909 жылы Ахмет Байтұрсыновтың Қарқаралы уезінде жүріп, ағартушылықпен айналысқан кездеріне шолу жасады. Ұлт ұстазының образын 10 сынып оқушысы Ринат Сапаров сомдаса, сол кездегі ауыл жастарының бейнесін басқа білім алушылар көрсете білді.
Қарағанды қаласының тоқсан жылдық мерейтойында «Где-где? В Караганде!» театрландырылған сахналық қойылымы қойылды. Сүйікті қалаға деген ықыласын балалар әнмен әрлеп, бимен көмкерді. Қаланың тарихына үңілген жас таланттар кеңес дәуіріне дейінгі заманды бейнелейтін сюжеттер көрсетіп, аты аңызға айналған Аппақ Байжанов образын шебер сомдады. Қарағанды қаласының өткені мен бүгінгісіне кеңінен тоқталып, әр дәуірдің болмысын аша білді.
Білім ордасындағы «Браво» драма театрының негізін қалаушы және қойылып жатқан спектакльдердің басы-қасында толассыз еңбек еткен мектеп-интернатының драма үйірмесінің жетекшісі ардагер ұстаз Сәуле Нұрғалиқызының ерен еңбегін айтпай кетуге болмайды. Зейнеткер ұстаз тәжірибесін жас мамандарға жалықпай үйретіп, бүгінде білім ордасында үйірме жұмысы жалғасын тауып жатыр.
Мектеп-интернаттағы балалар ұнататын бөлім – көлеңке театры.
1500 жыл бұрын Азияда пайда болған визуалды өнер түрін шартты түрде көлеңке театры деп аталғаны болмаса, экранда ешқандай көлеңке болмайды, тек жарық түсірілген экранның арғы жағынан қуыршақтардың сұлбасы көрініп тұрады. Экран жұқалтаң болып келеді. Әдетте қуыршақтар түйенің, ешкінің жұқа терісінен, қағаздан, қатты немесе түрлі-түсті қағаздардан жасалады. Түрлі фигурадағы қуыршақтар бамбук, ағаш және металл таяқтармен қозғалатын болған. Сондай-ақ, көлеңке театрында тек қуыршақтар ғана қолданылмайды, актерлердің қолының қимылы арқылы жасалған түрлі фигуралар, тіпті, актердің өзі де көрінуі мүмкін.
Театр жұмысы ойын әрекетінің әртүрлі құралдары мен әдістерін қолдану арқылы тұлғаның әлеуметтенуіне және жалпы адамзаттық құндылықтар негізінде рухани-адамгершілік дамуына ықпал етеді.
Тірек-қимыл аппараты зақымданған балаларға арналған мектеп-интернатындағы көлеңке театры тәрбиешілер мен білім алушылар ұжымының күшімен ұйымдастырылған. Маңыздысы, көлеңке театрын ұйымдастыру үшін ең аз ресурстар: көлеңке, трафарет фигуралары, экран және жарқын жарық көзі қажет. Трафарет пішіндерін жасауға және құруға мектеп тәрбиеленушілерінің белсене қатысатынын атап өткіміз келеді. Жалпы алғанда, бұл – шығармашылық ойындар, сызбалар, ертегілер, шағын спектакльдер, театрландырылған импровизациялар және сахналау арқылы театр әдістерін дамытуға негізделген театр сабақтарының үдерісі. Пішіндер экранда сырғып, жанданып, әңгімелесіп, жанжалдасып, достасады. Пішіндердің қозғалысына қарауды балалар қатты ұнатады.
Көлеңке театры ерекше білім беруді қажет ететін балалардың мәселесін дұрыс, кедергісіз шешуге мүмкіндік береді: олардағы қарым-қатынас тапшылығын жояды, қоғамда шығармашылық өзін-өзі жүзеге асыруға және әлеуметтенуге мүмкіндік береді. Театр қызметі арқылы тәрбиеленушілер эстетикалық, коммуникативті, психофизикалық және басқа да маңызды дағдыларды қалыптастырады және дамытады. Баланың жеке басын қалыптастыруда театрдың рөлі зор. Театрда көрген, бастан кешкен оқиғалар балалардың ой-өрісін кеңейтеді, әңгімеге араласуын талап ететін орта жасайды, мұның бәрі шығармашылық тұлғаның дамуына, диалог жүргізіп, алған әсерін монолог арқылы жеткізе білуге ықпал етеді. Шығармашылықты, қиялды, ойлауды, есте сақтауды, сөйлеуді дамытуға әсер етеді, кеңістікте бағдарлау мүмкіндіктерін кеңейтуге және қолдың ұсақ моторикасын дамытуға көмектеседі. Сонымен қатар, көлеңке театры балалардағы қараңғылық қорқынышының алдын алады.
Театрдың тәрбиелік рөлін де атап өту маңызды. Қойылымдардың сюжеттік-бейнелі тұжырымдамасы арқылы балалар достық, адалдық, еңбек пен мейірімділік үлгілерін алады, бойларында туған жерге, оның салт-дәстүріне деген сүйіспеншіліктері артып, мінез-құлық, қызығушылық, сыртқы және ішкі әлемге дұрыс көзқарас қалыптасады.
Театр мүшелері «Шалқан» ертегісін, «Бәйтерек туралы аңыз», «Кішкентай қоян хикаялары» сияқты қойылымдарын ұсынды. Сонымен қатар, мерекелік концерттік бағдарламаларда әндерге көрсетілімдер әзірледі.
Білім мекемесінде бұл істі ұйымдастырып жүрген Елена Успенская және Евгения Горбунова секілді дарынды педагогтердің еңбегі ерекше.
Мектеп-интернатында ата-аналармен бірлесе отырып, үлкенді-кішілі қойылымдар жоспарлы түрде қойылады. Үйде оқитын балалармен ұйымдастырылған «Үйшік», «Үш Марғау» ертегілері өте тартымды, әсерлі өтті. «Жастықтар шеруі» атты мереке өткізіліп, балалар мен ата-аналар жұмысы көрмелерге қойылды. «Жастықтар театры» да өте көне мәдени мұра. Ол сонау 1917 жылдары Ресейде алғаш балаларға ермек үшін ұйымдастырыла бастаған екен. Бүгін де бұл балалар театры жұмысы жанданып, әркім баланың табиғатына қарай бағыттап пайдаланып жатыр. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін өте ыңғайлы және балалардың жан-жақты дамуына үлкен үлесін қосатын тәрбиелеудің әдісі деп білеміз. Бұл шығармашылық жұмысқа Гүлшария Бейсенбекова, Әсем Нұрымбаева сынды педагогтер басшылық етеді.
Мектептегі театр үйірмесін ұйымдастыру – бұл балалардың өздерін шығарма кейіпкерлері ретінде сезіну, түрлі рөлдерді бағындыра білудің ғажайып әлемі. Театр өнері баланың ерте жастан сөйлеу мәнерін жақсарту, көпшілік алдында өзін ұстай білу, жан-жақты дамуына ықпал етеді.
Эльмира АМАНДЫҚОВА,
№2 арнайы мектеп-интернат директоры