Білім

Мектеп құрылысы жанданды, дегенмен…

«Орта білім беру жүйесіндегі өткір проблеманың бірі – мектептердегі орын тапшылығы. 225 мың оқушыға орын жетіспейді. Шұғыл шара қабылдамасақ, 2025 жылға қарай орын тапшылығы 1 миллионға жетеді. Мен 2025 жылға дейін кемінде 800 мектеп салу туралы тапсырма берген болатынмын. Бүгін оның санын бір мыңға жеткізуді міндеттеймін», – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев.
Президент мектеп құрылысына мемлекеттік бюджетпен бірге, жеке секторды да тарту туралы айтты. Сонымен қатар, толық білім беретін ауыл мектептерінің оқушы санына қарай қаржыландыруға біртіндеп көшуі керек екенін атап өтті.
Бірінші қыркүйекте аймақтағы «Күнгей» шағынауданында 600 орындық жаңа мектеп ашылмақ. Оған қоса, аймақта биыл 35 ауылдық мектепті жаңғырту жоспарланған. Пәндік кабинеттер, жиһаздар жаңартылып, кітапханалар, асханалар және қауіпсіздік жүйелері күрделі және ағымдағы жөндеуден өтеді. Облыста 2025 жылға дейін 13 450 оқушыға арналған 21 мектеп салу жоспарлануда.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Президенттің мегажобасы

Қарағанды облысы бойынша «Жайлы мектептің» ұлттық жобасы аясында 2026 жылға дейін 12 500 оқушыға 18 мектеп салып, пайдалануға беру жоспарланған. Қаржыландырудың жалпы көлемі 87,4 млрд. теңгені құрайды. Өткен жылы 17,6 млрд. теңгеге 7100 оқушыға арналған 10 нысанның құрылысы басталды.

– 1 қыркүйекте 10 мектептен 6 мектеп пайдалануға беріледі. Облыс әкімі білім беру процесін ұйымдастыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітті. Бүгінгі таңда осы мектептер бойынша директордың міндетін атқарушы анықталды.
Жалпы, жайлы мектептердің жабдықтары мен құрылыс материалдары жоғары талаптарға сәйкес таңдалып алынған. Президенттің мегажобасын сапалы іске асыруда спорт залдардың саны басқа мектептерден әлдеқайда артық, – деп атап өтті облыстың білім басқармасының басшысы Гүлбақыт Жүнісова.

Мектептердің дизайны да ерекше, тіпті, бастауыш пен ересек сыныптардың бөлек блоктарда оқуы секілді мәселелер де жіті қарастырылған. Шалғайдағы ауылдардың өзінде жайлы мектептердің бой көтеретіні балалар үшін үлкен олжа болғалы тұр.

– Облыста 18 жайлы мектеп салынады. Әкімдіктің айтуынша, инженерлік инфрақұрылымы бойынша барлық мәселелері шешілген. 10 мектепті жылдың соңында пайдалануға береміз деген жоспар бар. Біз аралаған нысандар арасында Шет, Бұқар жырау аудандары бойынша жұмыс қарқынды жүріп жатыр, – деп атап өтті Асхат Аймағамбетов.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасын орындау Ұлттық қор қаражаты есебінен жүзеге асырылып жатқандықтан бұл жоба үш ауысымдық және апаттық мектептерді жоюға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда қалалық №101 мектеп-лицейінің үш ауысымда жұмыс істеп тұрғаны белгілі. Үш ауысымды жою мақсатында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында «Гүлдер» шағын ауданында 300 оқушыға арналған мектеп те пайдалануға беріледі. Мектептегі спорт ғимараты заманауи талаптарға сай жасалуда.

Жоғарыда атап өткендей, дене шынықтыру сабағын бір уақытта бірнеше сыныпқа өткізбес үшін жобалық қуатына қарай спорт залдары ашылады. Оқушыларды мектепке апаратын жаяу жүргіншілер жолы да қатаң бақылауда болмақ. Автобустар тоқтайтын аялдамаларды дайындап, мектепке апаратын жолдарға жарық беріледі.

«Гүлдер» шағынауданындағы мектеппен қатар өңірде қазіргі таңда апатты жағдайда үш мектеп жұмыс істеп тұрғаны белгілі. Олардың орнына Қарқаралы ауданының Талды ауылында 200 орындық және Бұқар жырау ауданының Новостройка ауылында 150 орындық мектептің құрылысы жүруде.

Облыстық білім басқармасы мамандарының айтуынша, жыл сайын аталған мектептерді қоса алғанда педагогке қажеттілік шамамен 500-600 бірлікті құрайды. Мамандармен қамтамасыз ету көрсеткіші 80-85 пайыз болғандықтан, қалған сағаттар педагогтерге және зейнеткерлерге таратылады. Өңірдегі оқушыға білім беретін маманға тапшылық мәселесі «Жайлы мектептердің» пайдалануға берілуімен шешілмек.

– Қазіргі таңда білім ошақтарының құрылыс жұмыстары кес­теге сай жүруде. Мерзімі мен сапасы ерекше бақылауда. Жаңа мектептер жеті түрлі талапқа сай 300, 600, 900, 1200, 1500, 2000 және 2500 орындық болып, ауылда, қалада да жаңа бірыңғай стандарт негізінде. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары мектепте бөлек блоктарда оқиды. Әр блокта оқу кабинеттері, дәретханалар, спорт залдары бар. Балалар үшін бейнебақылау, дыбыстық хабарлау және басқа да күшейтілген қауіпсіздік шараларын орнату көзделіп отыр. Заман талабына сай толықтай жабдықталады, – дейді облыстың құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Абылай Смағұлов.

Өңірде мектептер құрылысының ауқымды жүріп жатқаны қала тұрғындарының да бақылауында. Білім ошақтарының басым бөлігі облыс орталығында орналасқандықтан шағынаудандарға да жіті көңіл бөлінген. Мәселен, Балқаш қаласында бой көтеретін мектептің құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталуға жақын. Қазіргі таңда білім ошағының құрылыс жұмыстарының 90 пайызы орындалған.

Шалғай ауылдағы мектептер шет қалмайды

Облыста мемлекеттік жалпы білім беретін мектептер саны – 402. Оның ішінде, 231-і – ауылдық жерде орналасқан. Ал, жалпы оқушылар саны – 172 425 құрайды. Оның 40 753-і ауылдық мектептерде білім алуда. Ауылдық мектептердің 160-ы шағын жинақталған мектептер қатарында.

Осы орайда ауыл мектептерін дамыту мақсатында мектеп тәжірибесін жетілдіру, материалдық-техникалық базасын нығайту және мұғалімдердің шығармашылық әлеуетін арттыру арқылы «Ауыл мектебі» жобасы жүзеге асырылуда.

– Сапалы білімге қолжетім­ділікті қамтамасыз ету мақсатында 128 магниттік мектепті біріктіретін 32 негізгі мектеп құрылды. Олардың негізінде жақын маңдағы шағын жинақы мектептер білім беру ресурстары қысқа мерзімді сессиялық сабақтар мен оқушыларды аралық және қорытынды аттестаттау үшін біріктірілген, – дейді Гүлбақыт Жүнісова.

Ауыл мектептеріне қазіргі таңда әдістемелік және практикалық көмек көрсетілуде. Ғылыми-әдістемелік және практикалық бағыттағы жұмыстарды сапалы ұйымдастыру да көзделген. Білім ошақтарының кәсіби біліктілігін арттыруда облыстағы ауыл мектептері облыстық мамандандырылған мектеп-интернаттарына бекітілген.

Жабылған мектептер алаңдатады

Білім басқармасы басшысының айтуынша, ауылдық мектеп­терде оқушылар санының аз болуына байланысты жабу, қайта құ­ру жұмыстары жоспарлануда. Мәселен, Ақтоғай, Бұқар жырау, Нұра, Шет аудандарында орналасқан 9 шағын жинақты бастауыш мектептің жабылуы және 7 мектепті қайта құру жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде 3 жалпы білім беретін мектепті негізгі орта мектепке айналдыру жоспарланған. Осы мектептердің 32 оқушысы үшін жақын маңдағы мектептерге тасымалдау және 13 оқушыны интернатқа орналастыру қарастырылмақ.

Бүгінде Қарағанды облысы бойынша барлығы 402 мектеп жұмыс істеп тұр. Оның ішінде қазақ тілді мектептер – 165, орыс тілді мектептер саны – 77. Аралас тілді мектептер – 160-ты құрап отыр.

Облыс үшін жағымды жаңалықтың бірі – соңғы үш жылда 5 мектептің ашылуы. Оның төртеуі Қарағанды, Теміртау қалалары мен Ақтоғай, Қарқаралы ауданында ашылды. Сонымен қатар, аралас тілде оқытатын 4 мектеп қазақ тіліне көшті.

Бүгінде аралас тілде оқытатын мектептерде қазақ тілінде оқытатын сыныптар саны 13-ке, оқушылар саны 738 балаға өсіп, 39 408 адамды құрады.

Жалпы аймақта оқушылар саны –170 528. Оның 81 565-сі қазақ тілінде, 88 963-і орыс тілінде білім алатындар. Алдағы уақытта жаңадан ашылған барлық мектептерде тек қазақ тілінде білім беріледі. Қажет болған жағдайда ғана аралас тілде оқытылмақ.

«Мектепке жол»

Дәстүрлі «Мектепке жол» рес­публикалық акциясы 1 тамызда өз жұмысын бастады. Көп балалы және әлеуметтік осал отбасылардан шыққан оқушыларға оқу жылына сәтті дайындалуға жәрдемдесуде. Акция 30 қыркүйекке дейін жалғасады.

Бекітілген өңірлік іс-шаралар жоспарына сәйкес облыс мектептерінде «Балаларға жақсылық жаса!», «Ауыл балаларына – мектепке сыйлықтар», «Отбасы отбасына көмектеседі: баланы мектепке жинаймыз!» қайырымдылық ақциялары өтуде.

Басқарма мамандарының айтуынша, акция барысында балаларға көмек көрсету бойынша түрлі іс-шаралар өткізу жоспарда. «Жұмыспен қамту», «Түнгі қаладағы балалар», «Қамқор» рейдтерін өткізу, мектеп тауарларын төмендетілген бағамен сату үшін кәсіпкерлермен бірлесе отырып, мектеп жәрмеңкелері ұйымдастырылуда.

Жаңа оқу жылы қарсаңында жалпыға бірдей білім беру қорының қаражаты есебінен әртүрлі санаттағы балаларға материалдық көмек көрсету толастамайды. Бұл көмек атаулы әлеуметтік көмек алатын балаларға, табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардан шыққан балаларға, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға көрсетіледі.

Сонымен қатар, қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасының балаларына көрсетіледі. Оларға көмек мектептің қамқоршылық кеңесінің шешімімен бөлінеді.

Қаражат мектеп формасын, аяқ киім және кеңсе тауарларын өз бетінше сатып алу үшін ата-­аналардың карточкалық шотына аударылады.

Биыл ақшалай көмек мөлшері – 43 407 теңге. Биыл қаржылық және материалдық көмек көрсету мемлекеттік қызмет болып табылады. Оны алу үшін мектептің кеңсесіне өтініш беріп және «Мем­лекеттік білім беру ұйымдарының білім алушылары мен тәрбиеленушілеріне қаржылық және материалдық көмек көрсету» қызметіне қойылатын талаптар тізбесіне сәйкес растайтын құжаттар ұсыну қажет.

Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button