Мектеп құрылысы басталды
Қарағандының «Күнгейінде» мектеп жоқ. Бала атаулы Республика даңғылын кесіп өтіп, Гапеев көшесіндегі №81 мектепке немесе Мұқанов көшесінің қарсы бетіндегі шағын аудандардағы білім ошақтарына баруға мәжбүр. Әсіресе, қыстың қысқа күндерінде қиын. Есейіп қалған баланың өзін арнайы адам бармаса, жанын шүберекке түйіп күтіп отыруға ата-ананың дәті жетпейтіні анық. Кісі аяғы қалың, көлік көп, бұралқы ит те маза бермей тұр.
Жақын уақытта «күнгейлік» балдырғандар бұл машақаттан құтылатын түрі бар. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев шағын аудан халқымен кездескенде келесі жылдың 1 қыркүйегінде жаңа мектептің ашылатыны мәлім болды.
«Күнгей» күн санап кеңейіп келеді. Халық саны артуда. Үй құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Тиісінше, әлеуметтік нысандарға деген сұраныс та өсуде. Билік бұл мақсатта кешенді жобаны жүзеге асыруда.
Жарқын мысалы – бүгінде ықшамауданда 600 орындық мектеп құрылысы басталды. Жоғарыда айтқанымыздай, 2024 жылдың Білім күнінде есігін айқара ашса, жүздеген ата-ананың көңілі орнына түсер еді. Таң бозынан балаларын қалаға тасудың әуресінен құтылады. Бұл оқушылар қауіпсіздігі үшін де маңызды. Тұрғындардың айтуынша, әкімдіктің қолға алған істері алдағы күнге деген сенімді нығайтады.
– Биліктің бізге құлақ асқанын көріп отырмыз. Көтерген мәселелеріміз шешіле бастады. Шағын ауданда жол болған жоқ, жауын-шашынды мезгілде жүре алмайтын едік. Қазір асфальт төселді. Электр желісі тартылды. Ал, мектеп құрылысының басталуы – шағын аудан халқы үшін үлкен қуаныш. Мұнда 15 мыңға жуық адам тұрады. Құдайға шүкір, балалар көп. Әкімдік тарапынан жасалып жатқан жұмысты көріп, келешекке сеніміміз артып келеді, – дейді шағын аудандағы белсенділердің бірі Ұлан Жұмабеков.
«Күнгейліктерді» толғандырған басқа да мәселелер шешімін табуда. Бастысы – шағын ауданның біраз бөлігіне асфальт төселді. Тұрғындар көктем мен күз сайын тобықтан жалдап жүретін батпақтан құтылды. Бұл жұмыстар биыл да жалғасады. Бірақ, жөнделетін көшелер тұрғындармен кеңесе отырып таңдалады.
Қоғамдық көлік де қатысты оң өзгеріс бар. Бұған дейін тұрғындар өтініші бойынша №16 бағыттағы автобустар жолға шыққан еді. Қазір бұл бағытқа үшінші автобус қосылып, қозғалыс схемасы өзгертілді.
Алайда, «Күнгейдің» шеткері көшелері елеусіз қалып келеді. Аймақ басшысы қала әкімі Мейрам Кожуховқа бұл олқылықты жоюды – жаңа бағыт ашуды тапсырды.
Әкіммен кездесуге келген бастамашыл топ өкілдері бірінші кезекте шешілуі тиіс мәселелер туралы сөз қозғады. Қазір көшелерді жарықтандыру мәселесі өткір тұр. Тұрғындар проблеманы өз сөздерінде атап өтті.
– Менің «Күнгейде» тұрып жатқаныма он жылдай болды. Мектеп құрылысы басталғанына ерекше қуанғандардың бірі менмін. Көптен бергі арманымыз, ұзақ уақыт бойы қозғап келе жатқан тақырыбымыз еді. Міне, ол арманымызға да жеттік. Билік біздің шағын ауданға назар аударды, тұрғындардың өтінішіне құлақ түрді. Ол үшін алғысымыз шексіз. Бірақ, әлі де көптеген проблема бар. Көшелерге жол салу керек, иесіз, бұралқы ит көп. Қараңғыда жүруге жүрегіміз дауаламайды. Мен көшелерге жарық шамдарын орнатуын сұраймын. Әкімдік бұл шаруада көмектеседі деп сенеміз, – дейді «Күнгей» тұрғыны Назгүл Терлікбаева.
Жергілікті билік бұл шаруаға қатысты ауқымды жоспар құруда. Биыл қала әкімдігі жарық бағандарын орнатуға кіріседі.
Келешекте шағын ауданда дене шынықтыру-сауықтыру кешені тұрғызылады. Бұл да тұрғындардың көптен күткен нысандарының бірі.
«Күнгейдің» қабырғасы әлі де кеңейе түсері даусыз. Халық саны мыңдап өседі. Жергілікті әкімдік сол халыққа жайлы жағдай жасауға күш салуда.
Нұрқанат ҚАНАПИЯ.