Жаңалықтар

Мектеп оқушыларына екпе салынады

11 қараша күні Қарағандыдағы Кәсіподақтар үйінде жалпы білім беретін мектеп оқушыларына вакцина салу жөнінде дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Аталған шараға облыс бойынша вакциналау жөнінде аймақтық азаматтық штаб төрағасы Нұрлан АУБАКИРОВ, «Детей ангела» қайырымдылық қорының төрағасы Александр Гиберт, №95 мектеп-гимназия директорының орынбасары, қоғам белсендісі Ирина НАЗЫРОВА және волонтерлер қатысты.

Жиында балаларға және басқа да тұлғаларға вакцина салынатыны жөнінде және жаңадан әкелінген вакцинаның ерекшеліктері туралы, сондай-ақ, штабтың атқарып жатқан жұмыстары айтылды.

– Өздеріңіз білетіндей, 12-18 жастағы балаларға және жүкті әйелдерге вакцина салынатыны айтылып жүр. Кеше Pfizer вакцинасының 370 мың дозасы әкелінді. Қазіргі таңда облыс бойынша вакциналау жүреді. Ал, 20 қарашадан кейін ревакцинация және аталған тұлғаларға екпе салу басталады. Азаматтық штаб өте белсенді жұмыс жасап жатыр. Денсаулық сақтау өкілдері, педагогтер және волонтерлердің қатысуымен 2 брифинг өтті. Сонымен қатар, Теміртау қаласының студен кездестік, – деді азаматтық штаб төрағасы Н.Аубакиров.

Сондай-ақ, азаматтық штабтың алдағы жоспарларымен бөлісті.

– «Жол картасы» бағдарламасы бойынша Абай, Шахтинск, Саран қалаларында жұмысымызды жалғастырамыз. Алдағы уақытта үлкен кісілермен кезде суді жоспарлап отырмыз. Ревакцинация, әсіресе, 65 жастан асқан үлкен кісілерге салынғаны дұрыс. Біз барлығын бақылаймыз және мониторингтік топ құрамыз, – деді штаб төрағасы.

Сонымен қатар, балаларға вакцина салынуы кезінде барлық қауіпсіздік шаралары сақталатынын айтты.

– Аталмыш шараға бүкіл ата-ананың уайымдайтыны рас. Дегенмен, Қазақстанның болашағы үшін және олардың қауіпсіздігі үшін екпе салдырған дұрыс. Сондай-ақ, қауіпсіздік күшейтіледі, – деді спикер.

Жиын барысында мектептерде вакцина салуға арналған медпункттер ашылатыны хабарланды. Балалардың екпе алуы тікелей ата-ананың рұқсатымен жүзеге асады. Сонымен қатар, медициналық тексерістен өткен әрбір дені сау балаға вакцина салуға болатыны жөнінде айтылды.

– Барлық шара медициналық қызметкерлердің қатысуымен өтеді. Біз қоғам белсендісі ретінде вакцина жөнінде дұрыс көзқарас қалыптастыру үшін азаматтарға түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырамыз. Әлеуметтік желідегі жалған ақпараттарға сенбеу үшін, азаматтық штаб өкілдері тікелей сала мамандарымен жиын өткізеді. Ең басты байлық – денсаулыққа көңіл бөлген дұрыс, – деді қоғам белсендісі И.Назырова.

Ал, волонтерлер тұрғындарға екпе алу жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізетінін және олардың тарапынан мектептерде де осы шараларды өткізу жоспарланғанын айтты.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ. 

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button