Мектеп мәзірінің мәселесі не?
Мектептегі ыстық тамақ – өскелең ұрпақтың физикалық және психикалық денсаулығын қамтамасыз ететін факторлардың бірі екені сөзсіз. Бұл мәселе жіті назар аударуды қажет етеді. Бұл тұрғыда ата-аналар да белсенді атсалыса алады. Олар ведомствоаралық сараптамалық топ құрамына кіріп, мектептерде берілетін тамақтың қолжетімділігі мен сапасына қадағалау жасауға мүмкіндігі бар. Оның үлгісін арнайы ұйымдастырылған баспасөз туры аясында Абай атындағы мектеп-гимназиясында көрдік.
Мектеп асханасының жұмысы ерте басталады. Мұнда бірінші ауысымға, сосын екіншісіне тамақ дайындап үлгеру керек. «Кешегі қалғаны бар ғой» деген түсінік жүрмейді мұнда. Күнделікті жаңа мәзірге сәйкес, жаңа тағам жасалуы керек. Мәзірді білім басқармасы арнайы стандарттар негізінде бекітеді. Буға пісірілген тағамдар, ет және көкөністер – аймақтағы барлық мемлекеттік мектептердің стандартты мәзірі. Оқушылардың өсіп келе жатқан ағзаның қажеттіліктерін ескере отырып, арнайы жұмыс тобы әзірледі. Гарнирге картоп пюресі, қарақұмық, күріш, макарон дайындалады. Бір аптаға бекітілген мәзірде тауық, сиыр еті қосылған тағамдар, фрикаделькалар, котлеттер немесе балық болуы мүмкін. Негізгі шарт – майлы және жоғары калориялы тағам болмауы тиіс. Негізгі тағамдарға қосымша қайнатылған және жаңа піскен көкөністерден жасалған қарапайым салаттар беріледі.
Әр мектепте бракераждық комиссиялар бар. Олардың басты міндеті – пісірілген тағамдардың сапасын бақылау. Күн сайын олар таңғы ас пен түскі астан сынама алады, тек содан кейін ғана ол балаларға ұсынылады. Ақпараттық тақтадағы мәзір тізімінде ұсынылатын тағамдардың құрамын да, құнарлылығын да білуге болады.
Баланың күнделікті не жегенін Alaqan сканері арқылы ата-аналары біліп отырады. Сонымен қатар, мектептердің күнделікті мәзірі оқу орындарының сайттарында, Bilimal – «Электронды мектеп» электрондық платформасының арнайы бөлімдерінде және EduMark қосымшасында жарияланады. Ата-аналар мұнда өз пікірлері мен бағаларын қалдыра алады.
Мектеп-гимназия директоры Жадыра Баймолдинаның айтуынша, «Алақан мектеп» аппараттық кешені жобасы оқу жылының басында пилоттық режимде осы білім ордасына ғана қосылған.
– «Алақан» сканері арқылы балалар асханаға барғанын және тамақ ішкенін біліп отыруға болады. Сонымен қатар, «Алақан» жүйесінде баланың мектепке келген уақыты да көрсетіледі. Бұл деректер де қосымша арқылы ата-аналарға беріледі. Оның көмегімен балалардың кітапханаға барғаны да тіркеліп отырады. Яғни, сканер баланың мектепке келуін, асхана мен кітапханаға барғанын жазып отырады. Жоба гимназияда пилоттық режимде іске қосылған және «Алақан мектеп» аппараттық кешенінің құрамына кіреді, – деді Жадыра Баймолдина.
Ал, мектеп асханасының жұмысын, күнделікті тағам мәзірі мен оның сапасын ведомствоаралық сараптама тобы қадағалайды. Қарағанды қаласы білім бөлімінің бас маманы Ақыл Есенбекованың айтуынша, мұндай комиссияның облыс деңгейіндегі тобына 17 адам, қала бойынша сараптама тобы құрамына 13 адам кіреді. Олар – үкіметтік емес және қоғамдық ұйымдардың өкілдері, мәслихат депутаттары, мемлекеттік қызметкерлер мен ата-аналар.
– Комиссия айына екі рет мектептің тамақтандыру бөлімшесіне кесте бойынша мониторинг жүргізеді, сонымен қатар, осы екі тексеруден кейін отырыс өткізеді. Мұндай тексерулердің барлық материалдары департаменттер мен білім беру ұйымдарының сайтында жарияланады. Аталған тексерістердің алдын ала ескертусіз жүргізілетіні айта кету керек. Ведомствоаралық сараптама тобы тамақтандыру орнының санитарлық жағдайын, жабдықтардың жұмыс істеп немесе істемейтінін тексереді, тағамдардың тәуліктік сынамаларын алады. Тағамнан улану орын алған жағдайда сынама зертханаға жіберіледі. Сондықтан, әр әзірленген тағамнан сынама алынып, оны 48 сағат сақтау қажет, – дейді Ақыл Есенбекова.
Оның айтуынша, мектептерде, әдетте, бір ыстық тамақ беріледі. Яғни, бірінші ауысымда таңғы ас, екіншісінде түскі ас қана беріледі.
– Дегенмен, білім алушылар арасында әлеуметтік жағынан осал отбасынан шыққан балалар да бар екенін ескеріп, ас мәзірі бірінші немесе екінші ыстық тағамдарды кезектестіріп жасалады. Мысалы, дүйсенбі күні балалар ботқа жесе, келесі күні сорпа ішеді. Мектеп мәзіріне кірмейтін де тағамдар бар. Ащы тағамдарға, дәмдеуіштері бар тағамдарға, майонез немесе кетчуп қосылған салаттарға тыйым салынған. Сонымен қатар, құрамында бояғыштары мен қоспалары бар сусындар – газдалған сусындар, мұздатылған шай, түрлі жеміс-жидек дәмі бар минералды сулар да қолданылмайды.
Ата-аналардың тамақтандыруға қатысты бірқатар наразылығын да ведомствоаралық сараптама тобының мүшелері қарастырады. Мәселен, балаларға суып кеткен немесе дәмсіз тағамды беру жағдайлары кездесіп жатады екен. Бірақ, бұл мәселелер шешімін табуға болатын жайттар екенін алға тартады мамандар.
Бұл ретте әр мәселе жеке қаралады. Балалардың неліктен тамақтанып үлгермейтіндігі шағым түскен мектептерде тексерілген. Мамандар тарапынан мектеп әкімшіліктеріне ұсыныстар жасалды.
Бөлшек сауда және қоғамдық тамақтандыру қауымдастығының вице-президенті Марина Лаптеваның айтуынша, мектептердегі сыйымдылық мәселесі шешілген кезде ғана бұл шешімін табады.
– Балалар мектеп асхана қызметкерлерінің уақытының тығыз болғандығынан емес, бала санының көп болғандығынан тамақтанып үлгермейді. Мектептер жетіспейді. Үзілістерді 20 минут жасасақ, ата- аналар балаларының үйге кеш қайтатынына наразы болады. Барлық мектептер бір ауысымда болса, бәрі қалпына келеді, – дейді ол.
Оның айтуынша, мектеп асханасына қатысты шешілуі тиіс басқа да өзекті мәселе бар. Қарағанды облысында оқушыларды тамақтандыру үшін төленетін соманың көлемі ел бойынша ең азы.
– Қосымша құн салығынсыз бір балаға – 464 теңге бөлінеді. Мұндай сомаға тиісті сапаны қамтамасыз ету мүмкін емес. Қызмет көрсетуші кәсіпкерлер бұл мәселемен білім беру органдарына бірнеше рет жүгініп, өткен жылы ғана өсті. Бірақ біз білім басқармасымен тығыз жұмыс істеп жатырмыз және ортақ пікірге келеміз деп сенемін. Себебі, басқа аймақтарда бұл мәселе біртіндеп шешіліп жатыр. Бұл, сонымен қатар, аспазшылардың жұмыстан кету жағдайларын азайтады. Әлеуметтік желілердегі теріс жарияланымдардың салдарынан мектептердегі аспаз мамандығының беделі түсіп кетті. Біз білім басқармасымен бірлесіп, оқушылардың аспазшылар жұмысын көруге мүмкіндік беретін жоба ұйымдастырдық. Балалар мұның қандай еңбек екенін біліп, түсінуі тиіс, – дейді Марина Лаптева.
– Қазіргі уақытта бір оқушының тамақтануына ҚҚС-пен 520 теңге бекітілген, – деп атап өтті білім бөлімі маманы. – ҚҚС-сыз 464 теңге. Азықтүлікке облыстық бюджеттен барлығы 5,8 миллиард теңге бөлінді. Бұл өткен жылдармен салыстырғанда көп. Бұл ретте айтар негізгі мәселе, мектеп асханаларын жалға алушылар көрсетілген осы соманы жеткізе алмайды. Қазір бұл мәселе талқыланып жатыр, қаңтардан бастап тариф көтерілуі мүмкін. Себебі, инфляция мен тауарлар бағасы қымбаттап жатқанын бәріміз білеміз. Табысты жұмыс істеу үшін бұл сома 670-690 теңгеге жетуі керек.
Ведомствоаралық сараптама тобының мүшесі Айша Сүлейменова мектептерде берілетін тағам сапасына, дәміне ерекше назар аударатынын айтты. Оның оқушы төрт баласы бар, сондықтан, балаларының күнделікті дұрыс тамақтануы ол үшін маңызды екенін айтып отыр.
– Ведомствоаралық сараптама тобына мектепте ұйымдастырылған Ашық есік күнінен кейін мүше болдым. Біздің топ №102, 104 мектеп-гимназиялары мен №66 орта мектепті тексереді, балабақшаға да барамыз, – дейді ол.
Әдетте тамақтандыруға қатысты шағымдарды ата-аналар чаттарынан біліп отырады. Сосын білім бөлімі мамандарымен бірге тексерістерге шығады.
– Тексеріс барысында тамақтың порциясын, салмағын, ыстық немесе суық күйіне қараймыз. Суып қалған түскі ас тексеріс кезінде кездестірген жоқпыз. Оқушыларға дастарханды қай уақытта жайғанына байланысты. Себебі, балалардың уақытылы келуі де өте маңызды. Балалар 5-10 минут кешіксе, тамақ суып қалуы мүмкін. Бұл жерде адами фактордың әсері бар. Сондай-ақ, балалардың барлығы бірдей, ботқа, балық пен борщты жей бермеуі мүмкін. Ондай жағдайда тамағын алып келуге болады, – деп атап өтті ол.
Бүгінгі таңда білім басқармасы ұсынған дерек бойынша облыс көлемінде жалпы білім беретін мемлекеттік 393 орта мектеп бар. Оның ішінде, 360 мектепте ыстық тамақ ұйымдастырылған. Ал, 33 шағын жинақты мектепте тамақтану буфет және кейтеринг арқылы жүзеге асырылады. Жалпы, 73 913 мектеп оқушысы тегін тамақпен қамтылғанын атап өту керек. Оның 68 119-ы 1-4 сынып оқушылары, 5 794-і әлеуметтік осал отбасылардан шыққан 5-11 сынып оқушылары.
Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz