Мектеп мәзірінен мән кетсе…
Қазіргі таңда елімізде бастауыш сынып оқушылары тегін тамақтанады. Дегенмен, мектептердегі асхана сапасы, ас мәзірі, тағам құнары сын көтермейді. Денсаулық сақтау министрлігінің есебінше, елдегі 100 мың баланың 6 400-інде ас қорыту жүйесі бұзылған. Бұл мәселені «Ұлттық мектеп асханасы» бағдарламасы аясында шешу жоспарланып отыр.
Асхана мәзірі көңіл көншітпейді
«Ұлттық мектеп асханасы» әзірге пилоттық жоба ретінде еліміздің оңтүстік өңірлерінде қолға алынады. Кейіннен Қарағанды облысында жүзеге асады деп күтілуде. Қазіргі таңда аймақ мектептеріндегі оқушылар Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен мәзірмен тамақтанып жүр. Ата-аналар оқушылардың мектеп тамағына көңілі толмайтынын айтып жиі шағымданады. Бұл жайлы Тамыз кеңесінің отырысында Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанова да айтқан. «Бүгінде еліміздегі балалардың 27 пайызының күнделікті жеміс-жидек жеуге мүмкіндігі жоқ, 20 пайызының мектептегі тамақтануға көңілі толмайды, ал, тағы 20 пайызы дұрыс тамақтанбаудың зардабын шегіп отыр» деді ол.
Баланың мектепте тамақтануына ата-аналар назар аудармайды деуге келмейді. Мәселен, Эльмира есімді қала тұрғыны №39 мектеп-гимназиясында 4 сыныпта оқитын баласының тамағын қадағалайтынын айтады.
– Баламнан мектепте не ішіп, жегенін сұраймын. Көп жағдайда мектептен тамақ ішпесе, үйге қарны ашып келеді. Балықты, оның сорпасын ұнатпайды. Бейсенбі сайын сол берілсе, тамақты үйге келіп ішеді. Ол туралы мектеп ұжымына ескертілді, – дейді Эльмира.
Көп аналар мектепке ескерту жасалғаннан кейін ғана барып комиссия тексеретінін айтады. Ескертулерден соң асханадағы ас та түзеле бастайды екен.
Облыстық білім басқармасындағылардың айтуынша, қазіргі таңда облыста 1-4 сынып оқушылары, сондай-ақ, халықтың әлеуметтік әлсіз топтарының 5-11 сыныптарда оқитын оқушылары тегін тамақтанады. Жалпы, аймақта 75 000 астам бала тегін тамақпен қамтылып отыр.
Балалар неге балық жемейді?
Мектептерде балаларға бір реттік тамақтану нормасы жас ерекшелігіне орай белгіленеді. Мәселен, 6-10 жас аралығындағы бала бір күнде 33 грамм жеміс шырынын, 4 грамм кисель ішуі керек. Ал, 1 грамм ғана жұмыртқа жейді. Мектеп оқушыларының тағамында тұздың ұсынылған мөлшері күніне 5 грамм немесе 1 шай қасықтан аспауы тиіс. Апталық тағам түрлерінің тізімі жасалып, асхана қызметкерлерінің әрбір тағамды таразыға тартуы – міндетті.
– Өткен жылдың желтоқсан айында білім ошақтарын тексеріп жүріп, «балық сорпасы» мәселесіне кезіктік. Ішкісі келмейтін балалар болған, уақыт өте келе ұнатқандар саны көбейген. Балықты мәзірден алып тастай алмаймыз. Денсаулық сақтау ұйымының №320 бұйрығымен бекітілген. Оған қоса, балық бала ағзасына керек. Балықтан сорпа жасамай, буға пісіріп ұсынуға болады. Мәзірді солай өзгерту жағы мектепті тамақпен қамтитын кәсіпкермен келісіп шешіледі, – дейді облыстық мектепке дейінгі тәрбие және жалпы білім беру бөлімінің бас маманы Құндыз Мұхамеджан.
№45 гимназия мұғалімдерінің айтуынша, бастауыш сынып балаларының мектеп тамағына көңілі толады.
– Мысалы кешегі мәзірге жарма, көкөніс салаты, нан, компот берілді. Бүгін күріштен ботқа, балық котлеті, алма берілді. Балықты сорпамен емес, қарақұмықпен қосып дайындап береміз. Балалар тамсанып жейді, үлгермесе алып кетеді, – дейді 45 мектеп-гимназияның аспазшылары.
Көп жағдайда кейбір мектеп асханасын жалға алған кәсіпкерлер «мектеп асханасы мемлекеттік және жеке әріптестікке ұзақ мерзімге берілетіндіктен, бір жылға ғана жалға алу тиімсіз» екенін айтады. Өйткені, сол аралықта сатып алынған құрылғыларды да ақтап үлгермейді екен.
Ал, нутрициологтар балықтың артықшылығы етінің құрамында екенін біле отырып, балаларына мектепте балық етін жеуді міндеттейді. Теңіз балығында A, D, E дәрумендері мен кальций, йод, темір, магний, фосфор, селен, мырыш бар.
– Балық баланың ағзасын дәруменмен байытып, ағзаны жоғары сапалы ақуызға қанықтырады. Қан ұю қалыпқа келеді, холестерин төмендейді, көру қабілетін жақсартады. Тері, шаш, тырнақ, сүйек пен тістің жағдайын жақсартып, жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алуға және нығайтуға ықпал етеді, – дейді қарағандылық нутрициолог Айгүл Есенгелдіқызы.
Мектеп мәзірі қандай болуы керек?
Республика бойынша тегін тамақтану құны орта есеппен 577 теңгені құрайды. Жоғары сынып оқушыларының жауабына сүйенсек, асхана мәзіріндегі тағамдардан жиі алынатыны – пицца мен тәтті тоқаштар. Оған міндетті түрде сусындар қосылады.
– Сабақта тамақ ішпесек, әлсіз жүреміз, сосын сабаққа ден қоя алмайсың. Жеуге пицца аламын. Қазіргі таңда пиццаның бір бөлігі – 250 теңге, сусын – 250-300 теңге, тоқаштарды да осындай бағаларға аласың. Шамамен мектепте тамақтануға 500-1000 теңге жұмсаймын, – дейді №101 мектеп-лицейінің оқушысы Айзада.
Сауалнамаға салып көрсек, жоғары сынып оқушылары көбінесе фастфуд өнімдерін сырттан алып келіп жегенді ұнатады екен. Ал, Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 6-9 жас аралығындағы қазақстандық балалардың 20 пайыздан астамы артық салмақпен күрессе, шамамен 7 пайызы семіздікке шалдыққан. Соңғы екі онжылдықта балалар мен жасөспірімдер арасында семіздіктің айқын тенденциясы байқалған. Олар қант диабеті, гипертония, бауыр, бүйрек, ми аурулары сияқты созылмалы аурулары бар көптеген науқастардың қатарын толықтыруда.
Жалпы, ас мәзірін жасаудағы негізгі қағида қатарында 4-5 реттік тамақтану ұсынылады. Тамақ ішу аралықтары 2,5-3 сағатты құрауы тиіс. Ас мәзірі алуан түрлі болған сайын қандай да бір нутриенттер (дәрумендер, минералдық заттектер, пайдалы май қышқылдары, биологиялық белсенді заттектер) тапшылығының қаупі төмен дейді.
Талап бойынша күнделікті баланың рационында 5 негізгі топ өнімдері болуы қажет. Олар – жармалар, нан (қоңыр ұннан болғаны дұрыс), кейде макарон өнімдері. Сондай-ақ, көкөністер, жеміс-жидектерді, күніне кемінде 400 грамм тұтыну қажет. Ет, құс еті, балық, бұршақ тұқымдастар, жұмыртқа, жаңғақтар да қамтылуы тиіс. Сүт және ашытылған сүт өнімдерімен қатар өсімдік майының 1 ас қасығы да болуы – міндетті.
«Ұлттық саламатты тамақтану орталығы» президенті Алмаз Шарманның айтуынша, балалардың өсуі, дамуы және аурулардың алдын алу үшін дәрумендермен байытылған майы аз және тірі пробиотиктері бар сүт өнімдерін қосу қажет. Мектеп рационында көкөністер мен жемістердің болуы аса маңызды. Бұл жағдайда құрамында қант, тұз және қаныққан майлары бар, әсіресе өңделген тағамдарды тұтынуды мүмкіндігінше шектеп, құрамында қант бар сусындардан бас тарту қажет.
– Көбінесе мектептердегі балаларға қант қосылған сусындар беріледі. Олардың көпшілігінде қант коладағы мөлшерден кем емес. Мектеп асханаларында қант желе, компот және шайға артық мөлшерде қосылады. Айтпақшы, шай ішу анемияның даму қаупін арттырады. Бұл әсіресе, жасөспірім қыздарда көп кездеседі. Сондай-ақ, біз мектеп тағамдарына тұздың көп қосылатынын, оның мөлшері Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) ұсынған нормалардан бірнеше есе көп екенін байқадық. Тұздың көп мөлшері шұжық секілді өңделген тағамдарда көп кездеседі, – дейді Алмаз Шарман.
Ғалымдар бала тамақтануына аса мән берілуі тиіс екенін айтып дабыл қағуда. «Ұлттық мектеп асханасы» аясында Президент тапсырмасына орай балалар мәзірі қайта қаралмақ. Қоғам белсенділері мектеп асханаларындағы қазақтың ұлттық ас мәзіріне 50 ұлттық тағам енгізуді жоспарлауда. Ғасырлық дәстүрге ұласқан ежелден жеткен тәжірибенің нәтижесін күтеміз.
Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz