Ақадыр кентіндегі Ю.Гагарин атындағы мектеп-лицейі үздік 9 ауыл мектебінің қатарына енді
Биыл Шет ауданы Ақадыр кентіндегі Ю.Гагарин атындағы мектеп-лицейі биыл республика бойынша үздік 9 ауыл мектебінің қатарына енді. Сонымен қоса, 2024-2025 оқу жылының «Үздік ауыл мектебі» атағын иеленді. Мұндай мәртебе – жыл сайын республикалық пән олимпиадасында топ жарып, жоғары нәтиже көрсеткен мектеп-лицей оқушыларының жетістігіне беріліп келеді. Бұл – мектептің ғана емес, бүкіл облыстың ауыз толтырып айтар абырой-мақтанышы.

Ю.Гагарин мектебі 1977 жылы алғашқыда орыс мектебі ретінде пайдалануға берілген. 1992 жылы қазақ тілінде оқытатын сыныптар ашылып, аралас мектепке айналды. Ұрпаққа сапалы да пәрменді білім бергені үшін 2008 жылы мектеп-лицей дәрежесін алған. Білім ошағында жылда орта есеппен 1 100-ден астам оқушы білім алады.
Мектепте 8 магистр, жоғары педагогикалық білімі бар 108 мұғалім жұмыс істейді. Биыл 3 жас маман қабылданыпты. Мұнда жас та, тәжірибесі көп білікті мамандар да қызмет етеді.
Ұстаздары білікті болмаса, оқушылары қалайша білімді болмақ?! Бұл сөздер Ю.Гагарин мектебіне тән емес. Өйткені, педагогтердің сапалы құрамы ерекше. Мұнда кәсіби шеберлігі жоғары педагогтер еңбек етеді. 15 педагог-зерттеуші, 44 педагог-сарапшы, 45 педагог-модератор және 30 білікті педагог бар. Бұл – ұстаздардың бала оқыту ісіне жауапкершілікпен қарап, кәсіби дамуға ұмтылысының айқын көрінісі.
Білім ошағында жыл сайын орта есеппен 21 оқушы грант иеленеді екен.
2024-2025 оқу жылында ауыл мектептерінің оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша білім ордасының төрт оқушысы физика, математика пәндерінен жеңімпаз болса, екі оқушы география, математика пәндерінен ерекше жетістіктері үшін Құрмет грамоталарымен марапатталған.
Оқушылар екі жыл қатарынан жаратылыстану-математикалық бағытындағы республикалық пән олимпиадасында жүлделі орындарға ие болып келеді. Бұл – мектеп-лицей үшін зор мәртебе. Олимпиадада көрсеткен үздік нәтижелері үшін республика көлемінде «Ең үздік ауыл мектебі – 2024» атағына ие болған. Оқу-ағарту министрлігі биыл республика бойынша 9 үздік ауыл мектебінің қатарына енгізген.
– Ел бойынша үздік мектеп атанғанымыз үшін Шет ауданының білім бөлімінен 3D-принтері мен 9 интерактивті панель сыйға берілді. Бұл – біз үшін үлкен көмек, заманауи қалыпқа сай құрал болып отыр. Жаңа оқу жылында оқушыларымыз оны кеңінен пайдаланатын болады.
Сонымен бірге, мектебіміз реновация бағдарламасына енгізілді, алдағы уақытта кабинеттерге жаңа құрал-жабдықтар алынатын болады. Осы қамқорлық – ұстаздар мен оқушыларды жаңа жетістіктерге жетелейді деген үлкен сеніміміз бар, – деді мектеп-лицей директоры Гүлдария Түсіпова.
Дарынды балалар ауылда да жеткілікті. Тек олардың талантын танып, жігерін жану – мұғалімдерге жүктелер міндет. Олар оқушыларды олимпиадаға дайындауға бар күш-жігерін салады. Директордың бейіндік оқыту жөніндегі орынбасары Гүлнара Ақпарованың айтуынша, мектепте робот техникасы және 3D модельдеу бойынша курстар өткізіледі. Математика және физика пәні мұғалімдері заманауи оқыту әдістерін қолдана отырып, олимпиадаға дайындайды.
– Математикада оқушылардан формула жаттау, жылдам есептеу тәсілдерін меңгеру талап етіледі. «Зерделі» ақыл-ой дамыту орталығының педагогтері онлайн форматта біздің оқушылармен, пән мұғалімдерімен олимпиада есептерін тиімді жолмен шешу әдістерін көрсетеді. Оқушылар бос уақытында Bilim Land, Daryn Online платформаларынан тесттер, YouTube каналынан бейнесабақтар мен тапсырмалар арқылы білімін жетілдіріп отырады.
Ал, физика пәні олимпиадасының практикалық турына дайындық мектептегі физика кабинеті зертханасының мүмкіндігіне қарай ұйымдастырылады. Көрнекіліктер, заманауи құрал-жабдықтар жеткіліксіз болса да, балама құрал-жабдықтарды қолдану арқылы дайындаймыз. Әр оқушы өзі жасаған физикалық практикум нәтижесін оқушылар алдында қорғайды. Мектеп-лицейде ұйымдастырылған физика үйірмесі де оқушыларымыздың олимпиададан республикалық деңгейде нәтижеге жетуіне қомақты үлесін қосты, – дейді Гүлнара Сырымқызы.
Ю.Гагарин атындағы мектеп-лицейі – облыстағы жалғыз үздік ауыл мектебі. Оқушылардың ынтасына сүйсініп, мұғалімдердің кәсібилігіне тәнті болған жұрт бұл мектепке «Бәрекелді!» дері анық. Мектеп ұжымына жаңа оқу жылында да зор жетістікке жетуіне тілектеспіз.
Гүлнұр Серікжанқызы,
«Ortalyq Qazaqstan»