Бас тақырыпПрезидент тапсырмасын орындай отырып...

Мектеп директорын тағайындау: жаңа ереже жаңа талап

Білім және ғылым министрі Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ мектеп директорлары шексіз еңбек шартын жасап, бір орында ұзақ жылдап отыратынын айтқан болатын. Осыған байланысты Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшылары мен педагогтарын қызметке тағайындау, қызметтен босату ережелерін енгізді. Жаңа өзгерістерге байланысты енді мектеп директорлары 5 жылға ғана тағайындалады.

Бұрынғы бұйрық бойынша тағайындау мерзімі – 4 жыл болған. Бертін келе бұйрыққа өзгерістер енгізіліп – 5 жылға бекітті.

Білім беру ұйымдарының басшылары Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 21 ақпандағы №57 Мемлекеттік орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының басшыларын конкурстық орналастыру және мемлекеттік мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және қосымша білім беру ұйымының басшысы лауазымына конкурстық тағайындау қағидаларын бекіту туралы бұйрығы негізінде (21.05.2020 жылы енгізілген өзгерістермен) білім беру ұйымының басшысы лауазымына конкурстық тағайындау қорытындылары бойынша 5 жыл мерзімге тағайындалады. Қазіргі уақытта жоба қарастырылуда. Басшының 5 жыл уақыты өтсе, қайта сайлауға түсуіне, немесе басқа білім ошақтарына кандидатурасын ұсынуына болады. 2-3 жыл бұрын сайланған басшылар басқа себептер болмаса, мерзімі келгенше қызметін атқара береді, – дейді облыстық білім басқармасының педагог кадрлармен жұмыс және адами ресурстарды басқару бөлімінің басшысы Жанат Жумагельдина.

Жергілікті білім бөлімдері егер де білім беру ұйымдарының басшылық лауазымы бос болған жағдайда жаңа өзгеріске сәйкес 3 жұмыс күні ішінде конкурс өткізуі керек. Ал, конкурс өткізу туралы хабарландыру бос лауазым пайда болған күннен бастап, 15 жұмыс күнінен кешіктірілмей жариялануы шарт. Үміткерлер өтініш пен құжаттарын Мемлекеттік корпорация немесе министрлік канцеляриясы арқылы тапсырады. Ал, байқау бірнеше кезеңнен тұрады.

Кейбір ұстаздардың айтуынша, мектеп директорларының 5 жыл сайын ауысып отыруы да мектеп өміріне кері әсерін тигізбек. Себебі, директордың алдағы ұзақжылға дейін іске асырылуы тиіс жоспарлары, жобалары болатын көрінеді.

Әр басшының өзіндік жоспары бар. Бір-біріне ұқсамайды. Ал, бұл мектептің білім беру жүйесінің төмендеуіне әкеп соқтыруы әбден мүмкін. Және қарапайым мысал, бір жағынан басшының да ауыса бергені қиындау. Себебі, өзің үйреніп қалған адаммен жұмыс жасау оңай. Егер ауыса берсе, онымен танысып-білісіп, үйренісіп кетуіңе біраз уақыт кетеді, – дейді Мейрамгүл есімді ұстаз.

Ал, №93 гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Асылбек Сүлейменов таяқтың екі ұшы бар екендігін айтады. «Министр мұны не үшін істеп отыр деп ойлайсыз?! Қаншама жыл бір орында отырып, үйренісіп алған соң ойына келгенін істейтіндер жоқ емес. Сол себепті, біріншіден жемқорлықтың алдын алу үшін жасап отыр. Екінші жағынан, тәжірибе алмасу мақсатында. Әр мектептің жүйесі басқа. Кез келген басшы білімді дамытудың тетіктерін біледі. Сол білімі тек бір мектеппен шектеліп қалмай, басқа да білім ошақтарымен бөлісуі керек. Сонда ғана білім сапасы артады. Егер, басшы кәсіби маман болса, онда ол қай ортаға бармасын жұмысын дөңгелетіп алып кетеді» дейді.

Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button