Білім

«Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» қалай анықталады?

Еліміздің білім беру жүйесінде жаңа дәуір басталды. «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасы – уақытша бастама емес, Қазақстанның болашағына бағытталған стратегиялық бағдар. Президенттің тапсырмасымен қолға алынған бастама педагогтер мен басқарушылардың кәсіби әлеуетін арттыруға, жаңа буын көшбасшыларын қалыптастыруға, білім беруді жаңғыртуға жол ашады. «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасының қатысушысы ретінде жоба туралы аз-кем ой бөліспекпін.

Сурет автордан

Кадрлық резерв құру – әлемдік тәжірибеде кең қолданылатын тәсіл. Ол басқарушылық сабақтастықты қамтамасыз етіп қана қоймайды, сонымен қатар, кадр тапшылығын азайтады және стратегиялық міндеттерді орындайтын кәсіби мамандарды даярлауға мүмкіндік береді.

Жобаның басты идеясы – заманауи мектепті басқаруда жаңа көзқарас қалыптастыру. Қазіргі таңда білім беру ұйымдарының бәсекеге қабілетті болуы тек материалдық базаға немесе бағдарламаларға емес, ең алдымен, сол ұйымды басқаратын көшбасшыға байланысты. Жаңашыл ойы бар, команда құрып, өзгерістерді батыл жүзеге асыратын, заманауи технологияны меңгерген және ұстаздар мен оқушыларға сенім ұялата білетін басшы – мектеп табысының кепілі.

Жоба барысында арнайы «Өзгеріс көшбасшылары: заманауи мектепті басқаруға жаңаша көзқарас» атты курс бағдарламасы әзірленді. Ол үш деңгей бойынша ұйымдастырылды. Алғашқы базалық деңгейде көшбасшылықтың негіздері үйретіледі. Мұнда ХХІ ғасырдың білім беру трендтері, педагогтің көшбасшылық психологиясы, құндылыққа негізделген білім беру, мектепті өзгерістер жағдайында басқарудың алғашқы қадамдары секілді тың тақырыптар қамтылды. Ал ілгері деңгейде басқарушылық тәжірибе тереңдете оқытылса, кәсіби деңгей болашақ басшыға стратегиялық ойлау дағдыларын қалыптастыруға бағытталады. Бұл кезеңде ұйымды стратегиялық жоспарлау, қаржылық сауаттылық пен тәуекел-менеджмент, мектеп мәдениетін қалыптастыру және дамыту, тиімді коммуникация мен қоғаммен байланыс орнату оқытылады.
Бағдарламада теория мен тәжірибе үйлесіп, тыңдаушылар нақты кейстерді шешу арқылы көшбасшылықтың жаңа үлгісін игереді. Жобаға Қарағанды облысының педагогтері белсенді қатысты. Іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша қатысуға 106 үміткер тіркелген. Алғашқы тесттен 48-і өтті. Әрбір деңгейде қатысушылар саны азайып, шын мықтылар іріктелді. Кәсіби деңгейде – 12 үміткер, қала бойынша 5 үміткер келесі кезеңге өтті. Бұл – өңір ұстаздарының кәсіби әлеуетінің жоғары екенін дәлелдейтін айқын көрсеткіш.

Біз үшін алдағы маңызды кезең – әңгімелесу. Мұнда білімі мен көшбасшылық қасиетін шыңдаған қатысушылар үшін облыстың ғана емес, еліміздің білім беру жүйесінің беделін арттыру міндеті тұр. Барлық кезеңнен өтіп, жеңімпаз атанған қатысушыларға екі жылға жарамды сертификат беріледі. Содан соң мектептердегі директорлықтың бос лауазымына тағайындалады.

«Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» – еліміздің білім саласына жаңа серпін беретін ұлттық бастама. Бұл жоба ұстаз мәртебесін көтеріп қана қоймай, білім беру ұйымдарының беделін көтеруге, жаңа басқарушылық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған.

Кез келген елдің болашағы – білімді ұрпақ қолында. Ал оларды тәрбиелеу – нағыз көшбасшы ұстаздардың мақсат-міндеті. Бұл жоба – ұстаздарға сенім білдірудің және жаңа мүмкіндіктерге жол ашудың айқын көрінісі. Білім берудегі өзгерістің қозғаушы күші – осы мың көшбасшы болмақ.

Дана ӨМІРБАЕВА,
Мағжан Жұмабаев атындағы гимназия директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары
СУРЕТТЕ: Жобаның 2024 жылғы жеңімпаздары

Басқа материалдар

Back to top button