Бас тақырып

Мектеп асханасындағы ахуал нешік?

Мектеп оқушыларын сапалы әрі қауіпсіз ыстық тамақпен қамтамасыз ету – мемлекет назарындағы өзекті мәселелердің бірі. «Мектептерде бастауыш сынып оқушылары мен аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар мемлекет есебінен тегін ыстық тамақпен қамтылуы тиіс», – деген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бағыттағы жұмысты қатаң бақылауда ұстауды тапсырған. Осыған сәйкес өңірде оқушыларды ыстық тамақпен қамту жүйесін жетілдіруге бағытталған кешенді шаралар жүзеге асырылып келеді.

Суреттер ЖИ

Ыстық тағам ықыласты оятады

Білім басқармасының мәліметінше, өңір бойынша 390 мемлекеттік жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді. Бұл мектептерде 170 мыңнан астам оқушы білім алуда. Оқушыларды ыстық тамақпен қамту мәселесі жүйелі түрде ұйымдастырылып, әлеуметтік маңызы бар бағыттардың біріне айналды.

Қазіргі таңда 361 мектепте, яғни жалпы мектептердің 92,6 пайызында ыстық тамақ ұйымдастырылған. Нәтижесінде 168 мыңнан астам оқушы ыстық тамақпен қамтылып отыр. Оның ішінде 65 952 оқушы 1-4 сынып оқушылары, яғни бастауыш сыныптағы балалар. Бұл – баланың физиологиялық дамуы үшін аса маңызды кезеңде мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдау.

Сонымен қатар, ауылдық жерлердегі шағын жинақты мектептерде де тамақтану мәселесі назардан тыс қалмаған. Облыстағы 29 ауылдық шағын жинақты мектепте тамақтану әртүрлі форматта ұйымдастырылған. Атап айтқанда, 17 мектепте буфеттік тамақтану жүйесі енгізілген. Бұл мектептерде 640 оқушы, оның ішінде, 311 бастауыш сынып оқушысы қамтылған. Ал, 12 мектепте кейтеринг қызметі көрсетіліп, 753 оқушы, соның ішінде, 415 оқушы 1-4 сыныпта оқитын балалар ыстық тамақпен қамтамасыз етілуде.

– Мектеп оқушыларының әлеуметтік жағдайын ескере отырып, тегін тамақпен қамту шаралары да жүйелі жүргізілуде. Бүгінгі таңда облыс бойынша 71 551 оқушы тегін тамақтанады. Оның ішінде 66 678 оқушы 1-4 сынып оқушылары, ал 4 873 оқушы – әлеуметтік осал санаттағы отбасылардан шыққан 5-11 сынып оқушылары. Бұл санаттағы балалар «Жалпыға бірдей міндетті білім беру» қорының есебінен тегін ыстық тамақпен қамтылып отыр. Мектептегі тамақтандыру сапасын арттыру мақсатында 2025 жылғы қазан айынан бастап білім беру ұйымдарында тамақтандыру стандарты енгізіліп, бірыңғай типтік мәзір бекітілді. Бұл стандарт мектеп асханаларындағы тамақтың сапасын біріздендіруге және санитарлық талаптардың сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған, – деді Қарағанды облысы білім басқармасының мектепке дейінгі тәрбие және жалпы орта білім беру бөлімі басшысының міндетін атқарушы Құндыз Адамханқызы.

Маусымдық рацион сақтала ма?

Бірыңғай мәзірді әзірлеу барысында маусымдық ерекшеліктер, яғни жаз-күз және қыс-көктем кезеңдері, сондай-ақ, оқушылардың жас ерекшеліктері мен физиологиялық қажеттіліктері толық ескерілген. Сонымен қатар, балалардың тәуліктік ақуыз, май және көмірсу тұтыну нормалары назарға алынған.

Бұл мәселеге қатысты ата-ана пікірі мынадай:

– Баламыздың мектепте ыстық тамақпен қамтылып отырғаны – біз үшін өте маңызды. Үйден шыққаннан кейін күні бойы сабақта болатын балаға құнарлы әрі сапалы тағам қажет. Қазір мектеп асханасындағы тамақтың мәзірі де, сапасы да көңілге қонымды. Әсіресе бастауыш сынып оқушыларының тегін ыстық тамақпен қамтылуы – ата-аналар үшін үлкен қолдау. Тамақтану жүйесінің бақылауда болғаны сенім ұялатады, – дейді Қамқа Қуатқызы.

Ерекше атап өтерлігі – мәзірде ерекше диеталық қажеттіліктері бар балаларға арналған ұсынымдардың енгізілуі.

Бұл – аллергиясы бар немесе арнайы медициналық көрсеткіштері бар балалардың да қауіпсіз әрі сапалы тамақтануына мүмкіндік береді. Сонымен қатар, мектеп асханаларында пайдалануға тыйым салынған өнімдер толықтай алынып тасталған.

Қазіргі таңда бір реттік ыстық тамақтың құны оқушылардың жас ерекшелігіне қарай сараланып, қосымша құн салығын (ҚҚС) ескере отырып бекітілген. Атап айтқанда:

– 1-4 сынып оқушылары үшін – 731 теңге;
5-9 сынып оқушылары (әлеуметтік осал топ санаты) үшін – 827 теңге;
– 10-11 сынып оқушылары (әлеуметтік осал топ санаты) үшін – 892 теңге.
Бұл бағалар биылғы оқу жылының соңына дейін өзекті және қолданыстағы тамақтандыру стандартына сәйкес тамақтану нормаларын толық қамтамасыз етеді.

Облыс бойынша мектептерде тамақтандыру қызметтерін 143 жеке кәсіпкер көрсетіп отыр. Бұл салада бәсекелестік ортаның қалыптасуы қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік беруде.

Балалардың қауіпсіздігі мәселесі де ерекше назарда. Бүгінгі таңда өңірдегі 172 мектепте Қазақстан Республикасы Білім министрінің 2022 жылғы 30 наурыздағы №117 бұйрығының 77-тармағына сәйкес аппараттық-бағдарламалық кешендер орнатылған. Бұл кешендер білім беру саласындағы террористік тұрғыдан осал объектілерді қорғау жөніндегі талаптарға толық жауап береді.

«Әлеуметтік әмиянның әлеуеті»

Аталған мектептерде «Отан мектеп», «E-Асхана», «Nomad Ashana» кешенді аппараттық-бағдарламалық жүйелері орнатылып, олар «Әлеуметтік әмиян» ақпараттық жүйесімен интеграцияланған. Бұл жүйелер арқылы тамақтандыру процесінің ашықтығы қамтамасыз етіліп, ата-аналар мен тиісті органдар тарапынан бақылау жүргізу мүмкіндігі артты.

Ата-аналар үшін «Әлеуметтік әмиян» платформасының тағы бір маңызды артықшылығы – баланың мектептегі күнделікті ас мәзірін егжей-тегжейлі көру мүмкіндігі. Қосымшада әр күнге арналған тағам атаулары, көлемі, өнім құрамы және рационның энергетикалық құндылығы (калориясы) көрсетіледі. Ата-ана баласына ұсынылған ас мәзірінен ет, көкөніс, сүт өнімдерінің мөлшерін, қант пен май көлемін нақты бақылай алады.

Сонымен қатар, облыстағы 205 шағын жинақты мектепте «Бизнес әмиян» тегін мобильді қосымшасын енгізу жұмыстары жүргізілді. Бұл да – цифрлық шешімдерді білім беру саласына енгізудің нақты көрінісі.

Жалпы алғанда, өңірде мектептегі ыстық тамақты ұйымдастыру жүйесі кезең-кезеңімен жетілдіріліп келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар балалардың денсаулығын қорғау­ға, әлеуметтік теңдікті қамтамасыз етуге және білім беру сапасын арттыруға бағытталған. Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған бұл қолдау – болашақ ұрпақтың амандығына жасалған маңызды инвес­тиция.

Жамал Советқызы,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button