Жаңалықтар

Мейрам және мейірім

Ұстаз, ғалым Мейрам Жұмабеков – 50 жаста

Ұлы қаламгер Әбіш аға Кекілбаев: «Адам нәсілін жер бетінде баяндатып тұрған бірден-бір күш – мейірім мен рақым ғана», – деген екен. Ширек ғасырдан астам қоян-қолтық араласып, қызметтес болып келе жатқан Мейрам Кеңесұлы бауырым туралы ойлана қалсам, Әбіш ағаның осы сөздері есіме түседі. Мейірім сөзі Мейрам бауырыммен бірге туып, бірге жасасып келе жатқандай. Мейраммен сөйлесе қалсаңыз, сөзінің нүктесі рақметпен бітеді. Таусылмайтын шексіз рақмет… Адамдарға рақмет айтудан асқан бақыт жоқ шығар деп ойлаймын. Сондықтан да, Мейраммен сөйлесу, сырласу кез келген адамды жан шуағына бөлейді.

Қазақстан жоғары оқу орындарындағы тарихы тұрғысынан екінші университет біздің Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті екендігі белгілі. Ал, сол университеттегі журналистика мамандарын даярлайтын бөлімі де еліміздегі оқу орындары ішіндегі тарихы жағынан екінші орында тұрған мамандық ошағы. Отыз жылдан астам тарихы бар осы журналистика кафедрасын Мейрам Жұмабеков он бір жыл басқарды. Жас еді, алғыр еді… Журналистика кафедрасының жылнамасында Мейрам Кеңесұлының алғаусыз еңбегі, тынымсыз күндері уақыттың өшпес бедеріне айналды. Ең бастысы осы жылдар еншісінде «Журналистика» мамандығына қосымша «Қоғаммен байланыс» атты жаңа мамандық ашып, талай жастың білім жолында бағын жандыруы дер едік. Ал, университетте жаңа мамандықтың ашылуы тынымсыз еңбек пен маңдай тердің, таусылмайтын құжат-қағаздардың жұмысы екендігі айтпаса да белгілі.

Кеше ғана ағалап жүрген сол Мейрам бауырымыз биыл елу деген еңселі жастың табалдырғын аттағалы отыр. Жүйткіген уақыт-ай десеңізші! «Елу – ердің жасы» десек те, Мейрам әлі сол Арқаның самалындай аңқылдаған адами келбетінен айныған жоқ. Рахман нұрына толы рақыметі әлі сол қалпы.

1975 жылдың 28 сәуірінде Қарағанды қаласында дүниеге келген. Содан бері осы нән шаһардың шулы да, шуақты күндерін бастан өткеріп, ғұмыр кешіп келеді. Мейрам дүниеге келген жылы Қарағандының қала мәртебесін алғанына қырық жылдан сәл ғана асқан уақыт еді. Мейрам – қала баласы. Бірақ, табиғатында даланың кеңдігі мен мейірімі тұнып тұр. Ол кездің сұрқы бөлектеу еді. «Орысша оқымасаң», нан тауып жей алмайсың деген қағида әр отбасының ұстанымына айналған. Ондай ұстаным болмаған күннің өзінде қазақ мектебі жоқтың қасы.

Әкесі Кеңес пен анасы Майра – берекесі мен ынтымағы жарасқан нағыз қазақы отбасы. Кеңес Нарымбетұлы ағамыздың есімі республика жұртшылығына жақсы танымал. Театр-өнер саласының қайраткері, сахна саңылағы, Мемлекеттік сыйлық иегері, аузы дуалы өнер мен мәдениет алыптарының алғысына бөленіп, батасын алған кемел тұлға. Ұзақ жылдар бойы Қарағандыдағы С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театрында тынбай еңбек етіп келе жатқан талантты актер. Кейде Кеңес ағамызбен әңгімелесе қалсақ: «Біздің әулет филологтар әулеті, жұбайым Майра, ұлым Мейрам, қыздарым Бибігүл мен Нұрила, келінім Тоғжан бәрі де әдебиет пен тіл мамандары», – дейді риясыз жымиып.
Кеңес ағамыз Ақжайықтың тумасы. Найзасына үкі таққан кіші жүз, жеті рудан тарайтын әйгілі Әбубәкір Кердерінің ұрпақтары. Шалқар балықшылар ауылында дүниеге келіп, қаймағы бұзылмаған қазақы ортаның тәрбиесін көріп өскен Кеңес ағамыздың балалары сөз өнері мен әдебиетке жақын болуы атадан балаға жалғасқан осындай тектілікте жатса керек.

Мейрамның бойындағы тағы бір асыл қасиет кішіпейілділігі мен қарапайымдылығы. Оқу-ағарту саласында қызмет жасай жүріп, ғылым мен әдебиеттен алыстамады. Мейрамның өлең, әңгімелер жазып, аудармамен айналысатынын ат төбеліндей әріптестері де білмей қалып жатады. Қасым Аманжолов, Серік Ақсұңқарұлының поэзиясын орыс тілінде сөйлетуі, халықаралық шығармашылық байқау, фестивальдарда бес мәрте жүлделі орын алып, лауреат атанғанын уақыт өте келіп естіп, таң қалып жатамыз. «Ұлық болсаң, кішік бол» деп атам қазақ осындай азаматтарға айтса керек сірә. Алақандай мақаласы газет бетін көрсе, жалпақ жұртқа көрсетіп, сүйіншілеп жататын базбіреулердің әрекеті Мейрамға мүлдем жат. Шығармашылық, ғылыми тұрғыдан қаншама жетістікке жетсе де, сол қарапайым қалпынан айныған емес.
1992 жылдар мен 1996 жылдар аралығында Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің филология факультетінде оқыды. Сол жылдары алдынан дәріс алған ұстаздары туралы Мейрам әркез мақтанышпен айтады. ­С.Матяш, А.Тен, Т.Савченко, Р.Смағұлова, Ш.Тоқсанбаева, Е.Цой сияқты көптеген ұлағатты ұстаздарын ұмытпай ардақтай білуі шәкірт Мейрамның азаматтық болмысының жарқын бір қасиеті деп бағалаған жөн. Әсіресе, магистратурада кейінен кандидаттық диссертациясына жетекшілік етіп, ғылым дейтін әлемнің қыр-сырымен таныстырып, туған бауырындай қамқорлық танытқан Сәуле Сихымбаева ұстазына деген құрметі ерекше. Қазақ ауыз әдебиетіне қатысты «Loci communes» тақырыбындағы кандидаттық диссертациясына сол кездегі көрнекті ғалым Едіге Тұрсынов үлкен қызығушылық танытты.

2004 жылы Алматыдағы Қазақстан Ғылым академия­сына қарасты М.Әуезов атындағы әдебиет пен өнер институтында өткен қорғауда сол кездегі қазақ ғылымының алыптары Серік Қирабаев, Сейт Қасқабасов бастаған танымал ғалымдардың қатысуы Мейрам Кеңесұлының ілім-білім жолын ақ батамен ашып бергендей еді.
Елу жас – жер ортасы. Ел ағасы атанатын мерейлі белес. Бозбала кезінен кішіпейілділік пен ізгілікті жүрегіне сіңіре білген Мейрам үшін бұл ғұмыр белестері текке өткен жоқ. Оқу ағарту саласындағы отыз жылға жуық уақытта талай белестерді бағындырды. Оқытушы, доцент, факультет деканының тәрбие жөнінде орынбасары, кафедра меңгерушісі, университет баспасөз хатшылығы сияқты тынымсыз еңбек тілейтін жауапты жұмыстардың басы-қасында жүрді. Табиғатынан спортты сүйетін арда азамат осы саланың білікті, маманы, білімді ұстазына айналды.
Берекелі отбасының алтын қазығы – сол үйдегі Тоғжан келініміз. Салт-дәстүрді жетік білетін, көшелі-көрегенді әулеттен шыққан Тоғжан бұл күнде алтын асықтай төрт ұлдың анасы. Тұңғыштары Нұркен Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің химия мамандығын ойдағыдай тәмамдап, қазір әке жолын жалғастырып магистратурада оқып жатыр. Болашақта үлкен ғалым болғысы келеді. Одан кейі­нгі Нұржан есімді азамат – Алматыдағы Сүлеймен Демирел атындағы университеттің студенті. Алла қаласа, Нұралы мен Ғанижан да әкесі Мейрам мен анасы Тоғжанның абыройын асқақтатар азаматтар болсын деген тілектеміз. Осындай немерелері барда Кеңес аталары мен Майра әжелерінің көңілі шат, көжиегі кемел екені белгілі.
Халқымыздың рухани дәстүрінде «үлкенге құрмет, кішіге ізет» деген тамаша ұғым бар. Мейрамның адами қасиеті мен азаматтық болмысының толық сипаты осы сөзге сыйып тұр. Ананың сүті, әкенің қанымен дарыған ізгілік пен мейірімділік бар жерде азаматтың абыройы қашан да асқақ болатыны белгілі. Бөкетов университеті – байтақ Қазақстанға белгілі білім ордасы. Отыз үш жыл тарихы бар журналистика кафедрасы – сол үлкен білім ордасының алтын баулы бір шаңырағы. Сол шаңырақтың астында Мейраммен күнде кездесеміз. Қуанышымыз да, қызығымыз да әманда бірге. Міне, ширек ғасырдан астам уақыт аға-бауырдай араласып келеміз. Әдемі әзілі бар, әлемі жақсылық пен жылулыққа толы Мейрам Кеңесұлы ғылым мен білім жолында әлі талай биіктерді бағындырарына бек сенімдіміз. Өйткені оның жүрегінде адамдарға деген мейірім шуағы мол.

Қойлыбай АСАН,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
Қазақстан Республикасының
мәдениет қайраткері

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button