АймақНұра

Мейірімдінің мерейі үстем

«Жыл еріктісі» халықаралық сыйлығының «Игі істер марафоны» жобасында «Ең мейірімді ауыл – 2024» номинациясын Нұра кенті жеңіп алды.  Жеңімпаздар 60 түрлі санатта таңдалды, солардың ішіндегі бес ерекше аталымның бірі – «Ең мейірімді ауыл – 2024» номинациясы.

Суреттер облыс әкімдігінің сайтынан

«Жыл еріктісі» сыйлығының лауреаттары Астана қаласында жыл сайын  дәстүрлі түрде марапатталады.

– Бұл – жоғары деңгейдегі байқау. Қатысушылардың бәрі жеңіске лайық. Мысалы, олардың арасында қан құюды қажет ететіндерге үнемі қан тапсыратын отбасы болды. Сол отбасының отағасымен қол алысып, оның батыр екенін айттым. Ал, ол маған: «Біз барлығымыз батырмыз!» деп жауап берді, – дейді Нұра ауданы жастар ресурстық орталығының директоры және NuraArnasy еріктілер тобының жетекшісі Талғат Шолтаев.

Талғат Шолтаев осы күзде балшыққа батып бара жатқан жылқыны жалғыз өзі құтқарып, бүкіл елге кеңінен танымал болған. Сол сәттің бейнежазбасы желіге тез тарап кетті.

– Ол жылқыны қалай тартып шығарғанымды, күшімнің қалай тасып кеткенін білмеймін. Содан кейін төрт күн тұра алмадым, белім қақсады. Бірақ, сыйлықты тек жылқыны құтқарғаным үшін берген жоқ. Біз үнемі волонтерлікпен айналысамыз. Қарқаралыдағы су тасқыны, өрт кезінде өзіміз шығып, жеке көмек көрсете алмасақ та, әрқашан гуманитарлық көмек жинап, жөнелтетінбіз. Демеушілерді белсенді түрде тартамыз, қарттар үйіне көмектесеміз. Сондай-ақ, жастарымызды, оның ішінде, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балаларын да жұмысқа тартып, қамқорлық танытамыз, – дейді Талғат Шолтаев.

Сондай-ақ, «Игі істер марафоны» жобасы аясында Шахтинск еріктілері ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған жыл сайынғы «Таңшолпан» фестивалін ұйымдастырғаны үшін «Инклюзия бағытындағы көшбасшы» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды.

– Біздің еріктілер бірлестігі Мейіржан Шаяхметовтың «Қамқор-2007» бірлестігімен бірлесе отырып, түрлі салаларда жұмыс істейді, бірақ, ең көп көмек мүгедек балаларға беріледі, – деді Шахтинск Жастар ресурстық орталығының жетекшісі Алексей Варзаев.

Шахтинск еріктілері балаларға ғана көмектесіп қоймай, зооволонтерлік және экоактивизммен айналысады.

Бұдан бөлек, «Зообақылау мәселелерін шешуге қосқан үлесі үшін» аталымы қарағандылық Ольга Королеваға, «Тарихи-мәдени мұраны сақтауға және дамытуға қосқан үлесі үшін» номинациясы қарағандылық Айша Әзімбайға және «Қоршаған ортаны сақтауға және қорғауға қосқан үлесі үшін» аталымы Елена Варгановаға бұйырды.

Жәлел ШАЛҚАР,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button