Мейірхан ТӘТИБЕКОВ: «Сайлаудың салмағы жоғары
Биыл ел тарихында тұңғыш рет ауылдық округ әкімдері тікелей сайланады. Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ ауыл әкімдерін тікелей сайлау туралы бастаманы былтырғы Жолдауында көтерген болатын. Бір жылға жетер-жетпес уақыт ішінде бұл жұмыс жүзеге асырыла бастады. Сайлау қалай өтеді және биыл сайлаушыларды қандай жаңалықтар күтіп тұр? Бұл туралы Балқаш қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Мейірхан ТӘТИБЕКОВПЕН сұрап, білген едік.
– Мейірхан Тәтибекұлы, ауыл әкімдерінің сайлауына санаулы күндер қалды. Ауыл әкімдерінің сайлауы қалай өтеді? Сөз басында тоқталсаңыз…
– Аудандық маңыздағы қалалар, ауылдар, кенттер мен ауылдық округтер әкімдерінің сайлауын 2021 жылдың 25 шілдесінде өткізу белгіленген. Ауыл әкімдерін тікелей сайлау Мемлекет басшысының 2020 жылдың 1 қыркүйегіндегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: ісқимыл кезеңі» атты халыққа Жолдауында айтылған болатын. Осыны жүзеге асыру мақсатында 2021 жылдың 24 мамырында «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық Заңы қабылданды. Ауыл әкімдерін сайлау осы жаңа нормаларға сай өткізілуге тиіс. Балқаш қаласы бойынша бір елді мекенде Гүлшат кентінің әкімін сайлау тағайындалған.
– Сайлауға дайындық жұмыстары қалай жүріп жатыр?
– Гүлшат кентінің әкімін сайлау осы Конституциялық заң талаптары қатаң басшылыққа алынып, бекітілген кент әкімі сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарына сай жүргізілуде. Сайлауды өткізуге тиіс №206 учаскесінде ішкі және сыртқы безендірулер жасалып, көрнекі стендтер қажетті құжаттармен жарақталған. Дауыс беру кабиналары мен жәшіктері дайын. Қала әкімі қол қойған сайлаушылар тізімі учаскелік сайлау комиссиясына ұсынылған және ол тізіммен сайлаушылар танысу мүмкіндігі жасалған. Сайлаушылар дауыс беру мен орны туралы хабардар етілуде.
– Сайлауға кімдер қатыса алады?
– Сайлауға әкімдікке кандидаттыққа 25 жасқа толған Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады. Олар «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» ҚР Конституциялық заңында, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» ҚР Заңының 36 бабында және мемлекеттік қызмет туралы заңнамада көзделген талаптарға сай болуы қажет. Саяси партиялар ұсынуымен қатар, өзін-өзі ұсыну тәртібімен елді мекенде тұратын халықтың 1% қолдауына ие болған тұлғалар да әкімдікке кандидат бола алады. Егер ұсыну мерзімінің соңына екіден кем үміткер ұсынылған жағдайда, қалалар мен аудандар әкімдеріне кандидаттар ұсыну мүмкіндігі берілген.
– Балқаш аумағында ауыл әкімдерінің сайлауына қанша үміткер қатысуда?
– Балқаш қаласы Гүлшат кенті бойынша 4 кандидат тіркелген. Олардың барлығы заңнамаларда көрсетілген талаптарға сәйкес келетіндіктері анықталды. Енді сайлау алды үгіт-насихат жұмыстарына тіркеу мерзімі аяқталған сәттен бастап кірісе алады.
– Сайлау қорытындысы неше күннен кейін шығарылады?
– Ауыл әкімдерін сайлау қорытындылары Конституциялық заңның 113-10 бабына сәйкес, учаскелік сайлау комиссиясының хаттамалары негізінде аудандық (қалалық) сайлау комиссиясының отырысында сайлаудан кейін үш күндік мерзімнен кешіктірілмей белгіленеді.
– Әкімдердің сайлауына дайындық барысында және саяси науқанды ұйымдастыру кезінде ескерілуі тиіс қандай мәселелер бар?
– Ауыл әкімдері сайлауына дайындық және өткізу барысында және саяси науқанды ұйымдастыру кезінде сайлау туралы заңнама талаптары қатаң сақталуы қадағаланады. Ауыл, кент тұрғындары үшін әкімдерін тікелей, халық болып сайлап алу бірінші рет іске асырылған жағдайда оларға барынша түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, бұл маңызды шараға қатысуда белсенділік көрсетулеріне көз жеткізу керек. Сайлаудың салмағы – жоғары.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Нұрдос КӘРІМ.