Таным

Қарағандылық әнсүйер қауым марқасқа әнші Мейірхан Адамбековті еске алды

Ән әлемінде әуелеген әуезді ырғағымен, ел жүрегінде елжіреген үнімен сақталған марқасқа әнші Мейірхан Адамбековсіз де жалғанның бес жылы өте шығыпты. Ол қос ғасыр иінінде Арқа ән мектебінің туын көтеріп, сонау Ақан сері, Біржан сал, үкілі Ыбырайлардың, Мәдилерден мирас боп қалған төл жәдігерімізді бүгінге сәнін бұзбай, сырын кетірмей жеткізген өнерпаз тұлға еді. Күні кеше жезтаңдай әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мейірхан Адамбековті еске алуға арналған «Сағындым ғой» атты ән әуелеген сазды кеш өтті. 

Сурет ұйымдастырушылардан

Ән кешінде аяулы әншінің репертуарындағы әндерін ізбасар шәкірттері мен бауырлары нақышына келтіріп шырқап, сахна төріндегі экраннан асыл ағамыз жайлы жылы естеліктер ұсынылды. Мейірхан туған топырақтан шығып, үнін жалғаған ізбасар бауыры, белгілі әнші Сержан Мұсайын Мәдидің «Қарқаралысын» әуелетіп кештің шымылдығын ашса, республикалық конкурстардың лауреаты Құрмаш Ыбышев Қасым Аманжоловтың сөзіне жазылған Әбілахат Еспаевтің әні «Ақ сәуле» әнін құйқылжыта шырқады.

Ән әлемінде орнын ойып тұрып алған Мейірхан Сәйдіұлының бейнесі замандас алдыңғы буын аға-әпкелердің жүрегінде өзіндік болмысымен сақталса, бүгінгі тыңдарман мен көрерменнің жадында Серік Ақсұңқарұлының «Шайтанкөл» әнімен сақталары хақ. «Ат тұяғын тай басар», демекші әкеден ұлға ұласқан төл өнерді төрге оздырып Алданыш Мейірханұлы «Шайтанкөл» әнін шырқады.

Қара күз – қарашаның басы Қарағанды аспанын ән мен жырға толтырды. Шығыстан таң боп шыққан ән Батыста кеш болып рауандап батары анық. Осынау ән кешіне арнайылап Жетісу ән мектебінің белді өкілі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұржан Жанпейісов келіп, Арқа көгінде Әсет Найманбайұлының «Кіші Ардақ» әнін шырқады. Ал, батыс ән мектебінің өкілі, Мәдениет саласының үздігі Ырысты Сүлейменова болса, Халық әні «Ақсұңқарды» әуелетті.

Мейірхан ағамыздың шәкірттері ел жүрегіне әуезді әнімен лүпіл-ырғақ қосып келеді. Әрі қарай Сахнаға Мейірхан ағамыздың алдынан дәріс алып, ән баптаған бір толқын шәкірттері Гүлмира Тапай, Медет Осатай, Нұрслан Сейдалин, Азамат Амантай, Айбек Рымғали шығып, әншінің бай репертуарындағы өзгеше сырлы әндерді шырқап халықтың ыстық ықыласына бөленді.

Мейірхан Адамбековтің бастамасымен қолға алынған Мәди Бәпиұлы атындағы республикалық ән байқауы биыл дәстүрлі түрде алтыншы рет өткізілмекші. Оның салған әні, самғаған үні соңында қалған елінің, шәкірттері мен ізбасарларының, қалың жұртшылықтың есінде мәңгі қалмақ! Ән барда, қазақ барда Мейірхан әні де ғасырларға ұласып, жасай бермек…

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН

«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button