Шет

Меган Мақпалды іздеп келді

Халқымыздың өзге ұлттар мен ұлыстардан ерекшелендіріп тұратын бекзада өнерінің бірі – құсбегілік. Шет ауданының тумасы, жасынан қыран баптаған бүркітші Мақпал Əбдіразақованың есімі дүйім жұртқа жақсы таныс. Жақында канадалық Меган Фитс-Джеймс есімді журналист Мақпал бүркітші қызды іздеп келді. Монғолияда «Айшолпан» атты бүркітші қазақ қызы туралы фильм түсірген журналист Меган бұл жолы Мақпалдың өзімен, туған жерімен танысуды жөн көріпті.

 

Журналист ақпарат көздерінен Қазақстанда «Мақпал деген бүркітші қыз тұрады» дегенді ести сала, АҚШ-тың Сан-Франциско қаласынан Дубай арқылы Алматыға ұшып келіпті. Аудан орталығында түсірілім тобымен жұмыс жасаған Меган ФитсДжеймс мұражайға барып жəне қырға шығып, құс салу өнерін тамашалады. Аудандық мұражайда құсбегілікке қатысты жəне сөредегі басқа да жəдігерлермен танысты. Қонаққа құрмет көрсеткен Шет ауданы əкімінің орынбасары Орал Стыбай ежелгі Ұлы даланы мекен еткен бабаларымыздан қалған мұрадан сыр шерткен «Тасқа тұнған құпия» атты жазушы Кəмел Жүністегінің кітабын сыйға тартты.

– Мен құсбегілік өнермен жете танысып, насихаттау мақсатында Монғолиямен қатар, Қытай, Жапония, Африка елдерінде болдым. Дегенмен, Қазақстан мен Монғолиядағы құсбегілік қазақтың ұлттық салтын айшықтап тұрғаны бірден байқалады. Ежелгі көшпенділерді көзге елестетіп, кең далада құс салудың ғанибетін көрсетеді, – дейді Меган Фитс-Джеймс.

Сонымен қатар, журналисті ерттеулі тұрған ат пен шаңқ-шаңқ еткен бүркіт, аулада жүрген қазақы тазылар, бүркітшілердің құс салып, ит жүгірткен саятшылығы тамсандырды.

Айта кетейік, Меган Мақпал туралы фильм түсіруді жоспарға алыпты. Мақпал Əбдіразақова құсбегілікпен 13 жасынан бастап айналысып келеді. Оның алғашқы ұстазы – əкесі Мұрат та белгілі бүркітші. Қолындағы құсын күтіп-баптауда, талай сонарларда қаршадай қызын үнемі қасына ертіп жүріпті. Бүгінде көзін ашқалы көрген киелі өнерді жетік меңгерген Мақпалдың өзі тəжірибелі бүркітшіге айналған. 

Нұрдос КƏРІМ,
Шет ауданы
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button