Медициналық ұйымдар қызылша ауруының өршуіне байланысты күшейтілген жұмыс кестесіне көшті
Қарағанды облысының денсаулық сақтау басқармасы тұрғындар арасында қызылша ауруының өршуіне байланысты өңірдегі барлық медициналық ұйымдар күшейтілген жұмыс режиміне көшкенін хабарлады. Барлық екпе кабинеттері аптасына жеті күн жұмыс істейді. Дәрігерлер Қарағанды облысының тұрғындарын қызылшаға қарсы вакцина алуға шақырады.
– Ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап қызылшаға күдікті 300-ден астам жағдай тіркелді. Оның ішінде 186 жағдай зертханалық расталды. Облыстағы ауруханаларда 56 науқас емделіп жатыр, оның 31-і бала, 25-і ересек. Қазір бізде екі науқас жансақтау бөлімінде жатыр. Екеуі де вакцинацияланбаған. Олардың бірі тоғыз айлық нәресте болса, екіншісі 1986 жылғы науқас. Вакцинация – аурудың алдын алуға көмектесетін құралдардың бірі. Бүгінгі таңда науқастардың арасында екпе алмаған балалардың үлесі ауру балалар санының 85 пайызын құрайды. Екпе алмағандар туралы айтатын болсақ, 58 пайызы екпеден бас тартқандықтан, ал балалардың 26 пайызы екпе жасына жетпегендіктен ауырған. Бүгінгі таңда барлық инфекция ошақтарында эпидемияға қарсы шаралар жүргізілуде. Облыстағы барлық медициналық ұйымдар күшейтілген жұмыс режиміне көшті. Екпе кабинеттері аптасына жеті күн жұмыс істейді, – дейді Қарағанды облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бибігүл Төлегенова.
Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ