Медициналық білім: өзгерістер лебі
Өткен аптада Қарағанды медицина университетінде VI Орталық-Азия халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтті. Кезекті басқосу «Болашақтың білімі: өзгерістер лебі» деп аталып, жаңа замандағы медициналық білім беру мәселелерін қаузады. Шараға Өзбекстан, Тәжікстан, Ресей, Грузия, Германия, Франция, Үндістан, АҚШ елдерінің университеттері мен колледждерінің өкілдері, білім беру ұйымдарының басшылары, ғалымдар, оқытушылар мен студенттер қатысты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, конференцияның мақсаты – халықаралық ынтымақтастықты, стратегиялық серіктестікті дамыту және өзара медициналық білім беру тәжірибесін бөлісу. Ауқымды шара бірнеше бағытта офлайн және онлайн форматта өтті. Атап айтқанда, оқыту ісіндегі мемлекеттер арасындағы стратегиялық серіктестік, білім мен цифрлық медицинаның цифрлық трансформациясы, университеттік автономия және академиялық еркіндік мәселелері қаузалды. Сонымен бірге, медицина, фармация, стоматология және мейірбике ісі бойынша білім беру перспективалары мен білім берудегі симуляциялар талқыланды.
Шараға қатысқан Денсаулық сақтау министрлігінің ғылым және адами ресурстар департаменті медициналық білім беру басқармасының басшысы Әсет Ізденовтің айтуынша, республика көлемінде – 78 227 дәрігер, 188 800 орта медициналық қызметкер бар. Жыл басындағы дерек бойынша әлі 7 000 дәрігер және осынша орта медициналық қызметкерге тапшылық орнаған.
– Бүгінгі таңда елдегі денсаулық сақтау саласындағы білім бағдарламасы медициналық қызмет, қоғамдық денсаулық сақтау қызметі және фармакологиялық қызмет саласынан тұрады. Студенттер 4-5 жыл оқып бакалавр, 1-2 жылда интернатура, 2-4 жыл резидентурада оқиды. Кейін 3 жыл докторантурада оқып, PhD доктор бола алады. Биылғы оқу жылынан бастап бакалавриат, магистратура мен интернатураны қосып, алты жыл үздіксіз интеграцияланған білім беру әдісі енгізіледі деген жоспар бар, – деді Әсет Қайратұлы.
Ол дәрігерлерді қолдау шаралары мен орташа еңбекақының өсуі туралы да айтып өтті.
Алғашқы «Медициналық білім беруді трансформациялау: Қарағанды медициналық университетінің тәжірибесі» тақырыбында университеттің стратегиялық даму және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректоры Виктор Риклефс баяндама жасады. Ол университеттің білім беру бағдарламалары, оқытудың кредиттік технологиясы, оқытушылардың үздіксіз дамуы, студенттерді қолдау мәселелеріне кеңінен тоқталды.
– Біздің университет өзінің стратегиялық міндеттерінің бірі ретінде цифрлық инфрақұрылымды дамытуды басты орынға қойды. Қазіргі уақытта университетте барлық дерлік үдерістер цифрландырылды, құрылған цифрлық инфрақұрылым заманауи технологияларды одан әрі енгізуге дайын, – деп атап өтті Виктор Петрович.
Конференцияда айтылғандай, бүгінде медицинадағы симуляциялық оқыту – болашақ дәрігерлерді белгілі бір дағдыларға үйретуге ғана емес, сонымен бірге, науқаспен бетпе-бет келгенде де, диагностикалық немесе емдік манипуляциялар кезінде де оған көмек беретін прогрессивті әдістердің бірі. Бұл тақырып екі күн жеке секцияларда талқыланды. Әдіс науқастың тікелей қатысуынсыз оқу процесінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Басқосу бағдарламасы аясында «Резидентурада мамандарды даярлаудың мәселелері мен болашағы» атты дөңгелек үстел, жас ғалымдарға арналған постер сессиясы, клиникалық сценарийлерді әзірлеуге арналған SimLab онлайн байқауы, халықаралық студенттік олимпиада, фармация бойынша студенттер конференциясы ұйымдастырылды.
Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz