Медицина

Медицинадағы бірегей мүмкіндік

Денсаулық сақтау министрлігінің дерегіне сүйенсек, жыл сайын алыс-жақын шет елдерден Қазақстанға емделуге 5 мыңға жуық адам келеді екен. Ем алуға келгендердің қатары былтырғымен салыстырғанда биыл екі есе өскен. Бұл отандық медицинаның әлеуеті артып, басқа елдермен терезесі теңесе бастағанын білдірсе керек.

Сурет денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен алынды

Өткен ғасырдың 90-жылдары ауыр болғаны барлығына аян. Медицинада да солай. Аға буын біледі, ем алатын орын да, құрал да, іше қоятын дәрі де тапшы болған заманды. 1998 жылы алғаш рет «Халық денсау­лығы» бағдарламасы қа­былданды. Сол уақыттан бастап, құралдар сатып алу, емханалар салу қолға алынды. Десе де, отандық медицинадағы ілгерілеу жаңа мыңжылдықтан басталды десек, қателес­песпіз. 2002 жыл «Денсаулық жылы» болып жариялануы да салаға серпін берді. «2000 жыл мен қазіргі 2023 жыл салыстыруға келмейді. Жер мен көктей», – дейді Қарағанды медицина университеті клиникасының бас хирургі, профессор Нұрқаси Абатов.

– 2000 жылдан бастап, түрлі аппаратуралар, медициналық құралдар келе бастады. Бірақ, онда істейтін маман болмайды. Содан кейін дәрігерлерді оқытуды қолға алды. Қазір «аппарат тұрып қалды» деген болмайды. Білімді жастар көп. Ел ішінде болсын, шет елде де апталап, айлап оқуға мүмкіндік жасалды, – дейді Нұрқаси Төлепбергенұлы.

36 жыл медицина саласында еңбек еткен маман тәуелсіздік жылдарындағы бірнеше жетістікті атады. Оның біріншісі – цифрландыру.

– Барлық құжат көз алдымызда. Электрондық денсаулық паспорты – дәрігерлер үшін үлкен жеңілдік. Науқас үшін де тиімді, өзімен бірге қағаз тасып жүрмейді. Кез келген емдік шара нәтижесі телефонындағы «Дамумед» қосымшасына түсіп тұрады. Екіншіден, технология қолжетімді. Медицина – тек технологиямен дамитын сала. Бұрын бізде жоғары технологиялар болмады. Қазір бірегей оталар мен түрлі емдік шараларды жасай аламыз. Дүниенің екінші бұрышындағы оталар Қазақстанда да жасалады. Медицинада шекара, құпия болмайды. Мамандарды оқыту, шетелдік әріптестермен тәжірибе алмасу да қол жеткізген жетістік. Бұл – үш. Ашық жүрекке ота жасап жатқан кардиохирургиядағы өзгерістерді алыңыз, тізе, жамбас буындарын алмастыратын травматологиядағы мүмкіндіктерді айтыңыз. Онкотехнологиялар жаңарды. Бүгін ешбір хирург баяғыдағыдай 20-30 см тілік жасамайды. Даму мен жаңғырудың барлық кезеңдерін көзбен көріп, куәсі болған адам ретінде айта аламын, қазір бәрі де мүмкін. Және оның барлығы Астана, Алматыда ғана емес, басқа өңірлерде іске асып жатыр, – дейді Нұрқаси Абатов.

Медицинаның барлық саласында даму бар. Ағза трансплантациясы, сирек кездесетін бас ми патологиясына ота жасау, жүрекке жасалатын коронарография зерттеулері, буындарды эндопротездеу таңсық емес.

Эпилепсиялық ауруларды басу әдісін Х.Мақажанов атындағы көпбейінді клиника мамандары қолдануда. Қарағанды қаласының №2 көпсалалы ауруханасында жүрек ырғағын стимуляциялаудың жаңа әдісі енгізілді. Қарағанды медициналық университеті клиникасы дәрігерлері жақ сүйегіне ісік шыққан науқасқа бірегей ота жасап, аяқ жілігінен жақ жасап, салып берді. Бұл – жергілікті және республикалық БАҚ жарыса жазған аймақ мамандарының биылғы жетістіктері.

– Бүгінгі таңда елде кардиохирургия бойынша барлық ота түрі жасалады деп айта аламыз. Науқасқа қажетті барлық көмек көрсетіледі. Жүрек трансплантациясынан бастап, жүректің кез келген ақауына ота жасау мүмкіндігі бар. Мұны еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы же­тістігі ретінде мақтанышпен айтуға болады, – дейді Қарағанды қаласының №2 көпсалалы ауруханасының хирургиялык аритмология және интервенциялык кардиология бөлімшесінің меңгерушісі Нұрлан Игембеков.

Әлем 1967 жылы алғаш рет жүрек трансплантациясын жасап жатқанда Қазақстанда жүрек клапанын кеңейту бойынша жабық ота жасалған екен. Айырмашылық қандай?! Ал, қазір бұл бізде де мүмкін. Қазіргі медицинаны, медицинаны ғана емес, жалпы елдің дамуын 32 жыл бұрынғы жағдаймен салыстыра алмаймыз. Қазақстан Орталық Азия елдері арасында көш ілгері екені сөзсіз. Халықтың денсаулығын сақтау кез келген мемлекеттің маңызды стратегиялық мақсаты. Оны дамыту ешқашан назардан тыс қалмайды.

Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button