Медицинада тың жоба
Аймақ басшысы Ерлан ҚОШАНОВ Қарағанды облысының денсаулық сақтау басқармасының базасында жұмыс істейтін «Жағдаяттық орталықтың» жұмысымен танысты. Орталықтың штаттағы бес қызметкері Қарағанды облысының медицина мекемелері мен дәрігерлердің жұмысына қадағалау жүргізіп, ақпаратты өңдеумен айналысады. Айта кету керек, кешенді медициналық ақпараттық жүйе «Даму» ақпараттық технологиялар орталығында әзірленген болатын. Қазір ол Қарағанды облысының ауруханалары мен емханаларында табысты түрде қолданысқа енгізілген.
– Біз жаңа кешенді медициналық ақпараттық жүйемен жұмыс істейміз. Бұл жүйе әрбір медициналық мекеме жұмысының барлық кезеңін қадағалауға мүмкіндік береді. Яғни, қандай да бір маманның қабылдау кезегін, кезек күту уақытын, келушілер көлемі мен олардың диагнозын көре аламыз. Ақпараттың барлығын орталық мамандары өңдеуден өткізіп, алынған деректер негізінде медицина мекемелерінің рейтингі шығарылады. Сол арқылы қызмет көрсету сапасын жедел түрде көру арқылы кемшіліктерді жоюға мүмкіндік аламыз, – дейді жағдаяттық орталықтың жетекшісі Евгений Щербов.
Қарағанды облысы – Қазақстан бойынша медицина саласында электронды құжат айналымына көшкен алғашқы өңір. Денсаулық басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаевтың айтуынша, қазірдің өзінде 5 ірі облыстық стационар толық электронды құжат айналымымен, яғни, қағазсыз режимде жұмыс істейді. «2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап меншік формасына қарамастан, облыстағы барлық медицина мекемелері ақпараттық кеңістік арқылы жұмыс істеп, емханалар қағазсыз құжат айналымына көшетін болады», – деп уәде етті басқарма басшысы.
Кешенді медициналық ақпараттық жүйеде жаңа технологиялар қолданылған. Олар өңірдегі барлық денсаулық сақтау жүйесінің жұмысын автоматтандыруға мүмкіндік береді. Пилоттық жоба ретінде 2014 жылдың қараша айынан бастап іске қосылып, 2015 жылдан бері жаппай енгізіле басталған. Қазақстан бойынша Қарағанды облысында ғана толық іске қосылған. Қазіргі таңда емделушілердің электронды картасы жүргізіліп, дәрі рецептері, зертхана талдауларының нәтижелері электронды түрде берілуде, онлайн-консилиумдар мен диагностикалар жүргізілуде. Орталық мамандарының айтуынша, электронды нұсқада берілетін дәрі рецептері дәрігермен қатар, емделушілер үшін де өте қолайлы. Мысалы, созылмалы ауру кезінде дәрігерден қайта рецепт алу үшін алдын ала жазылып, кезекке тұрмастан жүйе арқылы күнін ұзартуға мүмкіндік алады.
Жүйенің тағы бір ерекшелігі – кез келген науқас дәрігердің назарынан тыс қалмайды. Яғни, дәрігер алдындағы монитор арқылы емделушісінің жағдайына қадағалау жасайды. Ақылды жүйе дәрігерге шұғыл жағдайдағы науқасының бар екенін де естен шығармауға мүмкіндік береді. Арнайы белгінің жануы арқылы дер кезінде шара қолдануға болады.
Жүйе емханаларда электронды кезек енгізіп, дәрігерлердің жүктемесін жүргізуге мүмкіндік берді, әр емделушіге жіберілетін шығын көлемінің ашықтығына жол ашты.
Дәрігерлер мен орталық мамандарына арналған бағдарламамен қатар, Қарағанды облысының Денсаулық сақтау басқармасы емделушілерге арналған «DamuMed» арнайы мобильді қосымшасын енгізді. Қосымшаны AppStore немесе PlayMarket арқылы смартфоныңызға көшіріп алуға болады. Ол дәрігердің қабылдауына жазылуға, зертханалық талдауларға қадағалау жасауға, «SOS» батырмасын басу арқылы шұғыл көмек шақыруға мүмкіндік береді. Мұның барлығын өз атыңыздан ғана емес, балалардың немесе егде жастағы ата-анаңыздың атынан да жолдауға болады. Ол үшін өзіңіз тіркелген емханаға келіп, отбасыңыздың мүшелерін қосымшаға қосуға өтініш қалдырсаңыз болғаны. Қосымшаға қазіргі кезде 8300 емделуші тіркеліп те үлгерген.
Қарағандылықтардың тағы бір жаңалығы – «Флюоротека» бөлімі. Бұл жерде кез келген емделушінің рентген кескінін тауып алуға болады. Барған жерге кескінді алып барып жүрместен, дәрігер аты-жөніңіз арқылы кескінді тауып алуға мүмкіндік беретін жүйенің арнайы бөлімі Қазақстанның өзге өңірлерінде де іске қосылса, қолайлы болар еді дейді мамандар.
Кешенді медициналық ақпараттық жүйенің облысымыздағы енгізілу жылдамдығын атап өткен аймақ басшысы электронды кезектер мен мобильді қосымшалар қолайлы бола бермейтін егде жастағы емделушілерге ерекше назар аударуды тапсырды.
– Жүйені енгізу туралы шешім мамыр айында қабылданып, қыркүйек айында шартқа қол қойылды. Бәрі жедел түрде жасалып, жүйенің толық жұмыс істеп тұруы әрине қуантады. Енді, әр дәрігердің жұмысына, кез келген емделушінің тарихына қадағалау жасау мүмкіндігі туды. Бірақ, егде адамдармен жұмыс қалай болады? Емханаға жиі келетін олар үшін электронды жүйе қолайлы болады ма? Барлық емделушілер үшін қолайлылық жағын қарастырыңыздар, – деп тапсырма берді облыс әкімі Ерлан Қошанов.
Наталья КИЛЬ, «Даму» ақпараттық технологиялар орталығының директоры:
– Біз денсаулық сақтау басқармасына, дәрігерлерге жұмыстарын оңтайландыру құралдарын ұсынамыз. Жоба 2012 жылы жүзеге асырыла бастады. 2014 жылы пилоттық жоба Қарағанды облысында басталып, Қарағанды және Теміртау қалаларының 9 емханасы жүйеге қосылып, 2015 жылдың соңында бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін мекемелер де қосылды. Ал, 2016 жылы кеңес беру-диагностикалау қызметтерін көрсететін клиникалар, стацонарлар да электронды құжат айналымымен жұмыс істей бастады. Қазір жұмыс аяқталу кезеңінде. Біздің мақсатымыз – Қарағанды облысындағы барлық денсаулық сақтау мекемелерінің барлығын қағазсыз құжат айналымына көшіру. Оның үстіне, денсаулық сақтау мекемесін жүйеге енгізу үшін мықты компьютерлердің, модемдердің қажеті жоқ, 3G интернет жабыны болса болды.
Ал, ұялы байланысы жоқ кейбір аудандар үшін қиындық тудыратыны рас. Ол – уақыт еншісінде.
Салтанат ИЛЬЯШОВА
Суретті түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.