Ресми

Медицина уақыт талабына жауап беруі тиіс

Халық денсаулығының көрсеткішіне қарап кез келген мемлекеттің даму деңгейі мен әл-ауқаты туралы сөз қозғау қалыптасқан. Сол себепті де елдің денсаулық сақтау саясатындағы негізгі стратегиялық мақсат – Қазақстан Республикасының әр азаматының денсаулығын сақтау және тұрақты түрде жақсарту болып табылады.

Бүгінде отандық медицина кезеңкезеңімен жаңаруда. Денсаулық сақтау саласының тұтас инфрақұрылысы халықтың нақты медициналық қызмет түрлеріне деген қажеттілігіне қарай жетілдіріліп келеді. Ол үшін біз барлық мүмкіндіктерді пайдаланамыз. Оның ішінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктері де тиімді қолданылады.

Мемлекеттік мекемелер қатары толықты

Өткен жылы Қарқаралы ауданының Қарағайлы кентінде және Нұра ауданының Шахтер ауылында ауылдық дәрігерлік амбулаториялар ашылды. Жеке инвесторларды тарту арқылы Қарағанды және Теміртау қалаларында 3 емхана ашылды. Олардың барлығы қадамдық қолжетімділікте. Облыс көлеміндегі 46 медициналық мекемеге жөндеу жұмыстары жасалды. Мәселен, Шет ауданының Ақсу-Аюлы кенті ауруханасы, Шахтинск қаласының ауруханаларының қасбеті жаңарды. Қарағанды қаласындағы перинаталдық орталық пен балалар ауруханасы, Сәтбаев және Теміртау қалаларының перзентханалары, терівенерологиялық диспансер, сонымен қатар ауылдық дәрігерлік амбулаториялар жөндеуден өтті. Облыстық клиникалық аурухананың терапевтік корпусын жөндеуден өткізу бойынша ауқымды істер атқарылды.

Абай ауданына қарасты Топар кентінің, Саран, Сәтбаев, Приозерск, Балқаш сияқты қалалардың ауруханасы аумағы абаттандырылды.

МЖӘ аясында көрсетілетін медициналық қызметтер түрлері мен көлемін арттыру үшін реабилитациялық және гемодиализ орталықтарының желісі мен орналасу аймақтарын дамыту жұмыстары жалғасын тапты. Бұл бағыттағы айтарлықтай жаңалықтардың бірі эндоскопиялық орталықтың ашылуы болды. Ол соңғы үлгідегі медициналық техникамен жарақталды.

Қиын шақтағы қажетті шешімдер

Қазіргі уақытта медицинаның даму бағыттары мен даму жылдамдығы көпшіліктің назарында. Бұл, әсіресе біздің жоспарларымызға өзінің өзгерісін енгізген COVID-19 пандемиясы кезінде өзекті. Дағдарыс жағдайында жарты жылдай жұмыс істеп біздің медицинаның жақсы жақтарын көрдік, сонымен қатар мәселелері де байқалды. Оларды біз тез арада шешуге тырыстық. КВИ-дің шарықтаған шегінде ауруханалар мен емханалардың жұмысы қалыптасқан эпидемиологиялық ахуалға байланысты бірден өзгертілді. Госпиталь ретінде пайдалану үшін денсаулық сақтау мекемелерінен бөлек, қонақ үйлер мен ведомстволық шипайжайлар ғимараттары, студенттердің жатақханалары тартылды.

Пандемия инфекциялық қызметтің стратегиялық екеніне баршамыздың көзімізді жеткізді. Және ол үнемі кез келген эпидемиологиялық өзгерістердің пайда болуына дайын болуымыз тиіс екенін көрсетті.

Коронавирус инфекциясының таралуымен байланысты болуы мүмкін өзгерістерге денсаулық сақтау жүйесін жедел түрде дайындау жоспары адамдардың өмірі мен денсаулығына төнген қатерге тиісті қадам болды. Ол жоспарға сәйкес облыста түсіп жатқан хал-жағдайы түрлі деңгейдегі науқастармен жұмыс жасауға бейімделген көпсатылы инфрақұрылым ұйымдастырылды.

Жезқазған қаласында 200 орынға арналған модельді госпиталь өз жұмысын бастады. Облыстың төрт қаласында, атап айтқанда, Қарағанды, Теміртау, Абай мен Балқашта ашық инфекциялық стационарлар үшін ғимараттарды қалпына келтіру мен жөндеу жұмыстары жасалды. Осылайша, инфекциялық бөлімдердегі орын саны көктемнен бері 3 есеге көбейді.

Облыс көлеміндегі барлық ауруханалар заманауи техникамен қамтамасыз етілді. Бұл ретте басымдық тыныс алу жүйесі ауруларын уақытылы анықтау мен емдеуге арналған құрылғыларға берілді.

Ағымдағы жылы 242 ӨЖЖ аппараты, 2800 оттегі концентраты, 2600 пульсоксиметр, 40 цифрлық рентгенаппарат алынды. Жоғарғы толқынды мұрын оксигенотерапиясының 18 аппараты іске қосылды (high-flow). Сонымен қатар, емделушілерді оттегімен қамтамасыз ету мәселесі орталықтандырылған медициналық газ беру жүйесін орнату арқылы шешілді.

Нәтижесінде КВИ-ге арналған госпитальдарды жаңа қатерлерге қарсы жарақтандырып қана қоймай, шұғыл және жоспарлы түрде көмек көрсететін басқа да стационарларды заманауи құрылғылармен қамтамасыз етеміз.

Өткен оқиғалар тәжірибесіне сүйене отырып, біз ауруды ерте анықтау, уақытылы оқшаулау және үй жағдайында емдеу үшін медициналық қызмет көрсетудің бастапқы буынын жетілдіруге басымдық бердік. Бұл үшін облыста 288 емханалық мобильдік бригадалар жасақталды. Қосымша 122 автоқұрал алынды.

Мамандандырылған автокөлік паркі жаңарды. Жедел медициналық көмек қызметі 47 реанимобильге ие болды. Ал, ауылдық жерлер үшін 2 жылжымалы дәріхана пункті алынды. Жалпы саны 9 жылжымалы медициналық кешен әзір тұр. Оның үшеуі биыл алынды.

Тыныс алу жүйесінің зақымдалуын дер кезінде анықтау үшін компьютерлік томография паркі жақсартылды. Қазіргі таңда облыс көлемінде 22 компьютерлік томография кабинеті жұмыс істеп тұр.

Вирусологиялық зерттеу ісіне де айрықша көңіл бөлінген. Тәулігіне 11 мың тест жасауға қуатты 11 ПТР зертхана бар.

Кадр саясатындағы бетбұрыс

Кадр саясатында да айтарлықтай өзгерістер жасалды. Біздің елімізде ғана емес, тұтас әлемдік медициналық қауымдастықта кейінгі онжылдықта инфекциялық ауруларды емдейтін және оның таралуымен күресетін мамандарды әзірлеу кенжелеп қалған еді. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін біз Қарағанды медициналық университетімен инфекциялық және эпидемиологиялық бағыттағы, сонымен бірге анестезиология, реаниматология мен пульмонологиялық сала мамандарының кәсібилігін арттыру мен қайта даярлау бойынша байланыс орнаттық.

Қазір ауру шарықтар болса, 6,5 мың медициналық қызметкер жұмыс істеуге әзір.

Бұл шаралар басқа мамандықтардың тасада қалғанын білдірмейді. Бізде медициналық білімі бар білікті жастарды бірінші кезекте Теміртау, Балқаш Жезқазған қалаларына жұмысқа тартуға бағытталған бағдарлама жүзеге асырылуда. Оған сәйкес аталған өңірлер тұрғындары сапалы медициналық көмекке қол жеткізуі керек.

Дәрігерлердің сол аймақтарда орнығып, жүйелі жұмыс жасауы үшін оларды баспанамен қамтамасыз ету қажеттілігін тәжірибе дәлелдеп отыр. Ол үшін ғимараттарды қайтадан қалпына келтіру, жөндеу жұмыстарын жасап, қажетті жиһазымен, тұрмыстық техникамен қамтамасыз етеміз.

2020 жылы Қарқаралыда 27 пәтер, Бұқар жырау ауданында 4, ал Ақтоғай ауданында 3 маманға пәтер кілттері табысталды. Сондай-ақ, 12 медициналық қызметкер жаңа жылды облыс орталығында орналасқан қызметтік пәтерлерде қарсы алды. «Қазақмыс» корпорациясымен жасалған меморандумға сәйкес Жезқазған, Сәтбаев және Балқаш қалаларындағы медицина мамандары үшін 32 пәтер алынуда.

Кешенді жұмыстардың нәтижесінде 362 жас маман облыс көлеміндегі медициналық мекемелерге жұмысқа орналасты.

Коронавирус карантин жағдайында медициналық қызметтің қолжетімділігін арттырудың жаңа жолдарын іздеуге мәжбүр етті. Медициналық қызмет көрсетудің цифрлық өзгерістері жеделдетілді. Науқас пен дәрігердің қашықтан қарым-қатыныс жасауы, онлайн консилиумдар күнделікті тәжірибеге айналды. Сонымен бірге, емделушілер денсаулығының қашықтан жүргізу мониторингісі өзінің өміршеңдігі мен тиімділігін көрсетті. Медициналық көмекке жүгінушілер қатары артқан тұста емделушілердің наразылығын тудырмай, халықпен кері байланыс орнату үшін цифрлық технологиялар зор септігін тигізді. Азаматтармен салиқалы диалог орнату, олардың қажеттіліктеріне уақытылы жауап беру үшін медициналық мекемелердің басшылары әлеуметтік желілердің мүмкіндіктерін белсенді түрде пайдалана бастады. Халықпен онлайн кездесулер өткізу жақсы дәстүрге айналды.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың айтқан «Еститін мемлекет» тұжырымдамасының шынайы өмірде жүзеге асуы, қоғамдық бірлестіктер мен журналистердің сұраныстарына тиімді жауап беру біздің үздіксіз дамып келе жатқандығымызды білдіреді. Алдыда облыс медицинасын жетілдіру бойынша көптеген міндеттер тұр.

Онкология, ана мен бала денсаулығын қорғау бағыттарында жоғары технологияларды енгізуді жалғастырып, электронды сервистердің мүмкіндігін жетілдіре түсеміз. Ауылдық жерлердегі денсаулық сақтау нысандары да өзгереді. Мұның барлығы облыс тұрғындарына медициналық қызмет көрсету сапасын жоғары деңгейге көтеруге мүмкіндік беретін болады.

Ержан НҰРЛЫБАЕВ,

облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы.

Басқа материалдар

Back to top button