Медицина майталманының мерейі
Белгілі хирург, профессор Сергей Лохвицкий 90 жасқа толды. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың атынан мерейтой иесін оның орынбасары Ораз Таурбеков құттықтап, мерейжас иесіне отандық медицина мен ғылымдағы сіңірген ерен еңбегіне ризашылығын білдірді.
– Сіздің өміріңіз – медицинадағы қажырлы еңбек, ғылыми жаңалықтар мен дәрігерлердің жаңа буынын тәрбиелеуге толы тұтас бір дәуір. Сіздің хирургия мен медициналық білімді дамытуға қосқан үлесіңіз өте зор. Сіздің арқаңызда мыңдаған пациент өмір сүруге мүмкіндік алды, ал, жүздеген шәкіртіңіз ісіңізді жалғастыруда, – деп атап өтті Ораз Тәуірбеков. – Сізге мықты денсаулық, сергектік, бақыт және игілік тілеймін! Өміріңіз қуанышқа, жақындарыңыздың жылылығына және шәкірттердің алғысына толы болсын!
Осы жылдар ішінде профессор Сергей Лохвицкий жүзден астам докторант пен магистрантты тәрбиелеп шығарды. Олар бүгінде Қазақстан және шет елдегі медициналық мекемелерде жетекші қызметтерде. Оның ғылыми еңбектері мен зерттеулері әлемдік медициналық тәжірибені байытты. Өзінің де көптеген жандардың өмірін ажал шеңгелінен арашалап қалуға септігі тиді.
– Өткен жолыма баға бере отырып, мен ең үлкен ісім – хирургтер мектебін құрдым деп санаймын. Менің мақтанышым – жоғары білікті маман болған шәкірттерім. Бүгінде олар хирургиялық ғылымды дамыта отырып, түрлі елдерде жұмыс істеуде, – деп атап өтті мерейтой иесі. – Бүгінде өңірдегі хирургияның айтарлықтай жоғары деңгейде екендігіне өте қуаныштымын. Бұл бір есептен менің де күш-жігерімнің әрі ерен-ғайып еңбегімнің арқасында деп ой тұжыра аламын.
Сергей Викторович Лохвицкий 1935 жылы Мәскеуде дүниеге келген. 1958 жылы И.Сеченов атындағы Мәскеу медицина институтының емдеу факультетін оқып тәмамдап, 1975 жылға дейін Мәскеуде жұмыс істеген. 1975 жылы 40 жастағы Сергей Лохвицкий Қарағандыға көшу туралы шешім қабылдайды. Онда оған медициналық институттың госпитальдық хирургия кафедрасының меңгерушісі лауазымын ұсынған. Ақыры бұл қадамы тағдыршешті сипат алғандай.
Сергей Лохвицкий «Парасат» орденімен марапатталған. «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағына ие.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Сурет ұйымдастырушылардан