Білім

Медицина дегеніміз мейірім

Мағжан Жұмабаев атындағы гимназияда қала мектептерінің және гимназиямыздың медицина сыныптарының оқушыларымен ерекше кездесу өтті. Медицина ғылымының кандидаты, білім беру ісінің үздігі, денсаулық сақтау ісінің үздігі Аманжол Нұрбеков тәжірибесімен бөлісіп, жастарға денсаулық сақтау саласындағы кәсіби даму жолдары туралы мағлұмат берді.

Сурет автордан

Кездесу барысында Аманжол Нұрбеков жастарға денсаулық сақтау жүйесінің маңыздылығы мен осы салаға деген қызығушылықты қалай арттыруға болатыны туралы баяндай отырып, медициналық білім мен дағдыларды дамытудағы басты қадамдар жайлы айтты. Ол медицина саласына келген әрбір адамның ең бірінші кезекте жанашырлық пен мейірімділік көрсетуі керек екендігін, адамның денсаулығына қамқорлық жасауы тек кәсіби міндет қана емес, қоғам алдындағы жауапкершілік екенін баса айтты.

Оқушылар медициналық білім мен дағдыларды практикада көрсету мақсатында алғашқы көмек көрсету бойынша көрме ұйымдастырды.

Көрмеге қатысушы оқушылар түрлі жағдайларда алғашқы көмек көрсету әдістерін көрсетті. Олар жүрек талмасы, жарақат алу, есінен танып қалу, қан тоқтату және басқадай шұғыл жағдайларда қолданылатын көмек тәсілдерін мұқият түсіндірді. Шарада оқушыларға жедел жәрдем шақырудың жолы, медициналық көмек көрсету кезінде қажетті құралдарды қолдану мен дұрыс әрекет ету тәсілдері туралы баяндады.

Аманжол Нұрбеков мектеп оқушыларын медицина саласына қызықтырып, олардың болашақта осы салада өздерінің білімі мен дағдыларын дамытудың жолдарын түсіндірді. Мектептегі медицина сыныптарында оқып жүрген оқушыларға өмірлік дағдылар мен медициналық терминологияны түсіну, зерттеу жұмыстарын жүргізу, адам ағзасының құрылымы мен ауруларын оқып үйрену болашақ жас мамандар үшін аса маңызды екенін атап өтті.

– Қазіргі кезде медицина ғылымы тек теориялық біліммен шектелмейді. Сонымен қатар, практика мен технологиялардың дамуымен тығыз байланысты. Осы ретте, болашақ дәрігерлер ғылыми ізденістерге қызығушылығы мен заманауи технологияларды игеруге дайын болу керек. Жас мамандардың дамуы үшін ғылыми зерттеулер мен медициналық тәжірибелердің маңыздылығын тілге тиек етіп, әрбір дәрігер мен медициналық қызметкердің өзіндік біліктілігін арттыруы қажет. Бүгінгі таңда медицина мен технологияның ықпалдастығы адам өмірінің сапасын арттыруда үлкен рөл атқарады. Бұл салада жұмыс істегісі келетін әрбір жас маман ең алдымен, өзіне талап қойып, осы бағыттағы білімін үздіксіз жетілдіріп отыруы керек, – деді Аманжол Нұрбеков.

Елімізде және әлемде денсаулық сақтау саласында жеткен жетістіктері мен жаңа инновациялық технологиялар туралы тың жаңалықтарды сөзіне арқау еткен ғалым Қазақстандағы медициналық білім беру жүйесін жетілдіру мәселелеріне де тоқталды. Ол медициналық білім беру ісінде инновациялық әдістер мен жаңа оқыту бағдарламаларының енгізілуі маңызды екенін, соның ішінде мектептерде медицина сыныптарының ашылуы мен оқушылардың ерте жастан медициналық білім алу мүмкіндігі артып келе жатқанына өз қуанышын білдірді.

Шара барысында гимназиямыздың тарих пәні мұғалімі Жаннұр Искакова әннен шашу шашып, 11 сынып оқушысы Әділет Айданбек Мұқағали Мақатаевтың «Жоқ, дәрігер» атты өлеңін нақышына келтіре оқыды.
Шараның ерекшелігі – медициналық білім мен дағдылардың тек болашақ дәрігерлер мен медициналық мамандарға ғана емес, барлық адамдарға қажет екенін көрсетуі. Алғашқы көмек көрсету дағдылары әрбір адамның өмірінде маңызды рөл атқарады. Себебі, күтпеген жағдайларда алғашқы көмек көрсетудің дұрыс тәсілдері адам өмірін сақтап қалуға көмектеседі.

Кездесу соңында Аманжол Нұрбеков жас дарындарға болашақта өз мүмкіндіктерін пайдаланып, қоғамға пайдасын тигізетін маман болып шығуларына сәттілік тіледі.

Медициналық білім мен дағдыларды үйрену – тек кәсіби сала ғана емес, бұл адамзатқа қызмет ету жолы. Оқушылардың кәсіби дамуына зор әсер еткен бұл кездесулер осындай маңызды тақырыптарды талқылап, болашақ медицина мамандарының білімдерін арттырып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашудағы маңызды қадам екені айдан анық.

Қорлан САДВАКАСОВА
М.Жұмабаев атындағы
гимназияның химия пәні мұғалімі

Қарағанды

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button