Медицина

Медицина дамуы – ел дамуы

Қарағанды облысында соңғы екі жылда медицина мамандарының тапшылығы 62%-ға азайды. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда едәуір. Осы кезеңде денсаулық сақтау жүйесіне 563 медициналық маман тартылды.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, өңірде медициналық инфрақұрылымды жетілдіру, білікті кадрлармен қамтамасыз ету, сондай-ақ, ауыл тұрғындарына қолжетімді медициналық қызмет көрсету бағытында нақты жұмыстар атқарылуда.

Сурет облыстық денсаулық сақтау басқармасынан

2021-2025 жылдарға арналған даму жоспары аясында Қарағанды облысында 22 денсаулық сақтау нысанын салу көзделген. Оның ішінде, фельдшерлік-акушерлік пунк­ттер мен дәрігерлік ­амбулаториялар да бар.

Мәселен, соңғы жылдары өңірде бірнеше жаңа медициналық нысан пайдалануға берілді. Соның бірі – Нұра ауданының Кертінді ауылындағы жаңадан ашылған дәрігерлік амбулатория. Бүгінде ауыл тұрғындары аудан орталығына сабылмай-ақ, жергілікті жерде қажетті ем-домын алып отыр. Бұл – ауыл медицинасын дамытудың нақты көрінісі.

Сонымен қатар, қазіргі таңда облыста цифрлық медицинаның әлеуеті де артып келеді. Мекемелер электронды кезек, қашықтан кеңес беру, пациенттің электронды картасы секілді заманауи жүйелермен қамтылған. Әлі де облысқа жас дәрігерлерді тарту, баспана және әлеуметтік қолдау тетіктері қарастырылуда. Медициналық ЖОО түлектері шалғай ауылдарға барып, тәжірибе жинақтап жатыр.

Қарағанды облысында ауылдық жерлерде жұмыс істеп жатқан дәрігерлердің бірі Ахрор Усманов Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін бітіріп, Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданына қарасты Ботақара кентіне жалпы практика дәрігері ретінде жұмысқа орналасты. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында келіп, қызметтік тұрғын үймен қамтамасыз етілді және барлық қажетті әлеуметтік қолдауларды алды.

Тағы бір мысал, Сәнім Қапият Қарағанды медицина университетін бітіріп, туған жері Қарқаралы ауданына оралып, аудандық ауруханада хирург және анестезиолог-реа­ниматолог мамандықтары бойынша жұмыс істеуде. Ол да «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасына қатысып, 5 миллион теңге көлемінде көтерме жәрдемақы алды.

– Екі жыл бұрын Қарағанды медицина университетінде резидентураны сәтті аяқтадым. Бүгінде хирург және анестезиолог-реаниматологпын. Оқуды бітіргеннен кейін туған жерімдегі ауруханада жұмыс істеуді шештім. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы жас мамандар үшін үлкен ынталандыру, – дейді Сәнім Қапият.

Дәрігерлердің тәжірибесі ауылдық жерлерде медициналық қызметтің сапасын арттыруға және маман тапшылығын азайтуға ықпал етті.

Өткен жылы Қазақстанда дәрігерлер тапшылығы ­3 986 бірлікті құрады, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 20%-ға аз. Орта медициналық персонал бойынша тапшылық 4 230 болды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 7%-ға төмендеді деген сөз.

Ауылдық жерлерге жұмысқа барған дәрігерлерге 100 ЕТЖ (8,5 млн теңге) мөлшерінде біржолғы көтерме жәрдемақы төлейтін мүмкіндік те берілді. Сондықтан өткен жылы 254 дәрігер жалпы сомасы 2,1 млрд теңгеден астам төлем алды.

2021 жылдан бастап жыл сайын 600 медициналық маман жаңа технологиялар бойынша оқытылуда. Бұл шаралар кадрлардың кәсіби деңгейін арттыруға бағытталған. Осыған ұқсас облыста қабылданған шаралар медициналық кадр тапшылығын азайтуға және денсаулық сақтау қызметтерінің сапасын арттыруға ықпал етуде. Өңірде медициналық кадрларды даярлау және олардың біліктілігін арттыруда бүгінде жергілікті бюджет есебінен резидентурада 200 маман оқып жатыр. Биыл алғаш рет Қарағанды облысы әкімінің бакалавриатқа 20 гранты бөлінді. Мектептерде 94 медициналық сынып ашылғаны да облыс үшін үлкен олжа.

Облыста дәрігерлердің біліктілігін арттыру мақсатында шетелдік тағылымдамалар ұйымдастырылып тұрады. 2024 жылы 106 дәрігер Германия, Финляндия, Ресей, Испания елдерінде балалар нейрохирургиясы, кардиология және кардиохирургия, инсульт орталықтары, анестезиология – реаниматология, онкологиядағы нейрохирургия және басқа да салаларда тағылымдамадан өтті. Қарағанды облысында жүзеге асқан бұл шаралар дәрігер мамандарының тапшылығын азайтуға және денсаулық сақтау қызметтерінің сапасын арттыруға ықпал етті.

Ресми деректерге сүйенсек, қазіргі уақытта Қарағанды облысының денсаулық сақтау саласында 15 710 адам еңбек етеді. Қазіргі таңда аймақта шамамен 6 400-ден астам дәрігер жұмыс істейді. Бұл көрсеткішпен облыс еліміздегі дәрігерлер саны бойынша Алматы (13 859) және Астана (9 937) қалаларынан кейінгі үшінші орында тұр. Халық санына шаққанда, Қарағанды облысында әр 10 000 тұрғынға 50,3 дәрігерден келеді. Облыстың денсаулық сақтау басқармасы ұсынған мәліметке сүйенсек, әсіресе Теміртау, Шахтинск, Саран және Балқаш қалаларында 162 жалпы практика дәрігерлері мен мамандар жетіспейді.

Дегенмен, соңғы екі жылда облыста медицина мамандарының тапшылығы 62%-ға төмендегені де байқалды. Бұл жетістікке әлеуметтік қолдау шаралары, жас мамандарға көтерме ақы төлеу, қызметтік тұрғын үй беру және шетелде біліктілікті арттыру бағдарламаларының арқасында қол жетті.

Бүгінде облыс дәрігерлер саны мен медициналық кадрларды тарту бойынша еліміздегі жетекші өңірлердің бірі. Болашақта тағы бірнеше денсаулық сақтау нысанын ашу жоспарланған. Нысандар медициналық қызметтердің сапасын көтеріп, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталады.

Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button