Медет Осатайдың өнер кеші өтті
«Қарашада өмір тұр, тоқтатсаң тоқсан көнер ме? Арттағы майда көңіл жүр, жалынсаң қайтып келер ме?» деп хакім Абай айтқандай, биылғы қарашада Арқа аспанын ән мен жыр кернеп тұр. Кеншілер мәдениет сарайында өткен облыстық, республикалық байқаулардың лауреаты, Мәдениет саласының үздігі, Арқа ән мектебінің сәруар өкілі Медет Осатайдың «Майда қоңыр» атты шығармашылық кеші – соның айғағы.

Арқадағы асқақ дәстүрлі ән өнерінің арғы-бергі тарихынан тамыр тартқан кеште Ақан сері, Жаяу Мұса, Балуан Шолақ, Иса Байзақовтардың асыл мұрасы сахна төрінде жаңғырып, жұртшылықтың жүрегін тербеді. Тәттімбет күй шертіп, марқасқа Мәдидің үні қалған, сақи даласы ән мен әуенге толы қасиетті өлкеде өткен бұл кеш – Медет Осатайдың өнердегі өсу бір белесі іспетті.
Кештің шымылдығы тақырыпты арқау етіп тұрған Ақан серінің мәңгілік мұрасы – «Майда қоңыр» әнімен түріліп, Арқа әнінің ардабозы Жаяу Мұсаның «Хаулауымен», Балуан Шолақтың «Ғалиясымен» жалғасты. Ғаламат кеште әуелеген әндермен қатар, күмбірлеген күйлер де өз өрнегін тапты. «Арқа сазы» фольклорлық ансамблі Сүгірдің «Ыңғайтөгі», Қыздарбектің «Сылқым қызы» және Дайрабайдың «Дайрабай» күйлерін бірінен соң бірін төгілдіріп, кештің көркін қыздыра түсті.
Өңірдің өнер өлкесінде өзіндік ізі қалған өз композиторлары мен қаламгерлерінің туындылары да кештің мән-мазмұнын тереңдете түсті. Кеш барысында Арқа ақындарының сөздеріне жазылған Дәуренбек Әркеновтың «Туған жер», «Ана», «Әкеге сағыныш» секілді әндерін де кеш иесі құйқылжыта шырқады.
Әннен күйге, күйден әнге жалғасқан осынау кеште Медеттің өнердегі өрісі кеңейіп, табиғи болмысы айшықтала түскендей болды. Күміс көмей, сырлы сазды сырбаз әншінің шығармашылық шалқар шабыты алдағы уақытта да қазақтың қастерлі әнін әуелете берері сөзсіз.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»



