Жаңалықтар

Медбике шақыру қызметі цифрландырылды

Қарағандыда үй жағдайында медициналық көмек алуды жеңілдететін MEDIXGO платформасы іске қосыла бастады. Сервис инъекция, система және өзге процедураларды мамандар арқылы тікелей үйде орындауға мүмкіндік береді деп хабарлайды Ortalyq.kz облыс әкімдігіне сілтеме жасап.

Суреттер облыс әкімдігі сайтынан

MEDIXGO – үйге медбике немесе фельдшер шақырып, инъекция, система және басқа да медициналық процедураларды жасатуға мүмкіндік беретін онлайн сервис. Жобаның идеясы биылғы жылдың қаңтарында Қарағандыда пайда болып, гипотезалар мен бизнес-модельді тексеру үшін алдымен Астанада пилоттық жоба ретінде іске қосылған. Қызметті Қарағандыға тарату келесі жылдың басына жоспарланып отыр.

Жобаның авторларының айтуынша, такси шақыру, тамақ жеткізу сияқты бағыттарда цифрландыру қарқынды дамып жатқанымен, үйге білікті медицина қызметкерін шақыру әлі күнге дейін күрделі мәселе болып отыр.

– Үйге медбикені шақыру мәселесіне келгенде бәрі күрделене түседі. Қалаған уақытта келе алатын білікті маманды табу үшін адамға ұзақ іздеуге, уақыт жоғалтуға және артық шығындалуға тура келеді. Біздің жобамыз дәл осы мәселені шешуге бағытталған, процесті такси шақыру сияқты қарапайым етуге тырысамыз, – дейді MEDIXGO.KZ негізін қалаушы Олжас Жанбатыров.

Сервистің басты артықшылықтарының бірі – ашықтық пен қауіпсіздік. Платформада жұмыс істегісі келетін медицина қызметкерлері бірнеше кезеңнен тұратын қатаң тексеруден өтеді: олар медициналық дипломының көшірмесін, медбике не фельдшер сертификатын, санитарлық кітапшасын және негізгі жұмыс орнынан анықтама ұсынады. Барлық құжаттар бірыңғай дерекқорлар арқылы тексеріліп, жұмыс берушіден алынған мәліметтер нақтыланады. Тек осы талаптардың бәрі орындалғаннан кейін ғана маманға тапсырыстар қабылдауға рұқсат беріледі.


Қызметті қолданып жүрген мамандар да платформаның тиімділігін атап өтеді.

– Төлем ашық, қосымша өте ыңғайлы. Бұл – өз мамандығың бойынша қосымша табыс табудың тамаша мүмкіндігі, – деп бөліседі MEDIXGO-мен жұмыс істейтін фельдшерлердің бірі.

Процедуралар тек дәрігердің тағайындауы бойынша ғана жүргізіледі. Өтінім түскен кезде администратор пациентпен байланысып, қажетті дәрілер мен құралдардың бар-жоғын, ең бастысы – дәрігерлік нұсқаудың болуын нақтылайды. Тағайындаусыз ешқандай процедура жасалмайды.

Қазіргі уақытта сервисті 160-тан астам адам пайдаланады, олардың көбі қызмет сапасы мен қолайлылығының арқасында тұрақты клиентке айналған. Платформа ай сайын 30-40 шақырту қабылдайды.

– Әріптестеріме қателесуден қорықпауды тілеймін, себебі әр қадам – тәжірибе. Ал қарағандылықтарға – денсаулық тілеймін. Жаңа жылдық мерекелерден кейін біз жобаны Қарағандыда жалғастырамыз, – деді олжас Жанбатыров.

Жамал АКПАРОВА

Басқа материалдар

Back to top button