Жаңалықтар

Мазасыз кісі (Кәмел достың рухына арнау)

Мазасыздықты екі мағынада қарастыруға болады. Бітіріп жат­қан түгі жоқ, соған қарамастан, екі иығын жұлып жеп, жау қайдалағандар әр ауылда бар. Сонысына қарамастан, әлгі пысықай жұрт көзіне түскіш. Жора-жолдас­тың суын табуға келгенде, алдына қара салмай озғындап кетеді. Жиын-жиналыста мінбер­де құзғын сұңқылға басқанда сай-сүйекті сырқыратады. Сөйтіп жүріп бақай арамдыққа басады. Әне біреу ішіп қойыпты, жеп қойыптыға басады. Өзінің де жемсауы таза емес, бірдеңе-сірдеңені өңешінен өткізіп жіберген. Даурықпаға басқанда ес-түсі қалмайды. «Біздің кісінің арқасында дамыған елу елдің қатарына жеттік» – дегені әсерлі шығып жатады. Бұндайларда ұйқы аз, күлкісі де қожыраңқы келеді. Нағыз мазасыз қазақ осындай-ақ болсын!

Арамыздан кеткеніне жыл толған асыл азаматты еске алғанда, қоғамда өріп жүрген пысықайларды, әпербақан ұрдажықтарды, айқайшылдарды шағын мақалаға кірістіруде қисын бар. Қәмекең жай ғана күйбеңшіл емес, ой­сан мазасыз кісі еді. Жоқтан жау, болмастан дау тілегендей кү­йіп-пісетін шыдамсыздығы дұшпанға айбар, досқа демесін еді. Мазасыздығы өзіне жарасып тұратын. Қоңыр кескінді, мығым денелі оның сөз саптасы тасты жарып шыққан бұлақ бастауындай кө­мейінен лық-лық төгіліп жатар еді. Мап-майда жұмсақ үнінде қатқылдықтан да байсалдылық сарыны басым түсіп, даукесті ық­тырып жіберер еді. Сондағы оның сөз сарыны: «Біз осы дербес елміз бе? Ел болсақ тілімізді неге түземейміз? Дәстүр-салтымызды, дінімізді неге ұстанбаймыз? Бая­ғы бағынышты құлдық психоло­гиядан арылатын уақыт жетті», – дегенге саятын.

Бұл теңсіздікті ол жалындаған жиырма жасында көтерген еді. Он­дай ұран біздің өңіміз тұрмақ түсімізге де кірмейтін. Мектепте құлағымызға сіңген: «Ленин ата – біз ұлан, одан туған бақ күнім, сенің нұрлы шұғылаң, бізге әперген шат ғұмыр» – деген тақпақты бертінге дейін ыңылдап айтып жүрдік. Елуінші жылдарда «ЕСЕП» партиясы құрылғаны еміс-еміс құлағымызға жететін-ді. Расы керек, соған мән беріп жатпайтын едік.

Әдебиетке жақындығымнан болар, Бүркіт Ысқақов поэзиясын­дағы ұлттық сарын мені елең ет­кізген еді. «Елін сүйген ерлер партиясына» бүйрегім бұра бас­таған-ды. Соның әсерімен жазған екі-үш өлеңімді әдебиеттегі ұстазым Асан Жұмаділдинге оқытқанда: «Сенің халықшыл болған неңді алған?», – деп тіке бетіме ұрған еді. Өлең жазғанды қойып кеткенім содан болатын. Прозаны қаузағанда саяси тақырыпқа жоламайтын едім. Кейінде ғой, шетімізден «қайраткер» боп шыққанымыз. Соларың бүгінде жағымпаздықтың жалған ұраншысы боп шықты. Аузы айтқанымен, қолы қимылдамайды. Кәмелдің қолы мен аузы қатар жүретін еді. Отаным деп отқа түскен елжанды азамат сексен төрт жасаған ғұмырында «қайран елім, қазағым» деу­ден еш жаңылмай кетті.

Ол барынша елжанды азамат еді. Батырға лайық беттілігіне, қай­сарлығына баға жетпейтін-ді. Бір бет алған жағынан өлуі бар қайт­пайтын. Қазақ халқының абызы Шортанбай жырау ғұмыр кешкен құтты өңірде дүниеге келген Кәмел, бейнелеп айтқанда данагөй жыраудың қоржынынан қалып кеткен асыл жәдігердей көзге ыстық көрінеді. Шортанбай жыраудың рухы демесін деген Кәмел Жүністегі ғұмырының денін жыраудың асыл мұрасын туған халқына қайтаруға жұмсады. Елеусіз қалған жыр дастандарын тірілтті. Тарих шаңдағында қалып бара жатқан әдеби мұрасын қағып-сілкіп қалың елімен қайта табыстырғанын қай көзден жасырамыз. Шортанбай жырауға арнап қалыңдығы екі елі «Соңғы абыз» романын жазды. Романда соңғы абызға байланысты тың дерек молынан. Шортекеңнің кіндік қаны Арқа даласына тамған еді. Кейбір ел ішіндегі білгіштер «Шортанбай Арқада тумаған» деп дау шығарады. Бұл – қате тұжырым. Жыраудың атажұрты Түркістан болғанда, кіндік қаны тамған жері Арқа даласы. Шет ауданының орталығы Ақсу-Аюлыда мәңгі тынымдаған жырау рухы қазақ елімен бірге жасай бермекші. Шортанбай шығармашылығы тар аяға симайды. Зар заман өкілі боп табылатын жыраудың даналық ойлары бүгінгі ұрпақтың рухани кемелденуіне ықпал ете бермекші. «Қайтсек қазақ боп қаламыз?» деген сұраққа жауапты жырау толғауларынан табуға болады.

Жарықтық Кәмекең ұлы жырау үшін не көріп, не естімеді дейсің! Көп нәрсе ішінде кетті. Шортекең мұрасын заман сүзгісінен өткізіп қайта қалыптауға ақ тер, көк тер болып жүренде: «Шортанбай – сарт, сен де – сартсың» – дейтіндер өзінің ауылдастары еді. Бір жолғы отырыста маған мұңын шағып: «Шортекеңе аудан атын алып беруге атсалыссаңшы» – дегені бар. Бұл – келешектің ісі, Шортанбай жырау аудан атына сұранып тұр. Ерте ме, кеш пе, жүзеге асатын жағдай. Ауылдық аяда, тар шеберде қала берсек, ұлттық рухымыздың жайдақталып кететінін ойлайтын уақыт жетті. Әлеуметтік қиындықтарға байланысты күнкөріс күйбеңімен болып кеткен өтпелі кезеңде ұлттық идеологияның құралы болып табылатын әдебиет пен өнерді шетқақпайға ұшыратып, Шортанбай сынды тұлғаларды ұмыт қалдырудың қисыны келмейді.

Кәмел Жүністегі – әмбебап талант. Оның қаламы өнікті, таланты өрісті болды.

Қазақ даласының бір пұшпағы Шет өңірі – атыс-шабысты көп көрген шерлі өлке. Кешегі ақ пен қызыл шарпысқан алағай-бұлағай кезеңнің шындығын ашып көрсеткен тағы біздің Кәмекең болатын. Отыз екінің (1928-1933 ж) аштығында Шет ауданының қырық мыңға жуық тұрғыны аштықтан қырылып кеткенін, түп қазықта бес-ақ мың қазақ қалғанын нақты құжаттар арқылы дәйектегені былай тұрыпты, қай жерде, қай шұңқырда, қанша мүрде үйінді боп қалғанын кейінгі буынға жеткізген де осы мазасыз кісі болатын. Шолақ белсенділердің қай жерде қанша кісі атқанын дер кезінде қағазға түсірген де Кәмекең еді.

Өлкетанушы зеректігін былай қойғанда, өнерге құсы түскіш Кәмекең күй өнеріне де жақын болды. Тәттімбет дәстүрін дамытушы шертпе күйшілер Әбди, Сембек, Итаяқ, Қыздарбек, Әбікен Хасенов, одан берідегі Бегім­сал, Дәулетбек, Орал Исатаев бәрі-бәрін қарымды қаламымен жырдай толғады. Туған жездесі, дәулескер күйші Дәулетбек Садуақасовтың күйшілік талантына дем берген де өзі еді. Кәмкеңнің ұлттық өнерге, оның ішінде күйшілерге ықыласы өзгеше болатын, соның айқын дәлелі күй аспабына әуестігі еді. Құттыханасының бір қабырғасы домбыра үлгілерімен көз тартады. Домбыраға құмарлығы ұлттық өнерге деген махаббатының белгісі десе болады.

Тұрғылас достың бір қыры оның жазушылығы болатын. Рас, ол әдебиетке кеш келді. Өлең өлкесін біраз шиырлап барып, прозаға кешеңдеп келгеніне қарамастан, өндіре еңбектенген ол сүбелі роман, повестер жазды. Соның нәтижесінде қаламынан «Құба белдер» трилогиясы туындады. Одан бергі кезеңде ондаған хикаят, жүздеген әңгіме жазды. Бұның сыртында, саяси өткір та­қырыпта жазылған серпінді ма­қалалары қаншама десеңші. Оны айтасың, не бір дарынды таланттардың тісі батпаған тақырыпты қаузаған да осы мазасыз кісі болатын. «Ер Едіге» романын қалың оқырман таласа-тармаса оқығанын көзіміз көрді.

Кәмел дос қанды көз қырандай қайтпас қараның нақ өзі еді-ау, шіркін! Деген қылшылдаған уытты кезінде Отаны үшін отқа түскені, түрме теперішін көргені мінез қалыбынан байқалатын. Жайшылықта сабырлы ол басынан сөз асырмайтын тарпаң болатын. Осы ғадетін өзіне емеуріндегенімде, жұмсақ жымиыспен арқамнан қаққаны бар. «Қиянаттың қыл бұ­рауына түссең, көрер едім әуселеңді», – дейтін еді. Қатарластары оның шалт мінезінен ықтап кететін-ді. Ет жүректі пенде бірінші кезекте өзінің шыққан тегін білуге тиісті. Қожа әулетінен екенін тым дабыралауға жоқ ол «қазақпын, қазақ ішінде қожамын», – деп жұмсақ жымиятын-ды.

Кешегі кеңестік кезең­нің қор­жынынан шыққан біз­дің буын мұсылмандық­ты әуестікпен қабылдады. Меккеге сапарлап қайт­қан Кәмел қажы «әркімнің өз тағаты өзіне, дін даңғазаны көтермейді», – деп жұмсартып отыратын-ды.

Қомақты іс тындырмаса жүре алмайтын бейнетқорлығында қа­пы жоқ еді Соның бір айғағы, дәлел-дәйегі орнықты «Қожалар шежіресін» жазып шыққаны болатын.

Қайда да жеңіл қарпуға жоқ ол ауырға арқасын тосудан еш тайқымады. Мазасыздығы сол – үнемі жоқ ізеп жүретін еді. Қарақан басының қамынан бұрын ұлтымыздың болашағы үшін тер төкті. Кіндік қаны тамған Шет өңіріне деген перзенттік махаб­батынан айнымай кетті. Туған даласы ата қонысын жалықпай жырлап өткен ұлтжанды тұлға Кәмел Жүністегі келешекте Ақсу-Аюлыда тас мүсінге айналып, ел жүрегінде мәңгі қалады деген сенімдеміз. Тындырған ісі, жазған еңбектері ұрпақ санасынан өшпекші емес.

Өмір КӘРІПҰЛЫ,
жазушы
Шет ауданы

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button