Жаңалықтар

Маусымжабарға шақырады

Қали Байжанов атындағы Қарағанды концерттік бірлестігінің Тәттімбет атындағы академиялық халық аспаптар оркестрі мамыр айының 22 жұлдызы күні өзінің XXXVI маусымын, ал, Еркеғали Рахмадиев атындағы академиялық симфония оркестрі мамыр айының 25 жұлдызы XXXXI маусымын жабады.

Бұл концерт маусымы оркестрлер үшін табысты өтті. Себебі, Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің 85 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп, мерекелік жоспарға сәйкес, ауқымды концерттер өткізді. Монғолия, Түркия, Испания, тағы да басқа елдерге гастрольдік сапарлар жасалды.

Былтыр Тәттімбет оркестрі 35 жылдығын, симфония оркестрі 40 жылдығын салтанатты түрде атап өткен еді. Облыстың мәдени өмірінде, жалпы Қазақстан өнерінде аталмыш екі оркестрдің алар орны ерекше.

Тәттімбет оркестрінің 22 мамыр күнгі концертінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Талғат Ыдырысов, халықаралық, республикалық конкурстардың лауреаты Рысты Рахымжан және республикалық конкурстардың лауреаты Дамир Садуақасов өнер көрсетіп, шетелдің классикалық әндерін, қазақ халық әндерін орындайды. Өнерсүйер қауымға бұл күні оркестр Тәттімбеттің, Тоқаның, Қазанғаптың, С.Мұхамеджановтың, тағы да басқа көптеген танымал күйшілердің туындыларын тарту етеді деп күтілуде. Бағдарлама дирижерлары – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Әбдуғалисын Шоқанбаев, Мәдениет саласының үздігі Ерлан Бақтыгерей, Қазақстан композиторлар одағының мүшесі, халықаралық конкурс­тар лауреаты Әбілқайыр Сағымбаев.

Осы ретте айта кетсек, Тәттімбет атындағы академиялық халық аспаптар оркестрінің репертуары әрдайым терең, бай, жан-жақты екені көрерменге, өнертанушыларға, музыка саласы мамандарына жақсы мәлім. Оркестр музыканттарының кәсіби шеберлігі де әрқашан жоғары бағаланады.

Еркеғали Рахмадиев атындағы симфония оркестрі де 25 мамыр күнгі концертінде халыққа ерекше бағдарлама дайындап, сыйға тартады. Арнайы ша­қы­рылған қонақтар – «Астана Опера» опера және балет театрының жеке орындаушылары, халық­аралық, республикалық конкурстардың лауреаттары Мерей Қадырхан, Аян Төлеген, Ержан Дәуітов, «Астана Опера» театрының хоры өнер көрсетеді. Бас хормейстер – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов. Қарағандының опера өнерінің бағалаушылары бұл кеште Астана сахнасында асқақтайтын баритон, тенорды тыңдай алады.

Симфония оркестрінің бағдарлама­сы: Дж.Пуччини «Messa di Gloria» (жеке орындаушыларға, хорға арналған), И.Брамс Симфония №1 до минор, 68 жаз­басы. Дирижері – ҚР еңбек сіңірген қай­раткері Петр Грибанов.

Қарағанды оркестрлері көрерменін асыға күтеді.

Марал НҰРТӨЛЕУОВА,
Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің редакторы.

Басқа материалдар

Back to top button