Медицина

Маусымдық тұмау өршіп тұр

Ауа райының қолайсыздығына байланысты жіті респираторлық вирустық инфекциялар (ЖРВИ) мен тұмау жұқтырғандар саны артқан. Эпидемиялық маусым басталғалы балалар арасында ЖРВИ көбейіп тұр. Бұл туралы облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Юрий Залыгин өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Оның айтуынша, аймақта жыл басынан 1 наурызға дейін коронавирус инфекциясын жұқтырған 663 жағдай тіркелген. Оның 645-і симптомды, 18-і симптомсыз. Соңғы тәулікте сегіз адам ауырған. Облыс – «жасыл» аймақта. Сырқаттанушылық деңгейі алдыңғы аптамен салыстырғанда 23,5%-ға төмендеді. Есесіне, суық тиіп ауырғандар саны артуда.

– «Коронавирус инфекциясының тұрақты жағдайына қарамастан, біз ЖРВИ мен тұмаудың кезекті өсу сатысында тұрмыз. Инфекцияның таралу маусымы басталғалы ЖРВИ жұқтырғандар саны – 278 адам, оның ішінде 52%-ы 14 жасқа дейінгі балалар. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда сырқаттану деңгейі 1,3 есеге өскен, – дейді бас санитар дәрігер Юрий Леонидович.

Сонымен қатар, аймақта А1 және В тұмауларының 304 жағдайы тіркелді, оның ішінде тұмаудың А1 түрімен – 71, ал В түрімен 233 адам ауырған. 14 жасқа дейінгі 122 бала тұмау жұқтырған. Оқушылар арасында жіті респираторлық вирустық инфекция жұқтырғандар 1,8 есеге өскен. Дегенмен, департаменттің ЖРВИ-мен сырқаттанудың алдын алу мақсатында жүргізген мониторингі бойынша, мектеп оқушылары арасында сырқаттанушылық орта есеппен 4-15% аралығында. Осыған байланысты шектеу шаралары енгізілмеген. Сәйкесінше, тұрғындар арасында сырқаттанушылықтың апталық көрсеткіші жоғарыламаған. Яғни, жағдай – тұрақты әрі бақылауда.

ЖРВИ мен тұмаудан бөлек осыған ұқсас вирустардың да бар екендігін айта кеткен жөн. Мәселен, ЖРВИ белгілері бар науқастардан 1416 үлгі алынып, зерттеу жүргізілді. Нәтижесінде, тұмаусыз вирустардың үлесі – 16%. Олар – риновирус, РС вирусы, аденовирус.

– Аймақта туберкулез бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақтанды. 2022 жылы сырқаттану 19,6%-ға өссе, биылғы екі айда 63 адамнан сырқат анықталған. Оның үшеуі – бала. Жалпы, өткен жылдың қорытындысы бойынша туберкулез инфекциясы ошақтарында сырқаттану деңгейі сақталуда. Дәріге төзімді, АИТВ инфекциясымен байланысты туберкулезбен ауыратындардың үлесі артып келеді, – деп атап өтті басқарма басшысы.

Сондай-ақ, аймақта 2022 жылы жіті ішек инфекцияларының 960 жағдайы тіркеліп, 2021 жылмен салыстырғанда 26%-ға өскен. Әсіресе, тамақтан улану әлі де қауіп төндіруде. Өткен жылы жіті ішек инфекциясынан жаппай сырқаттану басым болды. Үйде отырып, пицца, суши және тағы да басқа тамақ түрлеріне тапсырыс берушілер арасында жиі кездесті. Яғни, кәсіпкерлер тамақтану орнын ашқанымен, санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сай емес, кәсіпкерлік субъекті қызметінің басталғандығы туралы хабар бермегендіктен, кәсіпкерлік нысандар санитарлық-эпидемиологиялық қызмет қорытындысыз жұмыс істеп келген. Нәтижесінде, адамдар арасында ішек инфекцияларының таралуына әкелді.

Бұдан бөлек, тамақты үйде дайындаудың да зияны шаш етектен. Көп жағдайда санитарлық тазалық талаптарының сақталмайтындығы да жасырын емес. Өткен жылы үйде консервіленген «лечо» салатын пайдаланып, ауырған бір жағдай орын алды. Тамақтан улану әлі де тыйылмай тұр.

Осы орайда, бастысы санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылықты қамтамасыз ету, тамақтану гигиенасын сақтау мен азық-түлікті дұрыс таңдау қажет. Жарамдылық мерзімі өткен заттардан аулақ болу, көкөністер мен жеміс-жидектерді жуу, тағамды толық пісіру мен қуырудың маңыздылығы зор. Әсіресе, құс еті мен балық өнімдерін пайдалануда мұқият болған абзал. Тез бұзылатын кремі бар кондитерлік өнімдерді тоңазытқышта сақтаған жөн.

Қоғамдық тамақтану орындарында жеке гигиенаны қатты қадағалап, мекеменің тазалығына да мән берген дұрыс.

Осындай маңызды мағлұматтар айтылған баспасөз мәслихатында мамандар уланудың алғашқы белгілері пайда болған жағдайда дереу дәрігерге жүгіну қажеттігін баса айтты.

Жалпы, эпидемиялық жағдайлардың алдын алуда сақтық шараларын күшейту қажеттігі де айтылды. Ауа райының күрт жылынуы да бірқатар мәселелерді туындатуы әбден мүмкін. Бұл туралы департамент басшысы Юрий Залыгин:

– «Қазгидрометтің» болжамы бойынша ағымдағы жылдың наурыз айы болуы мүмкін. Күрт жылыну, қардың жылдам еруі, жауын-шашын облыстағы су тасқыны жағдайын қиындатуы мүмкін. Көпжылдық бақылауға сәйкес, көктемнің ерте кезеңінде тәулігіне бір айлық жауын-шашын мөлшері түсуі мүмкін, – дей келе, тұрғындарды сапалы және қауіпсіз ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстарына мұқият болу керектігін қадап айтты. Бұл жұмыс тек бақылаушы органдар, зертхана қызметтері мен су көздеріне жауапты субъектілердің міндеті ғана еместігін тілге тиек етті. Қауіптің алдын алуда жеке адамдар да бейжай қарамауы қажет деп тұжырымдады. Осы орайда, ауланы қардан тазарту, еріген суды бұру, жекеменшік үй ауласындағы пайдаланып отырған құдыққа лас судың құйылмауын қадағалау, зарарсыздандыру жұмыстарын жүргізу шараларын да ескерген жөн.

Сайып келгенде, аймақта эпидемиологиялық салауаттылықты қамтамасыз ету үшін микст-инфекцияның алдын алу мақсатында қорғаныс шараларын қатаң назарда ұстаған абзал.

Сағыныш ӘБІЛ.

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button