Руханият

Маусымды «Қош, махаббат!» аяқтады

Махаббатқа сенесіз бе? Адалдық пен төзімділікті талап ететін ұлы күш әлі де құдіретін жоғалтпапты. Біз оған М.Мақатаевтың «Қош, махаббат!» драмасын тамашалағанда көз жеткіздік. Өйткені, ондағы лирикалық иірімдер мен сазды әуен жанды баурады. С.Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрының 91-ші маусымы театрдың көркемдік жетекшісі Айдын Салбан сахналаған М.Мақатаевтың «Қош, махаббат!» драмасымен жабылды

Қойылым алдында баспасөз мәслихаты өтті. Оған театр басшысы Құрман Қалымов, көркемдік жетекшісі Айдын Салбан, режиссер Бекмұхамет Киекбаев және театрдың мақтаныштары Кеңес Жұмабеков пен Нұржібек Жансүгірова қатысты.

– Биыл театрымыздың репертуары жаңа қойылымдармен толықты. Атап айтсақ, «Атаукере», «Вампир күйеу», «Доп басу ойыны» сияқты спектакльдермен 2023 жылдың маусымын аяқтағалы жатырмыз. Сондай-ақ, бүгін «Қош, махаббат!» спектаклін көрермендерге тарту еттік. М.Мақатаевтың 70-жылдары жазылған драмасы бүгін халықпен қайта қауышты, – деді Құрман Өмірбекұлы.

«Қош, махаббат!» – жалпы күмән мен күдік арпалысқа түсетін мөлдір, таза сезімнің тұнығын лайлаған күмәнді ойлар мен арманның жетегінде кеткен қос ғашықтың сезімі. Бағдат пен Банудың бір-біріне деген ынтызарлығы жайында болады.

Театрдың көркемдік жетекшісі Айдын Салбан: «Жылды қорытындылай келе айтарым, биылғы жыл бізге өте олжалы болды. Түрлі фестивальдарға қатысып, жүлделерге ие болдық. Шетел астық. Бүгінгі қойылым ақиық ақынның драматургияға қадам басып, ел ішінде көп жерлерде қойылып, әсіресе жастардың жүрегінен орын алып жүрген махаббат тақырыбын еркін әрі терең қозғай білген қойылымның бірі. Көркемдік кеңес пен театр ұжымы ақылдаса отырып, «жас буынға студенттерге, оқушыларға махаббат туралы сыр шертсек, жүректерінен орын алсақ» деген оймен махаббат тақырыбын қозғағымыз келді. Бағасын халық өзі бере жатар», – деп пікірін білдірді.

Бағдат пен Банудың кіршіксіз махаббатына бәрі қызығып қарайды. Бірі – болашақ композитор, бірі – мұғалім. Үлкен қалада бір-бірін тапқан қос ғашықтың шынайы сезімі ешкімді бейжай қалдырмады. Дегенмен, өмір тосынсыйын әрқашан дайындап тұратынын білеміз. Махаббат хикаясында Асанның үлкен рөл ойнайтынын олар тіпті болжаған емес. Бану өз таңдауын жасағанымен тағдырдың жазғанына ешкім де қарсы тұра алмайды.

– Сәкен театрында жүргеніме екі жыл болды. Бұл қойылымға бір ай көлемінде дайындалдық. Өз рөлімді алып шығу оңай болмады. Жүректі тебірентіп, жылататын сахналар қиын болды. Және ең соңғы сахна Банудың есейген кезін халыққа жеткізу мен үшін қиынға соқты. Бірақ, режиссердің көмегімен рөлімді алып шықтым. Қойылым барша көрерменнің жүрегінен орын алады деген үміттемін, – деді бас кейіпкер Бануды сомдаған Әнелі Сағындықова.

Сонымен қатар, басты кейіпкерлердің бірі Асан рөлін сомдаған Серікболсын Қайыржанов: «Театрда істеп жүргеніме 5-6 жылдай болды. Бүгінгі рөлім жайлы айтсам, Асан деген жас студент жігіт өмірінде қанша өкініші болса да, ақыр аяғында өз бақытына қол жеткізеді. Бұл жігіттің басынан өтетін кейбір жайттар өз басымыздан өтетіндіктен бұл рөлді сомдау қиынға соқпады. Жалпы рөлім көңілімнен шықты», – деп өз ойын білдірді.

Махаббаттың бар екенін, оны аялап, қастерлеу керек екенін сездірген бұл екі ғашықтың хикаясы көрерменнің жүрегінен ерекше орын алды.

Банудың мәңгілік махаббаты болған Бағдаттың рөлін сомдаған кейіпкер Бақытжан Ерғалиев: «Театрға келгеніме 2 жыл болды. Менің образым М.Мақатаевтың ойынан туған туынды. Бағдаттың жауапсыз сезімі, махаббатта болмаған жолы жайында. Бағдат өзінен басқа ешкімді ойламайтын, тұйық, ішіндегі дертін ешкімге айтқысы келмейтін, көпшілік алдында масқарасы шығып қала ма деген қорқынышпен өмір сүретін кейіпкер. Достары да аз, себебі, өзі дос болуға қадам жасаған емес. Тек Банудың шынайы махаббаты ғана оны алға жетелеп, шабыттандырды. Бағдатпен өзімді салыстырғанда екі бөлек жандармыз. Бірақ, режиссердің берген талаптары мен бағыттарын қолдан келгенше орындап шығуға, көрерменге ұсынуға тырыстым. Дегенмен, бұл образды әлі жетілдіруім керек», – дейді.

Махаббат – ұлы сезім. Оның құдіреттілігі сонша, ол бүкіл әлемді біріктіретін ұлы күш. Адамның бүкіл санасын жаулап, оны ақылға сыйғысыз іс-әрекеттерге итермелейді. Махаббат адамды толықтай өзгертеді, оны барлығына да үйретеді. Жақсылыққа да, жамандыққа да.

Көрерменін терең ойға жетелейтін, адамның ішкі рухы мен тозбас қуатын сездіретін махаббат дастаны ғашықтардың баянсыз сүйіспеншілігінің ескерткішіндей болған әсем әндермен өрілді. «Қош, махаббат!» қойылымы аяқталса да, театрдағы баянсыз болса да, тәтті сезіммен қоштасқымыз келмеді. Қосыла алмаған ғашықтарды ойлап, елеңдей бердік…

Қарақат ҚҰРМАШЕВА,
Еуразия Ұлттық университетінің II курс студенті

Басқа материалдар

Back to top button