Маусымға дайындық мығым
Қарағандылық «Шахтер» футбол клубы Түркиядағы екінші оқу-жаттығу жиындарын аяқтап, елге оралды. Жерлестердің ресейлік «Ленинградец» клубымен соңғы бақылау матчы ауа райының қолайсыздығына байланысты өткен жоқ.

Жалпы, «Шахтер» үшін жаңа маусым басталғанға дейін үш оқу-жаттығу жиыны белгіленген. Бірінші оқу-жаттығу жиыны аясында 9-22 қаңтар аралығында жерлестер екі жолдастық кездесу өткізген болатын. Нәтижесінде, бір қарсыласын жеңіп, екіншісімен тең тарқасқан.
Ал, екінші оқу-жаттығу жиындары 30 қаңтар мен 12 ақпан аралығында болды. Онда қарағандылықтардың еншісінде төрт жолдастық кездесу. Бірақ, жерлестердің асығы алшысынан түспеді. Алғашқы екі кездесуін тең аяқтаса, үшінші қарсыласынан жеңіліп қалды. Ал, соңғы барлау матчы «Ленинградец» клубына қарсы-тын. Алайда, кездесу өтпеді.
Енді «Шахтер» 20 ақпанда Түркияның Белек қаласындағы қорытынды оқу-жаттығу жиындарына қайта жиналады. Онда да барлау матчын өткізеді деп күтілуде.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»


