Коронавирус

Матрицада өзгеріс жоқ

Қазақстанда ПТР-тестінің оң нәтижесі бар коронавирус 16-ақпандағы мәлімет бойынша 796 адамда анықталды. Елде инфекция жұқтырғандардың жалпы саны 204 055-ке жетті. Осыдан бір тәулік бұрын 686 жағдай тіркелген болатын. Сонымен қатар, осы мерзімде 1 051 адамның жазылып шыққанын да айта кеткен жөн. Барлығы 187 545 адам ауруды жеңіп шықты.

 

Қарағанды облысында 16-ақпандағы дерек бойынша 60 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Облыс бойынша 14 838 адам індет жұқтырды, 69 адам айығып шықты.

Елдің денсаулық сақтау министрлігінің дерегі бойынша кешегі күні 22 295 адам коронавирус инфекциясынан емделуде. Олардың ішінде 4 927 адам стационарда, 17 368 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдауда. Сонымен қатар, 249 адамның жағдайы ауыр, ал 45 адамның жағдайы аса ауыр деп бағалануда. 40 науқас ӨЖЖ аппаратында жатыр. 12 адам вирус салдарынан қайтыс болды. COVID-19 белгілері бар пневмонияға келсек, жаңадан 66 жағдай тіркеліп, 2 адам көз жұмды. 235 адам жазылып шыққан. Жалпы, 2020 жылдың 1-тамызынан бастап барлығы 48 766 науқас тіркелген. 604 адам қайтыс болса, 39 713 адам сауығып шықты.

Эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасында өзгеріс жоқ. Павлодар облысы әлі де «қызыл аймақта». «Сары аймақта» тұрған Нұр-Сұлтан қаласы, Ақмола, Батыс Қазақстан, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстары. Өзге облыстар эпидемиологиялық ахуалы қалыпты аймақта.

Ал, әлемде Денсаулық сақтау ұйымының ұсынған мәліметі бойынша 16-ақпанда 108 822 960 адамда COVID-19 анықталыпты. Қайтыс болғандар 2,5 миллионға жуықтады.

Дегенмен, аталған ұйым әлемде қатарынан бесінші апта бойы коронавирус инфекциясын жұқтырудың жаңа жағдайларының саны азайып келе жатқанын жеткізді. Егер жыл басында апта сайын 5 миллион адам індетті жұқтырған болса, қазір бұл көрсеткіш 2 миллионға дейін азайған. «Бұл барлық мемлекеттерде қолданылып жатқан шектеу шараларының тиімді екенін дәлелдейді», деп атап өтті ұйым басшысы Тедрос Аданом Гебрисус. Бірақ, барлық мемлекеттерді карантиндік шектеулерді мерзімінен бұрын жеңілдетпеуге шақырды. Себебі, адамдар сақтық шараларына немқұрайлы қарайтын болса, коронавирус пандемиясының үшінші толқыны басталуы әдбен мүмкін екенін осы ұйымның өкілі Мелита Вуйнович мәлімдеді.

– «Қазір барлық жерде пандемияның екінші толқынының бәсеңдегенін байқауға болады. Бірақ, ұжымдық иммунитет әлі де қалыптасқан жоқ. Сақтық шараларын сақтамасақ, үшінші толқыны болуы мүмкін. Барлығы адамдардың өзіне байланысты», – деді.

Маман пандемияның аяқталу мерзімі туралы денсаулық сақтау саласына жүктеме түспей, ол қалыпты жұмыс істеген уақытта ғана айтуға болатынын жеткізді.

Ал, Қазақстанның Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевтың ойынша, вакциналау әлем бойынша біркелкі жасалып жатқан жоқ.

Бүгінгі таңда вакциналау бойынша Израиль мемлекеті алдыңғы орында. Онда 40%-ы вакцина алды. Екінші орында Ұлыбритания, үшінші орында АҚШ келеді. Вакциналауды әлі бастамаған да көптеген ел бар.

«Халықаралық сарапшылардың болжамы бойынша әлем халқының 75%-ы вакцина алуы үшін 7 жыл уақыт керек екен», – деп атап өтті Е.Досаев.

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button