«Масс-медиа» туралы заң жобасы Мәжілісте мақұлданды
«Масс-медиа» туралы заң жобасы Мәжілістегі бірінші оқылымда мақұлданды, – деп хабарлайды ortalyq.kz Aikyn.kz сайтына сілтеме жасап.
Құжатты таныстырған Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мемлекеттік органдардың БАҚ-тың ресми сауалына жауап беру мерзімін 7 күннен 5 күнге қысқарту нормасы Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының тарапынан оң бағаланғанын айтты.
– Заң жобасында «масс-медиа», «грант», «бірыңғай медиа платформа», «Журналистердің құқықтары туралы ұлттық баяндама» деген ұғымдар енгізіледі, – деді министр.
А.Балаеваның сөзінше, заң жобасында мынадай бағыттағы нормалар ұсынылып отыр:
- Бұқаралық ақпарат құралдарының материалдарына қойылатын ескіру мерзімін үш жыл деп белгілеу;
- Бұқаралық ақпарат құралдарының сұрау салуларын қарауды 7 жұмыс күнінен 5 жұмыс күніне дейін қысқарту;
- Журналистердің құқықтары мен бостандықтарының сақталуы туралы ұлттық баяндаманы дайындау;
- Баспасөз картасын енгізу;
- Отандық телерадио хабар тарататын спутниктік операторлардың шығындарының бір бөлігін субсидиялау;
- 2025 жылдан бастап республикалық деңгейде гранттық қаржыландыруға көшу;
- Бұқаралық ақпарат құралдарын есепке қою тетігін жетілдіру;
- Бұқаралық ақпарат құралдарының қызметін өзін-өзі реттеу мәселелері жөніндегі қоғамдық-кәсіптік кеңестер құру.
Депутаттар да, министр де талқылауда айтылған түйткілдер мен ұсыныстарды екінші оқылымға дейін пысықтап, әрқайсысы бойынша ортақ шешім қабылдау туралы пайымға келді.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА