«Масс-медиа» туралы бірер сөз
Мәжіліс және Сенат депутаттарының өзі танысуға аса «асықпаған» «Масс-медиа туралы» Заң жобасы шықты. Ашық ресурстарда жарияланғанына – аттай 8 күн. Интернет БАҚ өкілдеріне «Танысып үлгермегенін» жасырмай айтқан халық қалаулыларының жобаға әзірге «қызығуы» бәсең. Бірақ бір білеріміз – заңды талқылау, басқа-басқа, журналистикадан су ішіп, от оттап жүрген тілшілерді айналып өтпеуі тиіс 1999 жылғы БАҚ туралы заңның заман талабы мен қазіргі ахуалға жауап беруге дәрмені аздығы бұған дейін де көп айтылған. Оның үстіне жан-жақтан ағылған тосқауылсыз ақпарат нөпірі іргені бекемдеу туралы ойлантпай қоймайды. Сол себепті, ел ішін ала тайдай бүлдірмес үшін заңның жаңаруы күн тәртібіне шыққан. Өйткені, «Жау қайдан?» деуге келмейтін қазіргі уақытта ақпараттық қауіпсіздік те әскердей қажет. Оның маңызын ежіктеп жатудың өзі ерсі. Қазаннан қақпақ кетсе, басқалардан ұят кететіні белгілі. Сол секілді идеологиялық дербестік те осы қауіпсіздікке кіріптар. Осыған орай Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында БАҚ туралы заңды қайта қарауды тапсырғаны мәлім. Ал 24 жылдан соң қайта жаңарған «Масс-медиа туралы» Заң жобасында не бар? Озығы қайсы, тозығы қайсы? «Жау кеткен соң қылышты тасқа шаппас» үшін пісіп-түспей тұрған заң жобасын бүгін жіліктеп қарау қажет. Сонымен..
Заң жобасының көлемінің өзі «бұл ән бұрынғыдан өзгерек» деген тіркесті тілі ұшына үйіріп әкеледі. Бірақ мәселе көлемде емес. Сол көлемді көтеріп. тұрған оның ішіндегі өзегінде. Заң жобасы 11 тарау 78 баптан тұрады.. Бұрынғысында 7 тарау 25 бап еді. Заң «Масс-медиа туралы». атанды. Сонымен қатар, 1-бап мұнда бұрынғы заңда болмаған көптеген ұғымдармен толықты. Атап айтқанда, балалар бағдарламасы, білім беру бағдарламасы, діни бағдарлама, желілік басылым, медиа өлшемдер және тағы басқалары. Бұлардың заңда аталып, оларға арнайы анықтама берілуі соңғы жиырма жылдан бергі БАҚ-тағы біраз өзгерістерді көрсетеді. Енді заңның жұрт аузында жүрген жаңалығына. келейік.
Бұған дейін, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі хабарлағандай, заң журналистердің мәртебесін көтеруді, бұқаралық коммуникация құралдарының мәртебесін айқындауды, мемлекеттік қаржыландыруды реформалауды, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды қамтыған. Сондай-ақ, БАҚ тіркеу тәртібі, телерадио хабарларын тарату саласындағы трендтердің өзгеруі, өзін-өзі реттеу институттарын дамыту да заңда жазылған.
78 баптың әрқайсысын талдап отыру шағын мақалада мүмкін емес. Дегенмен, жаңа заңда жаңалық жоқ деуге де келмейді. Баптың көптігі оның арқалаған жүгінің де салмақты екенін көрсетсе керек.
«Жаңа заңда сөз бостандығы, пікір плюрализмі мен мемлекеттік қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті, халықтың денсаулығы мен өнегесін қалыптастыруға бағытталған қажетті шектеулер арасындағы тепе-теңдікті белгілейтін түбегейлі жаңа схеманы бекіту ұсынылады. Осы орайда, негізгі реформалар журналистердің құқықтық мәртебесін арттыруға және олар үшін құқықтық кепілдіктерді күшейтуге бағытталады. Жаңа заңның негізінде перспективалы және бәсекеге қабілетті жобаларды нақты гранттық қаржыландыру арқылы мемлекеттік ақпараттық саясатты қаржыландыру тетіктерін реформалауға сапалы жаңа көзқарас қалыптастыру көзделеді. Сондай-ақ саланы қолдау шаралары ретінде субсидиялар бөлу жоспарланып отыр. Жаңа заңнама шеңберінде бастамашылық етілетін барлық шаралар саланың қазіргі проблемаларын шешуге, мемлекет-БАҚ-қоғамның өзара іс-қимылының сапалы жаңа форматын құруға, сондай-ақ, бәсекеге қабілетті отандық БАҚ-ты қалыптастыруға ықпал етуге арналған. «Масс-медиа туралы» Заңның негізгі мақсаты – қазақстандық БАҚ-тың Қазақстанда, өңірде және әлемде болып жатқан процестерге өзіндік көзқарасы бар «Әділетті Қазақстан» идеясының негізгі мақсатын толық көлемде көрсетуге тиіс» делінген заң тұжырымдамасында.
Тұжырымдама бүгінгі таңда журналистердің құқықтарын сақтауды мониторингілеу мен талдаудың заңды тұрғыда бекітілген тетіктері жоқтығын айтады. Осыған байланысты журналистердің құқықтары мен бостандықтары туралы жыл сайынғы Ұлттық баяндаманы дайындау нысанында журналистердің. құқықтарының сақталуын мониторингтеу және талдау құралдарын енгізу ұсынылған.
Біздің қарапайым назарымызды аударған «33-бап. Баспасөз картасы». Заң бойынша баспасөз картасын алу үшін журналиске бірнеше талаптар қойылады. Біріншіден, журналист мамандығымен жоғары білімі туралы дипломы, бұқаралық ақпарат құралдары саласында кемінде 3 жыл жұмыс тәжірибесінің болуы шарт. Екіншіден, журналист дипломы болмаған жағдайда, бұқаралық ақпарат құралдарында кемінде 5 жыл жұмыс істеуі тиіс. Отандық бұқаралық ақпарат құралдарымен еңбек шарт міндетті. Оған қоса, соттылықтан да ада болуы қажет.
Заң бойынша баспасөз картасы жекелеген журналиске беріледі. Оны үшінші тұлғаға беру заңмен шектеледі және бір жылға беріледі. Баспасөз картасын алған журналистер мәліметтері уәкілетті орган тізіліміне енгізіліп, оның интернет-ресурсында орналастырылады екен. Яғни, біздің түсінігімізше, журналистің барлық дерегі құзырлы орындар базасында тіркеледі.Мұның қандай артықшылығы бар? Бұл туралы тұжырымдама былай дейді: «Баспасөз картасын беру арқылы журналист мәртебесін көтерген кейбір ЕО елдерінің, Түркияның тәжірибесін ескере отырып, жаңа заңда құқықтар мен артықшылықтардың кеңейтілген. спектрін ұсыну арқылы журналист. мәртебесін көтеру жөніндегі новеллалар кешенін пайдалану ұсынылады. Бұл неғұрлым ашық және ақпараттық диалогқа көшу арқылы бұқаралық ақпарат құралдарының мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл форматын өзгертуге мүмкіндік береді. Ұсынылған барлық жаңа бастамалар сөз бостандығы кепілдігі, объективтілік, заңдылық, сенімділік және ашықтық сияқты бұқаралық ақпарат құралдары қызметінің негізгі принциптерімен. байланысты болады, сондай-ақ, журналистердің мәртебесін көтеруге ықпал ететін журналистердің айрықша құқықтарының кешенін қалыптастырады».
Баспасөз картасы бар журналист мемлекеттік органдар, барлық меншік нысанындағы ұйымдар ұйымдастыратын ашық шараларға қатысу құқына ие болады.
Тілшілердің құқын, ар-намысын қорғауда 74-бапта көрсетілген. «Бұқаралық ақпарат құралдары. қызметінің мәселелері жөніндегі республикалық және өңірлік қоғамдық-кәсіптік кеңестер» – отандық. журналистикада бұрын болмаған жаңалық.
Бұқаралық ақпарат құралдарының қызметін өзін-өзі реттеу мәселелері жөніндегі қоғамдық-кәсіби кеңестердің негізгі функциялары не? Аталған кеңес журналистің ар-намысын, қадір-қасиетін және іскерлік беделін қорғау туралы өтініштерді қарайды. Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес бұқаралық ақпарат құралдары мен аудитория арасында жанжалдарды шешеді. Журналистердің осы секілді кәсіби қызметімен тікелей байланысты бірқатар жауапкершіліктерді мойнына алатын кеңес кейде қоғамнан қағажу көретін тілшілердің мұңын мұңдамақ. Ал, мұндай кеңестер республикалық және өңірлік деңгейде де ұйымдастырылуы мүмкін. Оның құрамы кәсіби тілшілерден жасақталады.
Жаңа заң жобасындағы біздің назарды аудартқан бірқатар басымдықтар – осылар. Дегенмен, жаңа жоба мұнымен шектелмейді. Оны алдағы уақытта әлі де сарапшылар тарапынан сарапқа салған жөн.
Қызғалдақ АСҚАРҚЫЗЫ.