Маска қайтадан тағамыз ба?
Соңғы күндердегі статистикалық мәліметтер елде коронавирус инфекциясының өршіп демей-ақ қояйық, бірақ, айтарлықтай өсіп келе жатқанын көрсетеді. 28 маусымда 110 жаңа жағдай анықталды, одан бір күн бұрын 61 жағдай тіркелген болатын. Ең көбі Алматыда – 56, Нұр-Сұлтанда – 29. Қарағанды облысында 6 адам.
Статистикаға сүйенсек, соңғы рет вирус жұқтырғандардың 100-ден асуы биылғы 11 наурызда тіркелген екен. Ол кезде 124 адамның ауырғаны белгілі. Коронавирустың қайта өсуі осы аптадан басталды. 21-де 32 адамнан індет шықты. Ал, оған дейін көп уақыт бойы ел бойынша 20 шақты, облыста бірді-екілі адамнан ғана анықталып келді. Бірден көтерілген көрсеткіш қазақстандықтарды қорқытқаны рас. Тағы да шектеу шараларының енгізілу мүмкіндігі көпті алаң етті. Дегенмен, әзірге елдегі эпидемиологиялық ахуал тұрақты саналады. Денсаулық сақтау министрілігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаевтың айтуынша, жекелеген аймақта емес, республика бойынша 100-ден асқан көрсеткіш «қызыл» аймаққа өтуге негіз емес.
Аталған комитеттің инфекциялық ауруларды эпидемиологиялық қадағалау басқармасының басшысы Роза Қожапова жаз кезінде індеттің өршуі күтілген жағдай екенін жеткізді.
– Жазда демалыс уақытында қазақстандықтар ел ішінде және шет елдерге демалысқа көп шығады, жүріс-тұрысы көбейеді. Карантиндік шектеулер болған жылғы жазды есепке алмағанда жыл сайын инфекциялық аурулардың өршуі байқалады. Бұл ретте коронавирус қана емес, басқа да аурулардың таралуы артады. Сондықтан, жаз мезгілінде індеттің белең алуы күтілген болатын, – деді ол.
Сонымен қатар, басқарма басшысы қандай да бір шектеу шараларын енгізуге қажеттіліктің жоқ екенін де атап өтті.
– Аурудың таралуының өсуінен басқа денсаулық сақтау жүйесіне түскен жүктеме шектеу шараларын енгізуге негіз бола алады. Бүгінгі таңда республика бойынша инфекциялық орындардың 3%-ы, ал, реанимациялық орындардың 1%-ы ғана қолданыста. Қайтадан анықталған жағдайлардың арасында ауыр науқастар жоқ. Көбісі амбулаториялық ем қабылдауда. Өлім-жітім тіркелген жоқ, – деді Р.Қожапова.
Министрліктің мәлімдеуінше, 29 маусымдағы жағдай бойынша 528 адам коронавирустан ем алуда. Оның 93-і стационарда жатса, 435 адам амбулаторлық ем қабылдауда. Осы уақытқа дейін ел бойынша барлығы 1 306 471 адам ауырды. 1 292 328 жазылды.
Қарағанды облысы бойынша санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мамандары вакцина алмағандарды оны алуға немесе ревакцинация уақыты келсе, жасатуға кеңес береді. Қолданыста QazVac, Vero Cell және Pfizer вакциналары бар. Эпидемиологиялық ахуал тұрақты дегенімізбен, пандемияның аяқталмағанын есте ұстаған абзал.
Жансая ОМАРБЕК.