Марат АЗБАНБАЙ: Патшаның «Сібір қазақтары туралы» жарлығы – Орта жүзді отарлаудың актісі
Патшаның «Сібір қазақтары туралы» жарлығы – Орта жүзді отарлаудың актісі. 1822 жылғы Жарғының 291 бабындағы «жаңа тәртіпті қабылдауда зорлық жоқ, алайда, бір қабылдаған соң, бас тартуға да жол жоқ» деген елеусіз ескертпесі алдағы жаппай саяси қуғын-сүргінге ұшырату процессінің негізі, бастауы, қайнар көзі болатын.
Жарлықтағы аса көңіл бөлетін 317 баптың құқықтық мәні осы бір актінің мақсат-мүддесін ашып береді. 317 бапта күзет қызметін атқарып келе жатқан Сібір шептері мәңгілік мекемелер емес. Жаңа тәртіп қазақ жеріне енген сайын күзет шебі ілгері жылжи береді, ең ақырында нақты мемлекеттік шекараға жетіп, өздерін тұрақты орнықтырып барып, тыным табады. Ал, империяның нақты мемлекеттік шекарасын анықтайтын күш – отарлау саясаты.
Сол себептен, құқықтық тұрғыдан Қарқаралының арғы тарихы мен қазақтың байырғы жерін отарлау мақсатында құрылған округтік бекіністің ашылу тарихының аражігін анық ажырата білу қажет. Жаңа тәртіп метрополияның ұзақ уақыт жүргізілген дипломатиялық басқыншылығын, әскери колонизацияны, экономикалық экспанцияны, жерді де, елді де қанау мен тонау саясатын «заңдастырудың» актісі еді. Қырдағы билікті иеленіп кеткен отарлау орталығы ел басқару жүйесін түбегейлі өзгертіп, байырғы қазақ жерін жат жұрттың меншігіне аударып алды.
Марат АЗБАНБАЙ
Автордың «Қарқаралының көне тарихы Архив құжаттары байырғы заң мəтіндерімен салыстырылуы тиіс» атты мақаласынан.