Жаңалықтар

Маралдың мәңгілік мұрасы

Аудармашылық – кәсіп емес, шығармашылық еңбек. Аудармашының ақын, немесе, жазушы болуы шарт емес, дегенмен, осы екі салада азды-көпті тәжірибесі болса, нұр үстіне нұр. Жүрегі ашық, ғажайыпты қабылдап үйренген адам ғана өзге елдің психологиясына үңіліп, өзге тілдің қыр-сырын танып біле алады. Осындай өр тұлға, ұлтымыздың рухын биіктетіп, аударма саласының дамуына үлес қосқан аудармашы-публицист Марал Хасен жайында ой қозғамақпын.

Сурет автордан

Марал Хасен туралы бірі білсе, бірі біле бермейді. Марал Хасен, 1945 жылы 4 қаңтарда Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданындағы № 4 Атасу ауылында колхозшылар отбасында дүниеге келген. 1961 жылы Жаңаарқа ауданының орталығындағы №1 қазақ орта мектебін «Алтын медальмен» тәмамдаған. Мектеп қабырғасында жүрген кезінің өзінде ол «Қазақстан пионері» мен «Білім және еңбек» басылымдарымен қарым-қатынаста болып, мақала, аударма, кроссвордтар жіберіп тұрған. Әдебиет әлеміне ерте араласып, соның нәтижесі ретінде 1965 жылы «Ара» («Шмель») журналы ұйымдастырған конкурс­та озып келіп, атақты Оспанхан Әубәкіровпен үзеңгі қағысып, бірінші орынды бөліскен. Журналистік еңбек жолын 1963 жылғы 8 ақпанда Жаңаарқа аудандық газетіне корректор болып бастап, түрлі сатылардан өткен соң, 19 жасында коммунистік партияның қатарына өтіп, партияның номенклатурасындағы газеттің жауапты хатшылық лауазымына тағайындалған. 1973 жылы Жезқазған облысы ашылғанға дейін екі тілде шығатын аудандық екі газеттің жауапты хатшысы ретінде барлық жүгін көтерумен, газеттің макетін жасау бойынша өткізіліп тұратын жарыстардың алдыңғы орнында жүргенде, облыстық газетке жауапты хатшының орынбасарлығына шақырылды. Одан 1974 жылы Ақадыр ауданы құрылғанда, онда да екі тілдегі аудандық екі газетті ашу жүктелді. Сол жерде табан аудармай 14 жыл редактор болып, жаңа ауданның іргесін қалау үшін райкомның бюро мүшелігімен қатар бірнеше қоғамдық жұмыстарды қоса атқарды. 1989 жылы Қарағанды қаласындағы «Орталық Қазақстан» газетіне орналасты. Алғашқыда Нұра ауданы бойынша меншікті тілшіліктен бастап, облыстық партия комитетінің баспасөз секторының меңгерушілігіне дейін көтерілді. Партия тараған кезде мәслихаттың маманы болып, кейін қайтадан газетке оралды. «Орталық Қазақстан» газетінің саяси шолушысы, бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары қызметтерін де атқарды. Одақ тарамай тұрған 1981 жылдан бері КСРО Журналистер одағының мүшесі болған, кейін Қазақстан Журналистер одағының мүшесі болып 2011 жылы қайта тіркелді.
Марал журналистиканың барлық жанрына қалам тербегендіктен 2009 жылы жас журналистерге көмегі болса деген ниетпен публицистика, очерк, сатира, фельетон, сұхбат, репортаж, радиошолу, саяси тақырып және т.б. жанрлардан үлгі ретіндегі бірді-екілі материалдарының басын қосып «Жүрек қанын сия қылған…» деген жазбаларын кітап етіп өз қаражатына шығарып, көпшілікке тегін таратып жіберді. Кейінгі кезде көркем аудармамен айналысып, «Азия Транзит» әдеби альманағымен, Астана қаласындағы «Фолиант» баспасының тапсырысы бойынша «Классикалық хикаяттар» сериясымен шыққан төрт кітаптың аудармашысы болып, әрі әдеби-көркем және публицистикалық «Әлем әдебиеті» мен «Литературный Казахстан» журналдарымен, «Аударма» баспасымен шығармашылық байланыста болды. М.Хасеннің авторлығымен 2009 ж. «Жүрек қанын сия қылған…», 2011 ж. «Аудармалар», 2012 ж. «Сынын бермес сырлы сөз», 2014 ж. «Мазасыз күндер» кітаптары шыққан. Оның бер жағында тек бір-екі жерде ғана құрастырушылар ретінде көрінгенімен аты-жөні келтірілмей-ақ, Жайық аға Бектұровтың, Ебіней Бөкетовтің, Мәлік Имашевтің қолжазбаларын баспаға дайындап беріп отырды. Ресей криминалисі, Ресей ҒА-ның бас ғылыми қызметкері А.В. Наумовтың «Қылмыстық құқық» ғылыми монографиясының аудармасын редакциялап, басылып шығуына атсалысты. Осылардың ішінде шоқтығы биік он төрт Нобель сыйлығы лауреаттарының шығармалары енген «Ұршықтайын иірген сөз мәйегін…» деген жинағы 2015 жылы шықты. Ол кітапқа І том деген белгі соғып, қазір ұзын саны 114-ке жеткен лауреаттарды осы айдармен қазақ оқырмандарына ұсына бермекші болған. ІІ томға арнап Светлана Алексиевичтің «У войны не женское лицо» деген кітабы аударылып тұр. Оның бір парасын «Жас Алаш» басып шығарды. Кейінгі кезде жеке тапсырыстармен кітап құрастыру, редакциялап, баспаға дайындап беру, аударма жасау жұмыстарымен айналысты. Марал атамыз еңбек жолын алғаш Жаңаарқа, Ақадыр өңірлеріндегі мерзімдік баспасөзде қызмет етуден бастап, кейін аударма саласына бет бұрған. Ол кісі еліне, жеріне еңбегі сіңген, ойы терең, тілі бай журналист, публицист, әзіл-сықақтың майталманы. Өзінің тілін құрметтеп, өзгенің тілін шебер меңгеріп, қазақтың көркем сөзін басқаларға таныта білген аудармашы болғаны мәлім. Бірақ, атамыздың шығармашылық жолы әзіл-сықақ әңгімелерден басталғанын айтқанымыз жөн. 1966 жылы республикалық «Ара» журналы ұйымдастырған бәйгеде «Қисса әл қазағия» шығармасы белгілі жазушы, сатира майталманы Оспанхан Әубәкіровтың туындысымен қатар келіп, жүлдені екеуі бөліскен екен. Сонда О.Әубәкіров ағасы ауыз-екі қалжыңдарына тәнті болып, ақ батасын берген екен. Марал атамыздың еңбектерін саралай келе, аударма саласындағы негізгі мақсаты – қазақ оқырманын әлемдік деңгейде танылған шетелдік жауһар шығармалармен таныстыру болған деген ой тұжырымдайсыз. Көзі тірісінде он алты Нобель сыйлығы иегерлерінің туындыларын қазақ тіліне тәржімалаған. Сонымен қатар, атамыздың кітаптары халықаралық кітап алмасу жүйесімен әлемнің 36 елінде ашылған Қазақстанның мәдени орталықтарына да жіберілген. Марал атамыз екі тілге бірдей болғандықтан, бірнеше қазақ жазушыларының шығармаларын орыс тіліне аударған. Ондағы мақсаты – орыс оқырмандарына қазақ әдебиетін мойындатқысы келгендігі.
Марал Хасен журналистика саласында еңбек етуді таңдап алады да, тынбай еңбектенеді. Ерінбей іздену, өзіндік оқу мен басқадан үйрену арқылы білімін шыңдай түсті. Қазақ тілді мектепті бітірсе де, екі тілге бірдей болды. «Ақадыр таңы», «Агадырская новь» газеттерінің редакторы болды. Бұл керемет өнеге. Ол басқарған газеттер Ақадыр ауданының жақсысын жарқыратты, жамандығының тамырларына балта шапты. «Орталық Қазақстан» газетінің есігінен аттаудан бастап, орынбасарлық төріне шықты. Әрине, еңбекқорлығымен, ізденіштігімен сенімді ақтады. Бұл жетістіктердің, бұл беделдің тұғыры еңбекқорлық, творчестволық ізденістер болды. Журналистің творчествосының құндылығы – тақырып таңдауда, табуда, сол тақырып бойынша сөз саптауында, ойдың тереңдігінде, тілдің шеберлігінде. Бұл тұрғыда да Марал Хасен топтан оза шапты.
Тақырып таңдау демекші, Марал Хасенұлы «Тәуелсіздік үшін күрес», «Тіл туралы», «БАҚ туралы», «Әлем әдебиетінен», «Ресей басылымдарынан», т.б. тақырыптарда қазақшаға аударып, жариялаған дүниелерінің ұлттық, қоғамдық, мемлекеттік, саяси, экономикалық, әлеуметтік маңыздылығы қазақ тілді оқырмандар мен орыс БАҚ-тарын жаздырып алмайтын пенделер үшін орасан зор екендігін баса-баса атап өткім келеді.
Көркем әдебиет аудармасы жөніндегі практиканы дұрыс ұғынып, байыптау үшін тәржімашы Марал Хасеннің жұмысындағы сәтті табыстар мен сәтсіздіктер, жаңсақтығын, дұрыс бағалай білуіміз қажет.
Марал Хасен өзінің аударма ісінде аударманың барлық түрін қолданған. Әсіресе еркін және сөзбе-сөз аудару принципін берік ұстанған. Бұған Ирвинг Стоунның «Грек қазыналары» романының тәржімалануын орыс тіліндегі нұсқасымен салыстыра талдау барысында көз жеткіздік.
Шығарма қай тілге аударылса да, аудармашылардың басты міндеті – түпнұсқаның қасиетін сақтай білу, сөйлемнің мазмұнын бұзбай, автордың стилін сақтап, өте түсінікті әдеби тілмен көркемдетіп, аударылуы тиіс. Осы айтылған толғамдар «Греческое сокровище» романының қазақшасында айқын көрінеді.
Марал Хасеннің публицистиканың қаламын бір сәтте суытпағанын ойша сезсем де, оның кейінгі жылдары әдебиеттің аударма саласына ден қойып, ара-тұра төл шығармаларын да қаузай бастағанынан хабарсыз екенмін. Алланың пейілі түсіп, арқандаулы тұрған арда арғымақ көсіле сілтер көркемдік жолына түсті. Әдебиеттің аударма саласы өткенді былай қойғанда, бүгіннің өзінде кемеліне келіп, шаршысына толды деп айта алмаймыз. Аударма да тұралап қалған сын жанрының күйін кешуде. Содан да болар, әлем әдебиетінің құнды қазыналарымен қазақ оқырмандарын таныстыру, қазақ қаламгерлерінің қабырғалы туындыларын жаһан жұртшылығына жеткізу, әлі де болса көкейкесті мәселе болып отыр. Осындай жақсы аудармашы қат тұтса, соны пайдаланған әлдебіреулердің оны нантабар кәсіпке айналдыра бастаған кезде екі бірдей тілді еркін тайпалт­қан жорға Маралдың төскейден төбе көрсетуі қандай ғанибет?
Қазақ болмысында үлкенді сыйлау, кішіге құрметпен қарау, ұстазды ұлық тұту ежелден бар. Марал Хасен шығармаларының қатары ұстанары нық, үйретері көп ұстаздары туралы сыр шертеді. Марал Хасенұлының «Кітап қалай дүниеге келеді» дегенге айтарым: «Үсті басымды қағып қарасам, есеп беру ретінде керек екен. Журналшының жазғаны көп, бірақ оқырманға ұнайды ма жоқ па. Жастарға үлгі болсын дедім. Жас журналис­терге себі тисін дедім. Сан түрлі жанрдағы дүниелер бар», – деп жауап береді.
Қаламгердің аудармашылық қарым-қабілетін «Әлем әдебиеті» журналы пайдаланды. Марал Хасен басылымның авторы болып, бірталай аудармалары осы журналда басылды. Ағаның көркемдігі кез келген жазушыдан кем түспейтін төл прозалық туындылары да бар. Сөйткен қаламгерді Қазақстан Жазушылар одағы мүшелігіне де қабылдамады. 2012 жылы сәйкес ұсынысты Теміртау қаласында тұратын ақын Қасым Ботанов, кепілдемені Думан Рамазан жазды. Алайда нәтиже шықпады. Жазушылар одағының Қарағанды облыстық филиалы қайда қарап отырғаны белгісіз, одан кейін қаламгер төрт жыл өмір сүрсе де, одақ мүшесі деген куәлікке қол жеткізе алмады.
Бірақ оған бола мойыған қаламгер жоқ, жазуын жазып, аудармасын жасап отыра берді. Нобель сыйлығының кейінгі жылдардағы лауреаттары қазақ тіліне аударылмады деп қазір аузымызды қу шөппен сүртіп отырмыз. Ал, Марал Хасен 2015 жылы бұл сыйлықты алған Светлана Алексиевичтің «Соғыстың сұрқы әйелге жат» кітабын тәржімалап шықты. «Жанына жабысқан дерті батып отырса да, күнде аудармаға отыратын» дейді мұрасына ие болып отырған жары Рымбала Смайылова.
Көзі тірісінде қаламгер «Нобель сыйлығының лауреаттары» айдарымен екінші кітап шығаруды армандады. Алайда, оған ғұмыры жетпеді. Апайдың айтуынша, қазір материал жеткілікті. Соны баспадан шығарып, Астанада өткізілуі дәстүрге айналған «Eurasian Book Fair-2017» атты Еуразиялық халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесінде тұсауын кессе, құба-құп болар еді. Біздіңше, 500 данамен ғана шыққан бірінші кітабының да екінші қайтара басылғаны артық емес. Бұл іс енді Рымбала апайға, бала-шағасына, қаламдас іні-қарындастарына аманат. Ақын Абзал Бөкен айтпақшы, сонда «Қаламының ұшынан тамған сия қаламгердің қадамын әрі қарай жалғай берер».
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтқанда, Марал Хасеннің тәржімалық тәжірибесі қазақ аударма көпірінің берік кірпіші. Болашақта біз осындай тәржімашылардың еңбегін бұдан да тереңірек зерттеуіміз керек.

Толғанай Сейтжанова,
«№14 мектеп-гимназиясы» КММ қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button