Бас тақырыпРуханият

Марғасқа ақын, маңғаз жыр

«Абай – ақылдың ақыны, Мағжан – ақынның ақыны» деген сөз бар. Иә, Мағжан Абай дәстүрін жалғастырушы дара дарын. Бірақ, Мағжанды «Абайдың шәкірті» деп шектеуге де болмайды. Өйткені, ақындық Алладан, ал, ұлттың жоғын жоқтау – бөлек әңгіме. Абай қазақ жазба әдебиетінің басында тұрған алып тұлға. Әлемдік ақыл-ойдан сусындап келіп, қазақы қалыппен ұлтының ой көкжиегін мүлдем басқа арнаға бұрған бірегей талант. Мағжан шығармаларынан біз Абайдың ықпалын, ой үндестігін байқаймыз. Абайдай ұлы жол нұсқаушысы бар Мағжан бақытты ақын. «Шын хакім, сөзің асыл – баға жетпес, Бір сөзің мың жыл жүрсе, дәмі кетпес, Қарадан хакім болған сендей жанды, Дүние қолын жайып енді күтпес» деп баға беріп, хакімді үлгі тұтатынын айтқан.

Мұндайда М.Әуезовтің: «Қазақ жазушыларынан, әрине, Абайды сүйемін. Менің бала күнімнен ішкен асым, алған нәрімнің барлығы да Абайдан… Бұдан соң Мағжанды сүйемін. Еуропалығын, жарқыраған, әшекейін сүйемін…» – дегені тілге оралады. Жазушы Абайдың ойшылдығы мен Мағжанның символистігін салыстырмалы түрде айтқан болса керек. Өйткені, Мағжан Абай дәстүрін жалғастырушы болса да, өз жолын тапқан ақын. Екеуін адамзаттық ұлы идеялар байланыстырса да, әрқайсының өз биігі, өз оқырманы бар.

Мәселен, Мағжанның «Батыр Баян» поэмасын алайық. Бала кезден оқып өстік. Алайда, бала кезде оқығанда поэманың трагедиямен аяқталуына Ноянды кінәлағанбыз. Өйткені, ол ағасы алып келген қалмақ қызымен қашып кеткен еді. Мұның Отанға әрі туған ағасына сатқындық екені сөзсіз. Өсе келе Ноянды да түсіне бастадық. Баянның жасы келіп қалған. Ноян болса жас, сымбатты. Қалмақ қызы Құралай сұлу екеуінің бір-біріне деген аяқ асты тұтанған сезімі бар. Сонымен қатар, Құралайдың еліне барғысы келетінін де естен шығармаған жөн. Үшінші жағынан Баянды осындай қызғанышқа, кекке итермелеген ашу-ыза еді.

Халқымызда «Адам асыққанда және ашуланғанда шайтан кәріне мініп, азғыра түседі» деген сөз де бар. Осы тұрғыдан Баян сол ашудың кесірінен бауырынан, ғашығынан айырылып, өзін кінәлі сезініп, аз сарбазбен жауға шабуыл жасап, қазаға ұшырап отыр. 

Бұл Мағжан шығармашылығындағы шоқтығы биік туынды. Адамзаттық мәселе көтеріп тұрған классикалық поэмалар қатарына жатады. Әр оқыған сайын түрлі әсерге бөленесіз және әр жастағы адамдарға түрліше әсер етеді. Дерекке сүйенсек, Мағжан бұл шығармасын 1923 жылы 30 жасында М.Әуезовтің Ташкент шаһарындағы үйінде бір тәулікте жазып шыққан көрінеді. Өлеңге, өнерге деген іңкәрлік демей көріңіз…

Поэманың өміршеңдігі мен көтерген жүгі Абайдың қалам сілтеуін еске салады. Абай мен Мағжанның дәуірі басқа болса да, құндылық ортақ.

Рухани ұстазымыз Мағауия Сембайдың «Батыр Баян қайда жерленген?» мақаласында төмендегідей дерек бар.

«Мағжан Жұмабаев ақталмай тұрғанда ақынның «Батыр Баян» поэмасын өзіміздің «Орталық Қазақстан» газеті республикада бірінші болып жариялады. Ақынның атын айту ол кезде мүмкін емес. Жайық Бектұров ағамыз поэманы көзінің қарашығындай сақтап жүріп, сол кездегі Нұрмахан Оразбековке әкеліп көрсеткенде, батыр редакторымыз «Орталыққа» жариялап жіберіп, айды аспаннан шығарған» дейді Мағауия Сланбекұлы.

Тарихи туындының «Орталықта» алғаш жариялануы – үлкен мәртебе. 

Мағжанның ешкімге ұқсамайтын шығармалар тудыруының, елін-жерін емірене сүюінің, өлеңге, ағартушылыққа өмірін арнауының да негізі Абай шығармаларында жатыр десек, қателеспейміз. Неге десеңіз, Абайдың шығармаларын терең түсінген адам мына өмірге басқаша көзбен қарай бастайды. Мағжанның үлкен тақырыптарға баруына алтын көпір болған дүние Абай өлеңдерін жан-дүниесімен түсіне алуының жемісі дер едік.

Бұған жарқын мысал Мағжанның замандастары. Алаштықтардың кез келгенін алып қараңыз. «Елім, жерім!» дегенде оттан да, оқтан да тайынбаған. Өйткені, олар Абайдың шығармаларын бойына сіңіріп, сонымен тәрбиеленді, сонымен ержетті.

– Ақындық сапарының ілкі қадамында ол ағартушылық дүниетанымының аясында толғанды. Мұның өзі түсінікті де еді. Лермонтов Пушкиннің ізін баса келгені сияқты, Мағжан Абайдың ізін басты. Абайдың тұңғыш өлеңдер жинағы 1909 жылы шыққанда ол 16 жаста болатын. Ол бір сөзі мың жыл жүрсе дәмі кетпес Абай поэзиясына ғашық. Алтын хакім Абайға атты «Шолпан» жинағында жарияланған өлеңінде ұстазына сендей ақынды дүние қолын жайып енді күтпес дей келе, тыныш ұйықта, сенің ісіңді алға апарар мына біз, жастармыз, деген ой айтады. Өзі де ағартушылық арнада жазылған өлеңдерінде надандықты түйрейді, өнер-білімге шақырады. Бұдан туатын қорытынды: қазақ халқының былайғы дамуында, рухани өсу, өркендеу жолында Абай творчествосының өшпес маңызын барша әлеуметтен ерте, дұрыс та терең таныған жап-жас Мағжан еді, – деп жазыпты мағжантанушы Шериаздан Елеукенов.

Абай өзіне дейінгі ауыз әдебиеті мен жыраулар поэзиясын бойына сіңіріп, орыстың, Еуропаның әдебиетіне одан әрі әлемдік әдебиетке құлаш сермеп, тыңнан сүрлеу салса, Мағжан да өзіне дейінгінің бәрін қотарып алып, адамзаттық деңгейде іздене жүріп, өлмейтін мұра қалдырды. Ізденіс, адамзаттық ұлы мұрат, адамдық және азаматтық борышты сезіну, қаламның киесін тану тұрғысынан да екі алыптың арасын алтыннан есілген үндестік арқауы байланыстырып тұр. Бұл Абай мен Мағжанға ғана емес ұлттың бағына туған ұлылардың бәріне тән.

Екі ақынның өлеңдеріндегі ой үндестігі хақында бірер мысал келтірелік.

Абай: «Жасымда ғылым бар деп ескермедім, пайдасын көре тұра тексермедім. Ержеткен соң түспеді уысыма, қолымды мезгілінен кеш сермедім» деп, өз өмірін мысал ете отырып, жастықтың қымбат екенін ұлы істердің жастық жалынмен жасалатынын ойға арқау етеді.

Ал, Мағжан: «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, Қырандай күштi қанатты. Мен жастарға сенемiн!» деп, өмір гүлінің ерте қиылатынын сезіп, бар үмітін жастарға артады. Елді жастардың көркейтеріне сенеді.

Екеуі екі қырынан жырлай келе жастықтың жалынын өзінен кейінгі жас буынға аманаттайды, жастарды жақсылыққа, өнер-білімге шақырады.

Достық хақында Абай: «Моласындай бақсының, жалғыз қалдым – тап шыным» десе, Мағжан «Ақында адамзаттан дос болмайды, жалғыз-ақ, сырын сөйлер қаламына» дейді. Абай ойын өз өмірі арқылы жеткізсе, Мағжан ақында дос болмайтынын қадап тұрып айтады.

Абай: «Мәз болады болысың, арқаға ұлық қаққанға. Шелтірейтіп орысың, шенді шекпен жапқанға» деп өз дәуірінің атқамінерлерін сынаса, Мағжан: «Ә, биіміз, биіміз, түрленіп қапты үйіңіз, тым-ақ тәуір күйіңіз. Байқаймын, мол ғой, тегінде, алатын елден сыйыңыз» деп өзінше ой өреді. Екі ақынның да шығармаларында адал еңбек ету, мал табу жөнінде де айтылады. Мәселен, Абай: «Түбінде баянды еңбек егін салған, жасынан оқу оқып, білім алған» десе, Мағжан: «Еңбекші ел, ашуы – ұшан, мейірімі мол, жанымды тартты саған жалаңаштап» деп ақтарыла сырласады.

Табиғат лирикасында да үндестік байқалады. Абай: «Басын сіліксе, қар жауып, мазаңды алды, борандай бұрқ-сарқ етіп долданғанда» деп, қысты көз алдыңа әкелсе, «Боран соғып тұр борап, жолды басқан құр сорап» деп, қысты өзінше суреттейді.

Ал, махаббат лирикасында да екі алыптың қайталанбас өлеңдері баршылық. Абай: «Білектей арқасында өрген бұрым, шолпысы сылдыр қағып жүрсе ақырын. Кәмшат бөрік, ақ тамақ, қара қасты, сұлу қыздың көріп пе ең мұндай түрін?» деп қазақ қызының сұлулығына тамсанса, Мағжан: «Сылдыр, сылдыр, сылдыр, қанымды қайнатты кұрғыр. Шық-шық жүрекке тиеді, күлпәра талқан боп сыңғыр» деп сезімімен үйлестіре сыр шертеді.

Байқасақ, осы мысалдардан-ақ, екі алыптың қалам сілтер ерекшелігі көзге ұрып тұр. Абай өз мені арқылы халықтың сөзін айтса, Мағжан ойды төтесінен бір-ақ тастайды. Десек те, ортақ ой, ортақ тағдыр. Яғни, біз Абай мен Мағжан шығармашылығына үңілгенде осындай ішкі үндестікті аңғарамыз. Мағжанның Абайға арқа сүйегені, оны «ұлттық әдебиеттегі аласармайтын, қайта айналып соғып отыратын биік шың» деп бағалағаны анық. Мағжандай марғасқа ақынның маңғаз жырлары қазақ халқы барда оқыла берері тағы да ақиқат.

Жәлел ШАЛҚАР.

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button