АймақБас тақырыпБасты тақырыпПриозерскСұхбат

Мансұр Ахметов: Приозерск қарқынды дамып келеді

Балқаш көлінің жағасын жайлаған Приозерск қаласы бүгінде жаңғыру мен жасампаздық жолына түскен. 1956 жылы негізі қаланған бұл қала – кезінде күллі Кеңес Одағына мәлім болған, зымыранға қарсы қорғаныс жүйелері сыналған атақты «Сарышаған» ғылыми-зерттеу полигонының әкімшілік орталығы еді. Қорғаныс саласында елеулі қызмет атқарып, Тәуелсіз Қазақстанның тұғырының нық болуына өз үлесін қосқан қаланың өткені – мақтаныш, бүгіні – даму, ертеңі – үміт пен серпінге толы. Қазіргі таңда шағын шаһарда әлеуметтік-экономикалық өрлеу айқын байқалады.
Қала халқының тұрмыс сапасын жақсарту, инфрақұрылымды дамыту бағытында бірқатар игі бастамалар қолға алынған. Осы және өзге де өзекті мәселелер жайында, қаланың бүгінгі тыныс-тіршілігі мен келешек жоспарлары туралы Приозерск қаласының әкімі Мансұр Ахметовпен сұхбаттасқан едік.

Сурет автордан

– Мансұр Талғатұлы, алдымен қаланың жалпы әлеуметтік-экономикалық ахуалына тоқталып өтсеңіз.

– Биылғы жыл Приозерск үшін даму мен жаңғыру кезеңі болды деуге толық негіз бар. Жүйелі жоспар мен мақсатты жұмыстың арқасында қаламыздың экономикалық көрсеткіштері оң динамикаға қол жеткізді.
9 айдың ішінде қалалық бюджетке 1 миллиард теңгеден астам салық пен міндетті төлемдер түсті. Бұл – өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 145 пайызға артық. Бұл даму көрсеткішінің жақсарған-
дығын көрсетеді.

– Өнеркәсіп пен сауда салаларының қазіргі даму барысы қалай?

– Бұл бағыттарда да оң өзгерістер бар. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 25,6 миллиард теңгеге жетіп, былтырғы жылмен салыстырғанда 137 пайыздық өсім көрсетті. Бұл – қала экономикасының нақты секторындағы серпінді дамудың көрінісі. Сауда саласына келсек, бөлшек сауда көлемі 2 миллиард 235 миллион теңгені құрап, 110 пайызға артты. Бұл – жергілікті кәсіпкерлердің белсенділігі мен халықтың тұтынушылық қабілетінің артқанын аңғартады.

– Агроөнеркәсіп пен инвестициялық ахуал туралы не айтасыз?

– Ауыл шаруашылығы саласында біраз күрделі жағдайлар бар екенін жасырмаймын. Өнімнің нақты көлем индексі 96 пайызды құрады. Қуаңшылық пен ауа райының қолайсыздығы да әсерін тигізді. Инвестициялық белсенділікке келсек, бұл тұста біраз баяулау байқалады. Биылғы 9 айда қалаға тартылған инвестиция көлемі 1 миллиард 815 миллион теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 81 пайызға төмендеді. Бұған басты себеп – «Алматы-Астана» республикалық автожолының құрылыс жұмыстарының аяқталуы. Яғни, ірі инвестициялық жобаның бітуі инвестиция ағынына әсер етті.

– Құрылыс саласындағы көрсеткіштер де төмендеген екен. Бұл қаланың дамуына кері әсер етпей ме?

– Иә, құрылыс көлемі 2 миллиард 671 миллион теңгені құрап, өткен жылғы көрсеткіштерден төмен
болды. Алайда, бұл – уақытша құбылыс. Бұл да жоғарыда айтқан жол құрылысының аяқталуымен  байланысты. Енді, алдағы кезеңде жаңа жобаларды жүзеге асыруға ниеттіміз. Құрылыс – бұл тек ғимараттар салу ғана емес, ол – жаңа жұмыс орындары, инфрақұрылымның дамуы, демек, қаланың болашағы. Осы орайда атқарылар жұмыстар жоспарланып отыр.

– Инфляциямен күрес – бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

– Халықтың тұрмысына тікелей әсер ететін бағаның өсуіне жол бермеу – біздің басты міндеттеріміздің бірі. Осы мақсатта әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру үшін 42 меморандум жасалды. Сонымен қатар, 3 миллион теңге көлемінде субсидия бөлініп, әлеуметтік азық- түлік жеткізу ісі жолға қойылды. Нарықтағы баға саясатына қарсы да нақты шаралар қолданылуда.
Мемлекет басшысы атап өткен баға тұрақтылығын елемегендерге іс-шара қолданылуда. 17 дүкеннің
баға көтергені анықталып, олардың үшеуіне айыппұл салынды. Бұл бағыттағы бақылау тұрақты түрде
жүргізіледі.

– Мемлекет басшысы тарапынан тапсырма берілді. Жер мәселесі әрқашан назарға алынып отыр. Бұл салада қандай жұмыстар атқарылды?

– Жер – ел игілігі. Сондықтан, жер телімдерін тиімді әрі заңды пайдалану – басты басымдықтың
бірі. Жыл басынан бері үш аукцион өткізіліп, нәтижесінде 44,5 миллион теңгеге 6 жер учаскесі сатылды. Сонымен қатар, 3 жылдан астам уақыт пайдаланылмаған 17 жер телімі анықталды. Олардың 8-і мемлекет
меншігіне қайтарылды. Қалғандары бойынша құқықтық жұмыстар жалғасып жатыр. Жер мәселесінде
ашықтық пен әділетті ұстаным басым тұрады.

– Халықты баспанамен қамту бағытында қандай нәтижелер бар?

– Биылғы жылы бюджет есебінен 20 пәтер сатып алынып, әлеуметтік осал топқа жататын 20 отбасы қоныс тойын тойламақ. Бұл – мемлекет тарапынан көрсетілген нақты көмек. Қазір тұрғын үй кезегінде 320 азамат тұр. Алдағы уақытта бұл мәселені шешу үшін жаңа жобалар мен қаржыландыру тетіктерін қарастырып жатырмыз.

– Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы өзгерістер қандай?

– Қаланың көркі мен жайлылығы инфрақұрылымның жағдайына тікелей байланысты. Көпқабатты үйлердің шатырлары мен сыртқы қасбеттері жөнделіп, көшелер жарықтандырылды. Жылу жүйелері мен инженерлік желілерге қатысты да кешенді жұмыстар атқарылды. Б. Момышұлы көшесіндегі 12/2 үйіне күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Алайда, мердігер ұйымның жұмысты уақытында аяқтамауына байланысты сотқа жүгінуге мәжбүр болдық. Біз үшін сапа мен жауапкершілік – басты талап деп айта аламын.

– Қаланың инженерлік инфрақұрылымы мен көше жөндеу жұмыстарына кеңірек тоқталып
өтсеңіз…

– Жыл бойы жол-көлік инфрақұрылымын жақсартуға басымдық берілді. Ғарышкерлер, Жеңіс бульвары мен Кисунько көшелерінде тротуарлар салынды. Гвардейская көшесінде ұзындығы 2,2 шақырым жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жоба 2026 жылдың мамырында аяқталады деп күтілуде. Сонымен қатар, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 50 жол белгісі, 35 м жасанды кедергілер орнатылып, 21 шақырым жол сызықтары жаңартылды. Жалпы, жол сапасын жақсарту арқылы тек көлік жүргізушілеріне емес, жаяу жүргіншілерге де қолайлы жағдай жасауды көздеп отырмыз. Қала көшелері мен қоғамдық орындардың жарықтандырылуына қатысты жұмыстар да жүзеге асырылуда. Бұл бағытта да ауқымды жұмыс жүргізілді. 42 жаңа көшеге жарық шамы орнатылып, Балқаш көшесі мен «Шағала» жағажайындағы электр желілері жаңартылды. Бұл – тұрғындардың түнгі уақытта қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етуге бағытталған нақты қадам. Қала бойынша 6 балалар ойын алаңына күрделі жөндеу жасалды. Ойын алаңдарын тек жөндеп қоюмен шектелмей, оларды ағымдағы күтіммен қамтамасыз ету де қолға алынды. Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар ғимараттардың да жағдайы жақсаруда.

– Әлеуметтік қорғау, білім және денсаулық сақтау салаларында қандай өзгерістер бар?

– Әлеуметтік қолдауға ерекше назар аударылуда. Биыл осал топтарға 205 миллион теңге көлемінде көмек көрсетілді. 170 мүмкіндігі шектеулі азамат арнайы құралдармен қамтамасыз етілді. Білім беру саласында қауіпсіздік – басты назарда. Мектептерге генераторлар орнатылып, бейнебақылау жүйелері жаңартылды. Өкінішке қарай, денсаулық сақтау саласында алаңдатарлық жағдай бар – туу көрсеткіші төмендесе, өлім көрсеткіші артқан. Нәресте өлімі де тіркеліп отыр. Бұл – күрделі әрі маңызды мәселе. Денсаулық сақтау мекемелерімен бірлесіп, жан-жақты талдау жасап, нақты шаралар қабылдауымыз қажет.

– Мәдениет пен спорт саласында қандай жетістіктерге қол жеткізілді?

– Қалада 2 мәдениет ошағы – кітапхана мен мәдениет үйі тұрақты жұмыс істеп тұр. Жыл басынан бері 70-тен астам мәдени шара ұйымдастырылып, 35 мыңға жуық тұрғын қамтылды. Бұл – рухани дамудың бір көрінісі. Спорт саласы да қарқынды дамып келеді. Қазірдің өзінде 4 мыңнан астам қала тұрғыны тұрақты түрде спортпен айналысуда. Қаламыздың спортшылары түрлі жарыстарда 22 медаль жеңіп алып, абыройымызды асқақтатты.

– Ішкі саясат пен жастарды қолдау салаларындағы жұмыстар жайлы не айтасыз?

– Ел Президентінің Жолдауын жүзеге асыру бағытында 250-ден астам іс-шара өткізілді. Қаламызда қоғамдық-саяси ахуал тұрақты. Жастар – болашақ тірегі. Оларды қолдау мақсатында 265 жас маман жұмыс іздеп өтініш білдірсе, соның 201-і жұмысқа орналасты. Сонымен қатар, 6 жас кәсіпкер әкім грантын ұтып алып, жалпы сомасы 12 миллион теңгеге өз кәсібін бастады. Бұл – жастардың өз армандарын жүзеге асыруына берілген нақты мүмкіндік.

– Уақытыңызды бөліп, сауалдарымызға жан-жақты жауап бергеніңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Нұрдос КӘРІМ
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button