«Мамочкина моласы» аумағында сенбілік ұйымдастырылды
«Мамочкина моласынан» естимін –
Сақ-сақ еткен сәбилердің күлкісін.
(Ғалым Жайлыбай)
26 мамыр күні «Болашақ» академиясы, Қазақстан халқы Ассамблеясы және Абай ауданы әкімдігі бірлесіп, Долинка кентіндегі «Мамочкина моласының» аумағында сенбілік ұйымдастырды. Моланың айналасын қоқыс үйінділерін тазартып, қоршауларын жаңартып, ағаш отырғызды.
Кешегі сталиндік зобалаң жылдардың бұлтартпас дәлеліне айналып, мыңдаған сәбидің мәңгілік мекеніне айналған зират бүгінде қараусыз жатыр. 2003 жылы 31 мамырда оған мемориялық кешен статусы берілді. Әйтсе де, осы күнге дейін оны сақтап қалу бағытында лайықты жұмыстар жүргізілмеген. Қайта табиғи жағдайлар мен оңай жолмен ақша табуды көздеген вандалдардың әсерінен жойылып кету қаупі төнді.
Өткен жылы, дәл осы уақытта моланың тоналғаны туралы ақпарат таралған болатын. Жергілікті тұрғындар зиратта жерленген сәбилердің басына қойылған белгі-темірлерді тонап, металл сынықтарын қабылдайтын орынға өткізіп жіберген. Сондағы тапқандары әрі кетсе 10-15 мың теңге болар. Ал бұл кешен – тұтас бір тоталитарлық режим зобалаңының куәсі емес пе? Сонда оның құны болмағаны ма?
Жердегі тозақ атанған Карлагта ересектермен бірге «халық жауларының» әйелдері мен балалары да жазасын өтеген еді. Тұтқынға алынған әйелдердің сәбилері бірден балалар комбинатына тапсырылатын. Оның аты өзгеше болғанымен кәдімгі түрмеден еш айырмашылығы болмады. Аналарынан ерте айырылып, адам төзгісіз жағдайға түскен балалардың арасында өлім-жітім көрсеткіші жоғары болды. Мұрағат деректері бойынша, 1941-1944 жылдары 924 бала, ал 1950-1952 жылдары 1130 сәби қаза тапқан. Тұтқын балаларды жеке-жеке көмбей, бірге жерлеген. Қыстың күндері өлген балалардың денесін үлкен бөшкеге салып, бөшке толғанда апарып жерлеп отырған деген де ақпарат бар.
Өткен жылы «Мамочкина моласының» мәселесін «Карлаг: болашақ үшін есте сақтау» жобасының жетекшісі Нұрлан Дулатбеков Парламент мінберінде көтеріп, құзырлы органдарды осы мәселеге назар аударуға шақырды.
«Бұл жерде Спассктегі тәрізді мемориалдық кешен құруды ұсынамын. Бірақ оның архитектуралық концепциясы мүлдем бөлек болуы керек және заманауи медиа мүмкіндіктерді толық пайдалануымыз қажет. Сол кезде біз қазақстандықтарға және шетелдік қонақтарға репрессия жылдарының қасіреті туралы толық мағұлмат бере аламыз», – деді Нұрлан Дулатбеков.
Латвия жерінде фашистік Германияның жас балаларды ұстаған Саласпилс лагері бүгінде бүкіләлемдік мұражай-кешенге айналып үлгеріпті. Саласпилс лагері туралы қаншама деректі фильм түсіріліп, том-том еңбек жазылған. Былайғы жұрт фашистік режимнің шынайы бейнесін осы лагерде азап шеккен балалардың тағдырына қарап бағалайды екен. Ал біз ше? Тоталитарлық режим қылмысының бұлтартпайтын дәлелі – «Мамочкина моласын» әлемге таныта алдық па?
Нұрлыхан Қалқаманұлы
«Орталық Қазақстан»