АбайАймақ

Мамандық меңгеруге мүмкіндік

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп жариялап, «Осы кезең ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ, біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаттаймыз» деген болатын. Ал, нағыз маман болу үшін, әлбетте, оқып, бір кәсіп иесі болу керек.

Сурет ұйымдастырушылардан

Бұл іспен елімізде колледждер ғана емес, жер-жерлердегі Мансап орталықтары да айналысады. Яғни, жұмыссыз адам осы орталықтарға өтінім беріп, қысқа мерзімді курстарда оқу барысында өзіне ұнаған жұмысшы мамандығын алып шығады.

Осы орайда Абай аудандық Мансап орталығы директорының міндетін атқарушы Ирина Әбдірахманованың айтуына қарағанда, жыл басынан бері мұнда жұмыс берушілерден 5 өтінім түскен екен. Сол бойынша аудан аумағындағы «Абай тігін фабрикасы» ЖШС, «Профстиль» ЖК, «Қызғалдақтай» ЖШС, «Екатерина» ЖК, «Мағзұмбекова» ЖК, «Қашқымбекова» ЖК сияқты кәсіпорындарға 30 тігінші, 7 киім пішуші, 5 жөндеуші слесарь, 8 аспаз қажет көрінеді. Бүгінде содан 20 адам, соның ішінде, 13-і тігіншіге, 7-уін аспазға оқытып, даярлаудың өндіріс және оқу орындарындағы қысқа мерзімді курстарына жіберіліпті. Яғни, 6 адам «Абай тігін фабрикасы» ЖШС, 7 адам «Дедал» ЖШС өзінде оқу оқып, әрі жұмыс істеп жатса, 7 адам «Қарағанды қызмет және тағам колледжі» КММ базасында аспаз мамандығын меңгеруде. Солардың бірі Айгүл Нұрғалиева оқуы аяқталған соң осы Абай тігін фабрикасында жұмысқа қалатынын айтады.

Қысқа мерзімді курстарда оқыған мерзімінде жұмыссыздарға айына 43 мың 574 теңге стипендия төленіп, медициналық анықтама алу үшін 2 АЕК, ал, сырттан келетіндердің жол шығынына 4 АЕК және пәтер жалдауы үшін 10 АЕК мөлшерінде ақша беріледі. Оқулары біткеннен кейін олар сертификат алып, жұмысқа орналастырылады.

– Енді бізге тағы да «Аничкин» ЖК өздеріндегі жұмыс орнында 10 адамды аспазға оқытып, әзірлеуге өтінім түсіріп отыр. Алдағы маусым айында 6 жұмыссызды сонда жібермек ойдамыз, – дейді Ирина Михайловна.

Сонымен, Абай ауданындағы жұмысшы мамандықтарына сұраныс пен қажеттілік Мансап орталығы арқылы да осылай шешімін табуда.

Ержан ИМАШ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Абай ауданы

Басқа материалдар

Back to top button