Маманды мақсатты даярлау міндет
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің болжамынша, 2030 жылға дейін кадрға қажеттілік 1,8 млн адамнан асып жығылмақ. Оның ішінде, техникалық білімі бар азаматтарға сұраныс 1 млн-ға жуықтамақ. «Enbek.kz» электронды еңбек биржасында жүргізілген мониторинг облыста бүгінгі таңда ІТ-технологиялар, өнеркәсіп, құрылыс және абаттандыру, ауыл шаруашылығы, энергетика өнеркәсібі саласының мамандарына сұраныс жоғары екенін көрсетіп отыр.
Аймақтағы ірі кәсіпорындардың бірқатарында колледж студенттерінің дуалды білім алып, жұмысқа орналасу мүмкіндігі жасалған. Мәселен, «Qaz Tehna» ЖШС, «Qarmet» АҚ БД, «КЗМК – Имсталькон» ЖШС, «РММЗ» ЖШС, «Құрылысмет» ЖШС, «Галекс Плюс» ЖШС, «Қолғанат-Қарағанды» ЖШС, «Ютария» ЖШС, Крюкова ЖК – Доктор Крюковтың Травматология және ортопедия ветеринарлық клиникасы сияқты 29 кәсіпорында 759 студент оқып жатыр. Осы жылы тағы 300 студентті мақсатты оқытумен қамту жоспары бар. Бұл мамандарды мақсатты даярлау үшін қолға алынған шаралардың бірі.
Білім басқармасының дерегінше, аймақта білім, медицина, өнер және мәдениет, тау-кен, металлургия, мұнай-газ, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы, машина жасау, энергетика, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мен байланыс, экономика және қаржы, туризм, құқық, экология, құрылыс, жеңіл өнеркәсіп салалары бойынша 126 мамандық, 178 біліктілік бойынша оқыту жүргізіледі. Дегенмен де, ақпараттық жүйенің талдауы өңір жастары педагогикалық, медициналық және ІТ саласындағы мамандықтарды көп таңдайтынын көрсетіп отыр. Содан кейін де өз мамандығы бойынша жұмыс істемейтін «мамандар» қатары толыға береді.
Облыста 54 колледжде (38 – мемлекеттік, 16 – жекеменшік) шамамен 32 766 студент білім алып жатыр қазір. Оның 24 346-сы мемлекеттік тапсырыс бойынша оқиды. Бұл ретте техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары түлектерін жұмысқа орналастыруға мүдделі. Себебі, бұл колледж қызметінің тиімділігінің көрсеткіші саналады. Осы орайда дуалды оқыту жүйесі аталған көрсеткішті арттыруға көп сеп. Жүйе – колледж түлектерінің бәсекеге қабілеттілігін арттырудың маңызды құралдарының бірі. Дуалды оқыту 40 колледжде іске асырылып жатыр. 6 572 адам, оның ішінде, мемлекеттік тапсырыс шеңберінде 5 634 студент осы жүйемен білім алуда.
– Биыл техникалық және кәсіптік білім беру колледждерін 9 570 түлек бітірді. Оларды жұмысқа орналастыру және қамту бойынша деректер 18%-ы оқуын жалғастыруды, 6%-ы әскери қызметті, 0,5%-ы елден тыс жерлерге шығуды және 1,7%-ы бала күтімі бойынша демалысқа шығуды жоспарлап отырғанын көрсетеді. Мамандық бойынша жұмысқа орналастырудың болжамды деректері – 51%-ды құрайды. Жұмысқа орналастыру бойынша деректер осы айда жаңартылады, – дейді білім басқармасының техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің бас маманы Айзат Крамкулова.
Жыл сайын орта есеппен 10 мыңға жуық түлек оқуын тәмамдайды екен. Әрине, оның барлығы жұмыс тауып кетуі мүмкін емес. Дерек бойынша жұмыссыз қалатындардың үлесі 13% шамасында. Олар электрондық еңбек биржасы арқылы жұмыс іздейді. «Еnbek.kz» электрондық еңбек биржасы порталында 3 104 ұйымнан 6 274 бос жұмыс орны тұр. Қалай десек те, еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықты таңдаған жан жұмыссыз қалмайды, дұрысы осы. Жастардың еңбекке араласып, лайықты өмір сүруі өздеріне де жақсы, елге де тиімді екені анық.
Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz