Ресми

Мамандық ескеріледі

Қарағанды облысының қорғаныс істері жөніндегі департаменті Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде қызмет ету үшін шақыруды бастады. Біздің өңірден маусым айының соңына дейін барлығы 1200-ден астам адамды шақыру жоспарланып отыр. Бұл туралы Қарағанды облысының қорғаныс істері жөніндегі департаменті хабарлады.

– Қазіргі уақытта Қарағанды облысы бойынша ҚР Қарулы Күштері қатарына 300-ге жуық жастар шақырылған. Шымкент, Ақтау және Гвардейск гарнизондарының әскери бөлімдері құрылып, командалар жіберілді.

Әскерге шақырылушылар Талдықорған, Аягөз, Қапшағай және Семей гарнизондарына жөнелтуге дайындалуда, – деді департамент басшысының орынбасары – жасақтау басқармасының басшысы, подполковник Рустам Жалбинов. Әскерге шақырылушыларды әскери бөлімдер бойынша іріктеу және бөлу кезінде олардың әскерге шақырылғанға дейін алған мамандықтары ескеріледі.

Әскерге шақыруға үміткерлер және олардың отбасы мүшелері тұрғылықты жері бойынша қорғаныс істері жөніндегі басқармалар мен бөлімдердің шақыру комиссияларынан консультация ала алады.

Елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты көктемгі шақыру барысында әскерге шақырылушыларға ПТР-зерттеу екі рет жүргізіледі. Яғни, шақыру кезінде жинау пунктінде және толықтыру келгеннен кейін әскери бөлімдерде тексеріледі.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Back to top button