Шет ауданында оқушыларды педагогикалық мамандықтарға даярлайтын үйірме бар
Қазіргі мұғалім пәнді оқытушы ғана емес, ол цифрлы ортада бағдар көрсете білетін кеңесші, оқушының қабілетін ашатын бағыттаушы, жаңа технологияны меңгерген тұлға болуы тиіс. Әдетте жоғары оқу орындарында теорияға көбірек көңіл бөлінеді. Ал, мектеп қабырғасынан бастап, тәжірибелік дайындықтан өткен оқушы кәсіби жолында әлдеқайда сенімді болады. Теория – білімнің іргетасы болса, тәжірибе – сол білімді өмірде қолданудың кілті. Міне, осыны ескерген Жамбыл Ақылбаев атындағы мектеп-гимназиясы болашақ ұстаз болуды армандайтын оқушылар үшін ерекше мүмкіндік ұсынып отыр.

Мектепте бірнеше жылдан бері «Педагогикалық сынып оқушыларына арналған цифрлы қоғамдағы кәсіби бейімдеу» атты үйірме жұмыс істейді. Бұл үйірмеге 9-11 сынып оқушылары қатысады, аптасына екі рет өткізіледі. Үйірменің мақсаты – оқушыларды ЖОО-дағы білімге бейімдеу, мектептегі педагогикалық үдерістен хабардар ету, ұстаздық кәсіптің қыр-сырын тәжірибе арқылы үйрету.
Үйірмеде оқушылардың ой-өрісін кеңейтіп, кәсіби қызығушылығын арттыратын сабақтар өткізіледі. Мысалы, «Мұғалім мамандығының болашағы», «10 жылдан кейінгі мұғалім қандай болады?», «Цифрлы қоғам деген не?», «Жасанды интеллекттің қоғамдағы рөлі» тақырыбында пікірталас ұйымдастырылады. Сондай-ақ, ChatGPT, Copilot сияқты құралдармен танысу, оларды сабақта қолдану тәсілдері, «XXI ғасыр дағдылары (4К)» бойынша шығармашылық постер жасау, Padlet платформасында ортақ ой бөлісу, «Менің цифрлы портретім» атты жоба дайындау секілді тәжірибелік жұмыстар жасайды. Оқушылар үйірмеде рөлдік ойындар ойнайды және тренингтер өткізеді.
Бұл сабақтар оқушыларға білім беріп қана қоймай, оларды шығармашылыққа жетелеп, топпен жұмыс жасауға үйретеді, заманауи құралдарды еркін қолдануға дағдыландырады.
Әлемдік білім беру жүйесі жасанды интеллект, цифрлық технологиялар, дербестендірілген оқыту сияқты бағыттарға бет бұрды. Қазақстан да осы өзгерістерге икемделуде, мазмұндық жаңару, цифрлық трансформация, құзыреттілікке негізделген оқыту басты бағытқа айналды. Мұндай жағдайда болашақ мұғалімдердің кәсіби дайындығын ерте бастау – аса маңызды.
Бұл үйірмеге қатысқан оқушылар болашақта педагогикалық мамандықты таңдауға ықылас білдіріп отыр. Оқушылардың қызығушылығы жоғары болғандықтан, үйірме жыл сайын жалғасып келеді. Бұл – мектеп үшін үлкен жетістік әрі жаңашыл қадам.
Қазіргі цифрлы қоғам жағдайында ұстаз даярлау жүйесі түбегейлі өзгеріске ұшырауда. Мұғалім тек оқытушы ғана емес, технологияны меңгерген, креативті, эмоционалды интеллекті дамыған, қоғам сұранысына сай тұлға болуы қажет.
Жамбыл Ақылбаев атындағы мектеп-гимназиясының тәжірибесі – осы бағыттағы сәтті үлгілердің бірі. «Кәсіби бейімдеу» үйірмесі оқушыларды болашақ мамандығына ерте бейімдеп қана қоймай, олардың өмірлік дағдыларын дамытуға ықпал етеді. Сонымен қоса, болашақ мұғалімдерді мектептен бастап даярлаудың тиімді жолы әрі Қазақстандағы білім беру жүйесін жаңа деңгейге көтеруге үлес қосады.
Айгерім БӨЛКЕНБАЕВА,
Жамбыл Ақылбаев атындағы мектеп-гимназияның
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Шет ауданы