Бас тақырып

Мамандыққа бағдар мектептен басталады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ең­бек­­пен қамтитын түрлі шаралар арқылы 100 мың жас­ты жұмысқа орналастыру қажет екенін айтқан.
Биыл жастардың кәсіпкерлік бастамасына қол­дау көрсету жалғасуда. «Жұмысшы мамандықтарының жылы» аясында аймақта алғаш рет табыс­ты кәсіпкерлердің қатысуымен өткен ауқымды жастар форумы жас буынға шабыт пен мотивация сыйлады. Бүгінде мектеп оқушылары үшін облыста профильдік алдын ала даярлау жобасы аясында 205 профильдік сынып ашылды. Аграрлық, техникалық, сервистік және медиа ба­ғыттарын қамтитын 50-ден астам жаңа бейіндік сыныптарының өзіндік ерекшелігі мол. 

Policia.kz сайтынан

Атап айтсақ, ашылған 94 «Медициналық сынып» бүгінде балаларды мамандыққа бағдарлауға бағытталуда. Қарағанды қаласындағы – 25, Теміртаудағы – 4, Балқаштағы – 8, Шахтинсктегі – 4, Сарандағы – 2 сынып оқушыларға ерекше шабыт сыйлауда. Ал, аудандарда ашылған 50 сынып оқушыларға дәрігерліктің қыр-сырын үйретуде. Сондай-ақ, 68 «Педагогикалық сынып» мектеп оқушыларына гуманитарлық пәндерді тереңірек меңгертуде. Бұл орайда құқықтық бағыттағы 5 «Жас сақшы» мектебі мен «Экологиялық сынып» және «Агро сынып», «IT-сыныптардың» бар екенін тілге тиек еткен жөн.

Мәселен, былтыр Теміртау қаласының №17 орта мектебінде «Жас сақшы» сыныбы ашылды. Құқық қорғау органдарының қыз­метіне қызығушылық танытатын оқушылар ант қабылдады.

– «Жас сақшы» балаларда патриотизм сезімін, заңға құрметпен қарауды және өз елін, қоғамын қорғауға дайын болуды қалыптас­тыруға көмектеседі. Оқушылар мектеп кезінен адалдық, құрмет және заңға беріктікті санаға сіңірсе, халықтың мүдделерін қорғап, қылмысқа қарсы күресуге және барша үшін қауіпсіз қоғам құруға үйренеді, – дейді мектеп директоры Сәуле Тактаева.

Оған қоса биыл оқушылар үшін «Жұмысшы мамандықтарының жылында» жазғы демалыста жұмыспен қамтылуын ұйымдас­тыру көзделген.

– Биыл 137 439 баланы жұмыспен қамту жоспарланған. Оның ішінде әлеуметтік осал топтардан 16 мың бала бар. Жаздың алғашқы айында бұл жұмыстар белсенді жүзеге асырылуда. Жұмыспен 14-18 жастағы 56 434 оқушыны қамту жоспарлануда. Бұл орайда жасылдандыру бригадалары, мектеп орманшылықтары, мектеп жанындағы лагерьлерде жөндеу-құрылыс бригадалары, кәсіпорындарда, кафелерде, мейрамханаларда жұмыс, «Жасыл ел» бағдарламасы, отбасылық кәсіп бар, – дейді облыстық білім басқармасының басшысы Гүлбақыт Жүнісова.

Жазғы кезеңде мыңға жуық жасөспірім түрлі кәсіпорындарда жұмысқа орналасқан. Қазіргі таңда 4 990 оқушы «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша жұмыс істеуге белсене кірісті.

– Облыста «Жасыл ел» жобасы аясында жастарды маусымдық жұмысқа орналастыру жобасы бірінші жыл емес. Мұндай бағдарлама – барлық әлеуметтік аударымдармен 14 жастан бастап, жұмысқа орналастыруға мүмкіндік беретін бірегей және жалғыз құрал. Өткен жылмен салыстырғанда орындар саны 4 820-дан жоспарланған 4 990-ға дейін өсті. Соңғы жылдары сарбаздардың жалақысы да өсті. Олар 14-15 жастағы қатысушылар үшін 85 мың және 16 және одан жоғары жастағы адамдар үшін 105 мың теңгені құрайды. Сондай-ақ, осы жоба шеңберінде және кәсіптік бағдар беру жұмысын ұйымдастыру мақсатында пилоттық режимде – теміржол, техникалық, ауыл шаруашылығы арнайы жасақтарын енгізу жоспарлануда. Оларға мектеп бітіруші сынып оқушылары мен колледж студенттері кіреді, – деп атап өтті облыс­тың жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Айсұлу Ерниязова.

Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, биыл сондай-ақ, 14 мыңнан астам бала туристік жұмыспен қамтылады. Оның ішінде жорықтар, экскурсиялар, таныс­тыру және туристік сапарлар бар.

– 46 мыңнан астам бала шығармашылық жұмыспен айналысады. Барлық 45 мемлекеттік қосымша білім беру ұйымдары және мемлекеттік тапсырысты алған 28 жеке ұйым бекітілген кес­теге сәйкес жазғы кезеңде жұмыс істейтін болады, – дейді Гүлбақыт Серікжанқызы.

«Жұмысшы мамандықтарының жылында» оқушылар үшін интеллектуалды жұмыспен қамту, оның ішінде, актив мектебі, тілдік мектептер, дебат мектептері жұмыс істейді. Облыстағы барлық мамандандырылған мектептер мен инновациялық лицейлерде жазғы тіл мектептері мен тілдік курстар, бейінді лагерьлер өтуде.
Айта кеткен жөн, кәсіптік бағдар беруді одан әрі дамытуда Қарағандыда студенттер мен түлектер, оқушыларға өздерінің қабілеттері мен мүдделерін ескеретін бағдар беруші де іске қосылған. Кәсіп пен оқу орнын саналы түрде таңдауға көмектесетін AI-кәсіптік бағдар берушімен «Кәсіпқой әлем» кәсіптік бағдар беру кабинеті де ашылды.

Кабинетке жаңа кәсіптер атласы, мансаптық өсу және жалақы туралы ақпарат, сондай-ақ жасанды интеллект ұсыныстары бар тесттер кіреді. Өңірде profiway платформасы – жастарды жеке ерекшеліктерін ескере отырып, кәсіпті саналы түрде таңдауға дайындау үшін кешенді кәсіптік бағдарлау құралы да әзірленді.

Ал, Skills платформасы «Enbek» мек­теп оқушыларына жаңа дағдыларды игеруге немесе бұрыннан бар дағдыларды жетілдіруге мүмкіндік беретін әртүрлі салаларда тегін және ақылы курс­тардың кең таңдауын ұсынады. Бүгінгі таңда платформада 1 294 курс бар, оның 322-сі – тегін.

Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button