Жаңалықтар

Мамандыққа адал жандар

Мамандықты дұрыс таңдап, жұмысына шын берілген, оның қыр-сырына тереңірек үңіле білетін жандарды көргенде, қуанамын. Кеншілер өлкесінің рухани ордасы – Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада Айнұр Шаймұханбетова­ бастап, Гауһар Умбединова қоштаған іргелі ұжымда осындай мамандығына адал жандар жұмыс істейді. Тоқсан жылдық тарихы бар кітапханада мыңдаған оқырманға қызмет көрсеткен кітапханашылардың еңбегі ерен.

Суреттер автордан

Менде де басында «Кітапхана – кітап алатын орын» деген ұғым болды. «Өз мамандығым бойынша жұмыс тапқанша жүре тұрайын» деп келдім. Ал, қазір осы рухани ордада жұмыс істеп жүргеніме жиырма жыл болыпты. Себебі, осы салаға қызықтыра білген, дұрыс жолды көрсете білген жақсы адамдар кездесті. Кітапханашының қажырлы еңбегі жайында өз білімдері мен тәжірибелерімен бөліскен Шолпан Баймурзина, Галина Долженко, Фания Тимершина, Валентина Иосифовна сынды білікті мамандарға алғысым шексіз. Олар – менің әрі ұстазым, әрі тәлімгерім.

Кітапханаға ұзақ жылдар басшылық еткен Жанна Шаймұханбетова рухани орданың ақпараттық және мәдени-ағарту орталығы ретінде беделін көтеріп, компьютерлендіру деңгейі бойынша республикадағы көшбасшылар қатарына қосқан. Үздік шетелдік кітапханаларда алған білімі мен дағдысын Қарағанды облысының кітапхана кеңістігінде сәтті жүзеге асырды.

Облыстық әмбебап ғылыми кітапханалар жұмысының негізгі бағыттарының бірі – өлкетану саласы. 1980 жылдары өлкетану секторынан бастау алған кітапханадағы өлкетану жұмысының статусы 1996 жылы белгіленген. Кітапханаға келгенімде осы өлкетану бөліміне қабылдандым. Мені осы бөлімнің меңгерушісі Г.Долженко қарсы алды. Оның кісінің маған көрсеткен әр қызметінің шынайлығының арқасында осы уақытқа дейін осы бөлімде қызмет етіп жүрмін.

Марқұм Галина Петровна – кітапханалық өлкетану жұмысына кәсіби тұрғыда ерекше көңіл бөлген жан. Ол кісінің авторлығымен «Облыстық кітапхана – аймақтық өлкетану орталығы» бағдарламасы даярланды. Қажырлы еңбегінің арқасында «Өлкетану» клубы құрылып, кітапхана өлкетанушылардың, ақын-жазушылардың, журналистердің, оқытушылардың, студенттердің кездесетін орнына айналды. Көптеген кітапханалық іс-шараның ұйымдастырушысы, кез келген адамның бабын таба білген Галина Петровнаның «Оқырманның сұрағанын тез тауып берсең, жылы жүзбен оқырманға ерекше қызмет көрсетсең, нағыз кітапханашысың» – деген сөзі үнемі жадымда.

Сондай-ақ, кәсіби біліктілігіммен ұжымға сыйлы жандар Шолпан Сейітқалиқызы мен Фания Харисовнаның мен үшін орны бөлек. Бұл кісілерден көп нәрсе үйреніп, тәжірибем жетіле түсті.

Ағылшын-неміс тіліне жетік Шолпан Сейітқалиқызы кітапхананың шет тілдерін насихаттаумен, оқырмандарды әлемдік көркем мәдениет құндылығына баулуға, қазақтың рухани мұрасын дәріптеуге отыз бес жылын арнаған. 2000 жылдары Шолпан Сейітқалиқызының белсене араласуының арқасында «Ағылшын тілі мұғалімдері Ассоциациясының Орталығы» жобасы жасалып, нәтижесінде, «Сорос-Қазақстан» қорының грантын жеңіп алды. Ол – Қарағанды педагогикалық институтын ұзақ жыл басқарған Сейітқали Баймурзиннің қызы. Әке жолын лайықты жалғау деген – осы.

Кітапхананың негізгі міндетінің бірі – ғылыми-әдістемелік жұмысы. Кітапханамыздың облыс кітап­ханаларына әдістемелік көмек көрсететін кітапхананы дамыту бөлімі бүгінгі таңда республика кітапханалар арасында өте беделге ие. Бөлімнің танымал болуына 1996 жылдан 2013 жылға дейін бөлімді басқарған Ф.Тимершинаның еңбегі орасан. Фаина Харисовна «Атамекен», «Қазақ әдебиетінің әлемі», «Кітап қорының сақталуы» атты бағадарламалары мен «Кітапханаларды дамытуға 10 аймақтық орталық», «Ауыл энциклопедиясы» сияқты көптеген керемет жобаларды әдістемелік қызметтің даму барысын жаңа сапалы деңгейде көтеру жолында барлық мүмкіндіктерді пайдаланып іске асырып, табысты еңбек жасады.

Шын көңілмен, махаббатпен істелген жұмыс қана нәтиже бермек. Сондай мамандығына адал жандардың бірі – Валентина Пак. Ол 1977 жылдан бастап осы кітапханада табан аудармастан еңбек етіп келеді.

Валентина Иосифовна – кітап­ханада әр жас маманға еңбек жолында кездескен қиындықтарды өткеруге, өзінің кеңесі мен қолдауын аямайтын ақжарқын жанның бірі.

Негізін кітапхананың бұрынғы басшысы Дина Аманжолова қалаған «Жыр-Жауһар» поэзия клубы бүгінде үлкен орталыққа айналған.

Кітапхананың «Karlib.kz» сайтының жөні бір бөлек…

Өзім қатарлы орта буын өкілдері мен жастар да қажырлы еңбек етуде. «Өнер әдебиеттері» бөлімінің басшысы Балжан Оспанқұлованы ерекше атап айтар едім.

Осындай білікті мамандарға қарап, қоғамда кітапханашы мамандығының беделі жоғарылап, мәртебелі мамандық ретінде танылады деп сенемін.

Сандуғаш ТЕЛПЕКБАЕВА,
өлкетану әдебиеттері бөлімінің басшысы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button