Маман құзыреті артады
Биыл жарияланған «Жұмысшы мамандықтарының жылына» орай Денсаулық сақтау министрлігі орта медициналық персоналды даярлау тәсілдерін қайта қарастырып жатыр. Қолға алынған бастама болашақ мейіргерлер мен фельдшерлердің білімі мен құзыреті сапасын арттыруға бағытталған.

Орта медициналық персоналды даярлау жүйесінде орын алатын өзгерістер студенттерді оқыту процесіне қатысты. Атап айтқанда, студенттердің практикалық дағдыларын күшейту, колледждерді жарақтандыру стандарттарын қайта қарау, оқытушылар құрамына қойылатын талаптарды арттыру, тәлімгерлік институтын енгізу. Сонымен қатар, мейіргер ісінің бас штаттан тыс кураторларын тағайындау жұмыстары жүргізілетін болады.
Мұның алдында «Медбике ісі» мамандарын даярлаудың көпдеңгейлі жүйесі енгізілген еді. Жұмыс істейтін медбикелерге жеделдетілген және икемді даярлау бағдарламалары бойынша жоғары және орта білімнен кейінгі медбикелік білім алуға мүмкіндік беретін «Медбике ісі» бойынша академиялық және қолданбалы бакалавриаттың біріктірілген бағдарламалары әзірленді.
Білікті медициналық кадрларға деген қажеттіліктің артуы жағдайында орта медициналық персоналды даярлау стратегиялық маңызға ие болады. Бүгінгі таңда әлеуметтік қолдау шаралары есебінен өңірлердегі орта медициналық персоналдың тапшылығы 7%-ға төмендеді.
Дерекке сүйенсек, Қарағанды облысының медицина колледждерінде 4 700-ден астам студент оқып жатыр. Студенттердің ең көбі Қарағанды облыстық жоғары мейіргерлік колледжінде білім алуда. Онда 2 082 студент бар. Қарағанды интерколледжде – 1 342 адам, Теміртау медициналық колледжінде – 728 студент және Балқаш қаласындағы медициналық колледжде 630 студент тіркелген.
Жансая ОМАРБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»