Маман тапшылығы алаңдатады
Елде медицина мамандарының тапшы екені рас. Былтырғы Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәселенің әлі де өзекті екенін айтып, «Бұл мәселені шешу үшін, ең алдымен, медицина саласындағы білім сапасын барынша арттырған жөн», – деді. Аймақта Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыруға бағытталған жұмыстар бірден қолға алынды. Мәселен, биылдан бастап, түлектерге жоғары және колледжден кейінгі жоғары оқу орнына түсуге гранттар берілмек. Білім беру гранты мектеп және медициналық колледж түлектері арасында тағайындалады. Бұл кадрлық тапшылықты жоюға мақсатты бағытталған шаралардың бірі болмақ. Бастаманың басты талабы бойынша түлек «бакалавр» деңгейін ала отырып, облыстың денсаулық сақтау басқармасы арқылы ғана жұмысқа орналасады.
Әуелі тегін білім алуға, кейін жұмысқа тұрғызуға мүмкіндік беретін бастама облыс әкімдігінің қолдауымен жүзеге асады. Денсаулық сақтау басқармасының дерегінше, бастама беретін мүмкіндік көп. Жалпы, медицина мамандарының тапшылығын шешу үшін, мамандықтың мәртебесі мен әлеуетін арттыру үшін бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. Былтырдан бері жалпы практика дәрігері, акушер-гинеколог, педиатр және анестезиолог-ревматолог мамандар ауылдық жерлерге барып, кемі бес жыл жұмыс істесе, 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде бір реттік төлем алады. Оның көлемі былтыр 8,5 млн теңгені құрады. Одан бөлек, 5 млн теңге көлемінде қаражатты кардиолог, терапевт, нейрохирург, рентгенолог, реабилитолог сынды мамандар алады. Ауылға барған хирургтар, невропатологтар мен офтальмологтар 3 млн теңге алады. Сондай-ақ, акушерлер, фармацевттер, медбикелер мен фельдшерлерге 1,5 млн теңге беріледі. Өткен жылы осындай қолдау игілігін 63 маман көрді. Олардың әрқайсына 1,5 миллионнан 8,5 миллион теңгеге дейінгі көтермелеу ақысы төленді. Ол үшін 407 млн теңге қарастырылған. Биылғы дерек бойынша ауылдық медицина әлеуеті 70 маманмен толығады. Бұл мақсатта 419 млн теңге қарастырылып отыр.
Қызметтік пәтермен қамту – мамандарды жан-жақты әлеуметтік қолдаудың жарқын көрінісі. Өткен жылы медицина мамандарына барлығы 203 пәтер бөлінді. Оның көбісі, яғни, 94 пәтер облыс орталығынан, 30 пәтер Балқаш қаласында, 35 пәтер Теміртауда, 40-ы – Бұқар жырау ауданының Доскей ауылында және төрт пәтер Шет ауданында берілді. Игі іс биыл да жалғасын табады. Нұра ауданында жас мамандарға арнап, 14 пәтерлі үйді қолданысқа беру жоспарланған. Осы ретте Қарағанды қаласындағы «Жаңа қала» ықшам ауданында медицина қызметкерлеріне арналған тұрғын үй кешенінің құрылысы бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын да атап өту керек. Перинаталдық көмек бағытындағы кадр тапшылығы мәселесін шешу үшін екінші деңгейлі банктер арқылы әрекеттер алгоритмі қарастырылуда.
Алыс-жақын шет елдерде білімін жетілдіріп келіп жатқан жас мамандардың да қатары күн санап өсуде. Мәселен, былтыр аймақтың 106 дәрігері Германия, Финляндия, Испания мен Ресей елдеріне барып, білім мен тәжірибесін арттырып қайтты. Бұл мақсатта денсаулық сақтау басқармасы 300 млн теңге бөлді. Білім алушылар балалар нейрохирургиясы, кардиология, кардиохирургия, инсульттік орталықтардың жұмысы, анестезиология, реаниматология, онкологиялық нейрохирургия және басқа да бағыттарды қамтыды. Персоналды оқыту мен қайта даярлау мақсатында медциналық ұйымдар да қаражат бөліп отыр. Соңғы жылдары кезең-кезеңімен көтерілген медицина мамандарының еңбекақысы жас мамандардың қызығушылығын оятады. Мәліметке сәйкес санаты мен еңбек өтілі жоқ жас маман қосымша ақыларсыз қолына 250 мың теңге алады.
Резидентурада оқимын деген жастарға бөлінетін грант саны артпаса, кеміген жоқ. Жыл сайын 90-ға жуық грант бөлініп келеді. Денсаулық сақтау басқармасының дерегінше, қазіргі уақытта жергілікті бюджет есебінен 182 резидент білім алып жатыр. Оның 52-сі биыл аяқтайды. Олар – акушер-гинекологтар, неврологтар, психиатрлар және басқалары. Өткен жылы 93 грантқа 569 млн теңге бөлінсе, биыл 617 628 млн теңге қарастырылған. 2026 жылы – 648 509 млн теңге, ал, 2027 жылы 680 934 млн теңге бөлініп отыр.
Аймақта альма-матер – Қарағанды медицина университетін жылына мыңнан астам түлек тәмамдаса да кадр тапшылығы өзектілігін жоғалтпай, күн тәртібінен түспей келеді. Оның негізгі себептерінің бірі – білім алушылардың көпшілігі өзге өңірлерден, әсіресе, Түркістан облысынан келгендер. Жалпы, былтыр ел бойынша медициналық білім орындарын 10 мыңан астам түлек аяқтады. Олардың жартысынан астамы тегін оқып, бітірді. Жұмысқа орналастыру жөніндегі жергілікті комиссиялардың шешімдерімен республикалық бюджет грантымен оқыған түлектердің 76%-ы бөлінді. Оның ішінде, қалаға 2, 8 мың маман, ауылдық жерлерге – 1,2 мың маман жіберілді.
Денсаулық сақтау министрлігі медицина кадрларының тапшылығын шешу жолдарының бірі ретінде жоғары оқу орындарының түлектерін бөлу тетігін тиімдірек етуді ұсынады. Қазіргі уақытта медициналық оқу орындары түлектерінің үштен біріне жуығы бөлу бойынша жұмыс істемейді. Жұмысқа орналасу үшін жеке медициналық ұйымдарды артық көреді. Қалай болғанда да кадр тапшылығына қатысты мәселе толығымен шешілмей тұр. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегіне сәйкес өткен жылы дәрігерлердің тапшылығы 19%-ға – 4 864 маманнан 3 954-ке дейін қысқарған. Ал, орта медицина қызметкерлерінің тапшылығы 7%-ға қысқарған, яғни, 4 820 адамнан 4 505-ке дейін төмендеді.
Министрліктің ең тапшы мамандар тізімінде терапевттер, жалпы практика дәрігерлері, акушер-гинекологтар, анестезиологтар-реаниматологтар, хирургтар мен педиатрлар алдыңғы қатарда тұр.
Жансая ОМАРБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»
Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ